Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тасжолда тазалық қашан орнайды?

0 67

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» авто- дәлізі еліміз бойынша мегажоба атанған еді. Аталған тасжол кәрі құрлық пен аспан асты еліне тікелей дәліз ашады деп көзделген. Жоба құрылысы жоспарлы кезеңде аяқталғанымен, жол бойындағы қызмет көрсететін кластер бүгін де сын көтермей тұр. Жолаушыларға әлі күнге санитарлық жағдайы күмәнді асханалар мен демалыс орындары қызмет көрсетіп тұрса, әжетханаларына аяқ басып кіру мүмкін емес. Ал осы сапасыз қызмет түріне тағы ақы сұрайтынына не дерсің?

Жамбыл облысының 500 шақырымға жуық жерімен өтіп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізімен тәулігіне мыңдаған көлік жүруде. Міне, осы жүргізушілерге сапалы жолдан бөлек, санитарлық талапқа сай тынығатын орындар керек. Бұл мәселені шешу үшін Жамбыл облысына тағайындалған әкімдердің барлығы түрлі жобалар ұсынды. Бірі жол бойынан сүт өнімдерін сататын орындар ашуды ұсынса, енді екіншілері бес жұлдыз- ды қонақүй салу бастамасын көтерді. Алайда қандай жоба айтылса да сол айтылған жерінде қалып келеді. Қарапайым әжетхананы ретке келтіре алмай жатқанымыз – жергілікті биліктің жұмысына үлкен сын. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолымен күнделікті жүздеген турист те өтіп жатады. Біздің жол бойындағы шыбыны үймелеген әжетханамызды көрген олар қандай күйде кетеді екен?
Мәселен, Қордай ауданындағы Қайнар өткізу пунктінде темір контейнерден кафе ашып қойса, қажеттілікті өтейтін орнына кіру мүмкін емес. Жағымсыз иіс қолқаңды қауып, үймелеген шыбын көзіңді тұтып қалады. Міне, осы қызмет түрі үшін біреулер ақы алып отырса, санитарлық тексеріске жауаптылар «көрсе де көрмедім» болып отырғаны таңғалдырады.
Аталған мәселе жүргізушілер мен жолаушылардың да жүйкесін жұқартқан.
– Жол бойындағы кафелер қолдан қазған әжетханалары үшін 100 теңгеден алады. Бұл жерге жазда жағымсыз иістен кіру мүмкін болмаса, қыста гулеген желден отыру мүмкін болмайды. Мәселе 100 теңгеде емес. Неге халықаралық автодәліз бойында сапалы қызмет орындары жоқ? Осы мәселе жауаптыларды неге ойландырмайды? – дейді жүргізуші Валерий Косицын.
Ал «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізіне жауапты «ҚазАвтоЖол» мекемесінің ақпаратына сүйенсек, аталған жол бойынша 62 қызмет көрсету орны бар екен.
– Қызмет көрсету орындарындағы қоқыстарды шығару мен тазалық мәселесіне «ҚАЖсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Бүгінде олар өздеріне жүктелген міндетті жоспарлы түрде орындауда.
Жол бойынан жаңа қызметтік орындарды ашу оңай шаруа емес. Ол үшін инфрақұрлым тарту керек. Сондай-ақ құжаттарын рәсімдеу де біраз уақытты алады. Ал жекеменшік нысандар өздері ұсынып отырған қызметтерін ақылы қыла ма, тегін қыла ма, өз еріктерінде, – дейді «ҚазАвтоЖол» мекемесі өңірлік филиалының директоры Айжан Туғанова.
Бұл жерде мемлекеттік жерді жалға алған кәсіпкерлердің де кінәсі орасан. Олай дейтініміз, олар жерді кәсіп ашуға алғанымен, барлығы бірдей бұл міндеттемені орындамауда.
Айжан Туғанованың айтуынша, жол кластерінің дамымауының басты себебі – қаржыландыру. Қаржы көздері аз болғандықтан жол бойындағы қыз- мет көрсететін орындар жаңармай келеді екен.
Ал облыс әкімдігі туризм және инвестиция басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, жол бойындағы 57 қызмет көрсету орнының 54-і стандартқа сай екен. Тек Байзақ ауданындағы «Ақжол» және Мойынқұм ауданындағы «ҚазМұнайГаз» мекемелерінің қызметі сапасыз болып тұрған көрінеді.
– Аталған қызмет көрсету орындарында санитарлық талаптар толық сақталмаған. Мүгедектігі бар азаматтардың кедергісіз қозғалуына мүмкіндік жасалмаған. Сондай-ақ көлік тұрағы мен қоқыс тас- тайтын орындар қаралмаған, – дейді туризм басқармасының мамандары.
Қазіргі таңда Меркі ауданында «Навек», Т.Рысқұлов ауданында «Бауырсақ» және Жамбыл ауданында «Дербес» қызмет көрсету орындары салынуда. Жобалаушылардың айтуынша, аталған нысандар барлық талапқа сай болатын көрінеді. Сондай-ақ Жуалы ауданында да «Тау Кент Барлау» жол бойында қызмет көрсету орнының құрылыс жүргізілуде. Бұл, әрине, жанға жылу беретін ақпар. Алайда аталған жобалар қашан аяқталатыны нақты белгісіз.
– Құрылыс жұмыстары тікелей бақылауымызда. Нысандардың иелері және демеушілерімен құрылысты дер кезінде аяқтау туралы күнделікті жұмыс жүргізілуде. Бұйыртса, бұл нысандар халықаралық стандартқа сай қызмет көрсету орындарына айналады, – дейді туризм және инвестиция басқармасының мамандары.
Әрине, бұл – құп көретін бастамалар. Алайда 3-4 нысанмен жол бойындағы қажеттілікті толықтай өтеуге бола ма? Бұл да басы ашық мәселе күйінде қалып отырған жайт.
Өткен жылы мәжіліс депутаттары жол бойындағы қызмет көрсету орындарының сапасыздығына байланысты Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдаған болатын. Сол кезде 2030 жылғы дейін халықаралық дәліз бойынан 200 заманауи қызмет көрсету орны салынатыны айтылған. Міне, 2026 жылдың аяқталуына да 3 айдан астам уақыт қалды. Әзірге 3-4 нысанның ғана құрылысы жүргізілуде. Қалған 3 жылда 200 заманауи кешен бой көтереді дегенге сену қиын. Біріншіден, бұған қомақты қаржы керек болса, екіншіден, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының жыл өткен сайын бүлінген тұстары көбеюде. Мұндай жағдайда жаңарту былай тұрсын, жыртықты жамаудың өзі мұңға айналатын сияқты.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.