Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жеткіншектер жүгенсіз кетпесін десек…

Таразда жасөспірімдер қылмысының алдын алуға баса назар аударылуда

0 68

Жамбыл облысы десе, әуелі Тараз қаласы еске түсетіні белгілі. Оған себеп – көне шаһар көпестерімен ғана емес, тентектерімен де танылған өлке. Сондықтан жасөспірімдердің арасында құқықбұзушылықтың терең тамырлануы кімді болса да алаңдатпай қоймайды. Құқықтық мемлекетке қадам басқан шақта саналы адам қалыптастыру елдің басты міндеттерінің бірі болатын болса, оны іске асырудағы мақсат жасөспірімді жаңа рухта, жаңа көзқараста тәрбие- леуден айқын көрінеді.

Бесіктен белі шықпай жатып, әрбір оғаш қадамына селт етпей сергек қараған жасөспірімдердің қылмыстық әрекетке баруына байланысты себеп не? Болашақ өмірі мен тағдырын бейтарап қалдырмайтын кез келген адамның осы сұраққа жауап іздейтіні анық. Мамандардың айтуы бойынша, жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге баруы көбіне отбасындағы тәрбиенің әлсіздігіне, әлеуметтік ортаның теріс ықпалына және бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты туындайды екен. Сондықтан кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата- аналардың және жалпы қоғамның ортақ міндеті.
Облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Азат Пірматовтың айтуы бойынша, аталған мәселеге байланысты кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде күшейтілуде. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға ерекше назарға алынған.
– Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты тіркелген қылмыстар саны 15,2 пайызға, 99-дан 84-ке дейін төмендеді.
Бүгінгі таңда облыстағы 531 мектеп пен 42 колледжге жаңа оқу жылының басталуына байланысты 785 полиция қызметкері бекітіліп, білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Бекітілген қызметкерлер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.
Есепті кезеңде 390 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне қатысты ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаған 141 ата-ана профилактикалық есепке қойылды. Сонымен қатар 18 кәмелетке толмаған арнайы білім беру ұйымдарына орналастырылып, 47 ата-ана құқығынан айырылды. Бұл ретте мақсат – жазалау емес, ең алдымен, баланың қауіпсіз ортасын қамтамасыз етіп, отбасыға қажетті профилактикалық және әлеуметтік қолдау көрсету, – дейді Азат Жаңабекұлы.
Осыған орай балалардың қауіпсіздігі үшін білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау жүйе- лерін жетілдіру жұмыстары да қарқын алған. Қазіргі уақытта мектептердегі бейнебақылау камераларын Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары кезең- кезеңімен жүзеге асырылып жатыр екен. Бұл білім беру ұйымдарындағы жағдайды жедел бақылауға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қажет болған жағдайда полиция қыз- меткерлерінің шұғыл әрекет етуіне мүмкіндік бермек.
Бұл ретте жеткіншектердің жолдан таймауына олардың құқықтық мәдениетін қалыптас- тыру ісін қолға алу аса маңызды болып отыр. Аталған бағытта «Жас сақшы» жобасына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Жоба аясында облысымызда республикалық форум өткізіліп, оған еліміздің әр өңірінен жас сақшылар қатысқан. Форум барысында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, патриоттық тәрбиені күшейту, құқық қорғау саласына қызығушылықты арттыру және полиция қызметінің маңызын түсіндіруге бағытталған іс-шаралар ұйымдас- тырылған. Қазіргі уақытта өңірімізде 43 «Жас сақшы» сыныбы ашылып, 900-ге жуық бала осы жобамен қамтылған.
Сонымен қатар балалармен күнделікті тікелей жұмыс жүргізетін ювеналдық полиция қызметкерлерінің тиімді қызмет атқаруына қажетті жағдай жасау бойынша нақты шаралар қолға алыныпты.
– Полиция департаментінің ұсынысы облыс әкімдігі тарапынан қолдау тауып, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларын тоқсан сайын қызметтік көрсеткіштері мен атқарған жұмыстарының нәтижелері бойынша қаржылай ынталандыру тетігі енгізілді.
Сонымен қатар ювеналдық полиция бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Қызметкерлерге 13 жаңа қызметтік автокөлік берілді. Бұл автокөліктер полиция инспекторларының білім беру ұйымдарына, профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер мен олардың отбасыларына жедел баруын, сондай-ақ профилактикалық іс-шараларды уақтылы ұйымдастыруын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді А.Пірматов.
Бұдан бөлек, жасөспірімдердің «жаман жолға» түсуінің себебін анықтауға байланысты арнайы талдау жүргізілген. Нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың негізгі себептері айқындалған. Олар – ата-ана бақылауының жеткіліксіздігі, балалардың қараусыз қалуы, әлеуметтік қолайсыз ортаның әсері, бейресми көшбасшылардың ықпалы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы теріс ақпараттың таралуы, тұрмыстық жанжалдар, сондай-ақ жекелеген отбасылардың материалдық жағдайының төмендігі.
Осыған байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында 7 756 дәріс пен түсіндіру кездесуі өткізілген. Тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық жадынамалар, буклеттер мен брошюралар таратылуда.
Сонымен қатар интернет-ресурстарда 1 955 бейнеролик жарияланып, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік бейнематериалдар көрсетілуде.
– Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың 173 отырысы өткізілді. Қазіргі уақытта профилактикалық есепте 277 қолайсыз отбасы және 176 кәмелетке толмаған тұр.
Жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында ішкі істер органдарына 9 084 кәмелетке толмаған жеткізіліп, 8 988 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Оның ішінде 7 716 дерек – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуы, 1 476 дерек – ата-аналардың бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамауы, 245 дерек – кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол беру, 237 дерек – ұсақ бұзақылық, 63 дерек – алкоголь өнімдерін тұтыну және 48 дерек буллинг және кибербуллинг фактілері бойынша тіркелді, – дейді полиция майоры.
Балалардың құқықбұзушылыққа әуестігінің негізгі себебі ретінде психологтар да ата-ананың баласына тиісті деңгейде көңіл бөле алмауынан орын алатындығын айтады.
– Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, бақылаусыз кеткен балалар. Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе, маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын бағамдай беріңіз.
Психологиялық тұрғыдан алғанда, жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себеп – отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі. Сондай-ақ баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау, жасөспірімдердің кімдермен дос болып жүргенін білмеудің де соңы ауыр жағдайларға апарып жатады.
Жасөспірімдерге әлеуметтік өмір туралы ақпараттың жетпеуі, қоршаған ортасындағы жас ерекшеліктің де әсері бар. Кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу бала бойынан негативті дүниелерді қалыптастырады. Ал ата-ана баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауының соңы қылмысқа апарып жатады. Кейбір ата-ананың өзінің бойында ондай қасиет пен таным-түсінік болмауы мүмкін. Ондай жағдайда баламен тиісті мамандар жұмыс жасауы керек, – дейді педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, психолог Айсұлу Тасымова.
Қалай болғанның өзінде Қазіргі таңда негізгі басымдық – құқықбұзушылықтың салдарымен күресу емес, оны алдын ала болдырмау, әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдердің заңды мүдделерін қорғау екенін түсіну қажет. Сол себепті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – баршамызға ортақ міндет. Әсіресе, жеткіншектердің дұрыс тәрбие алып, болашаққа дұрыс жол салуына көңіл бөлу қажет. Себебі бүгінгі жас ұрпақ – еліміздің ертеңі. Сондықтан әрбір балаға оң мен солын үйрету, қауіпсіз орта қалыптастыру және құқықтық сананы нығайту бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізу аса маңызды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.