Қала тазалығы мен көркі – баршаға ортақ жауапкершілік. Осы мақсатпен Тараз қаласында тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, қоғамдық орындардың санитарлық жай-күйін жақсарту және жасыл желекті көбейту бағытындағы жұмыстар аудан аумағында жүйелі түрде жүргізілуде.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы №282 бұйрығымен бекітілген «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидалары» қолданысқа енгізілді. Жаңа талаптар жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ аула мен қоғамдық аумақтарды күтіп ұстауға жауапты тұлғаларға ортақ міндеттер жүктейді.
Үлгілік қағидаларға сәйкес, әрбір меншік иесі өз нысанына іргелес аумақтың тазалығын сақтауға, арамшөптерді уақтылы шабуға, жасыл желекті күтіп-баптауға және аумақты ретке келтіруге жауапты. Іргелес аумақ ғимаратқа, құрылысқа немесе қоршауға тікелей жанасатын, периметрі бойынша бес метр шегіндегі аумақты қамтиды. Сонымен қатар қоқысты белгіленбеген орындарға тастауға, құрылыс қалдықтарын тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге орналас- тыруға және қоғамдық аумақтарды ластауға жол берілмейді.
– Осы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатымен Жібек жолы ауданы әкімінің бас инспекторлары мен учаскелік полиция инс- пекторлары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылауда.
Нәтижесінде қыркүйек айында абаттандыру қағидаларын бұзған 145 тұрғынға ескерту берілген болатын. Аталған азаматтардың басым бөлігі көрсетілген талаптарды уақытылы орындап, аумақтарын ретке келтірді. Күл-қоқыс белгіленген орындарға шығарылып, құрылыс материалдары тиісті орындарға орналастырылды.
Сонымен қатар аудан әкімінің бас инспекторлары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабы аясында 6 ескерту берген. Аталған бап қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейді. Құқықбұзушылықтың сипаты мен заңда белгіленген тәртіпке қарай ескерту немесе айыппұл түріндегі шаралар қолданылуы мүмкін. Сондықтан талаптарды сақтау және анықталған кемшіліктерді уақытылы жою – әрбір тұрғын мен кәсіпкердің міндеті, – дейді Жібек жолы ауданы әкімінің орынбасары Диас Әжіман.
Аудан аумағын таза ұстау жұмыстары сенбіліктер арқылы да жалғасын табуда. Ұйымдастырылған тазалық шараларына 160 мекеме, кәсіпкерлер мен тұрғындар қатысып, жалпы саны 1 300-ге жуық адам қамтылған. Нәтижесінде 300 тонна қоқыс шығарылып, көшелер мен қоғамдық орындардың санитарлық жағдайы жақсарды.
– Республика күні қарсаңында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «Қызылабад» алабында 2 мың түп тұт ағашы отырғызылды. Бұл бастама елді мекеннің жасыл желегін арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және келешек ұрпақ үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ «Құмшағал» шағынау- данында балалар ойын алаңшасының ашылуына орай сенбілік ұйымдастырылды. Шара барысында 50 түп терек пен 150 түп қарағаш көшеті отырғызылды. Тұрғындардың белсенді қатысуымен өткен шара шағынауданның көркеюіне серпін беріп, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада демалуына жағдай жасауға үлес қосты.
Тазалық пен тәртіпті сақтау тек сенбілік кезінде ғана емес, күнделікті өмір салтына айналуға тиіс. Әр тұрғын өз ауласын таза ұстап, іргелес аумақты күтіп-баптап, қоқысты арнайы белгіленген орындарға шығаруы қажет. Кәсіпкерлер мен мекеме басшылары да өз нысандарының айналасын ретке келтіріп, абаттандыру талаптарының орындалуына жауапкершілікпен қарағаны маңызды, – дейді Диас Қыдырәліұлы.
Таза орта – ортақ еңбектің нәтижесі. Қаланың көркеюі әр тұрғынның тазалыққа деген жауапкершілігінен басталады. Сондықтан барша аудан тұрғындарын абаттандыру қағидаларын сақтауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосуға шақырамыз.
Арайлым ШАБДЕНОВА