Кеше Таразда денсаулық сақтау жүйесіне 2 заманауи жылжымалы медициналық кешенді табыстау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева және медицина саласының өкілдері қатысты.
Шара барысында аймақ басшысы тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңыздылығына айрықша тоқталды.
– Жамбыл облысында ауыл халқының үлесі жоғары. Елді мекендердің арақашықтығы да медициналық қызметті ұйымдастыруға ерекше талап қояды. Сондықтан біздің алдымыздағы басты міндет – азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы медицинаға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл ретте «Қазақстан халқына» қорымен арадағы әріптестік өңіріміздегі маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуге елеулі үлес қосып келеді.
Бүгінде қор Жамбыл облысында жалпы құны 13,1 миллиард теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асыруда. Оның 9-ы денсаулық сақтау саласына бағытталған. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде сирек кездесетін дертке шалдыққан азаматтарды қымбат дәрілік препараттармен қамту, онкологиялық науқастарды емдеу, балалар нейрохирургиясын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері шешімін тапты. Сондай-ақ ерте араласу және оңалту орталықтарының мүмкіндігі кеңейтіліп, аутизмі бар балаларға арналған орталықтар жабдықталды. Сонымен қатар ауылдық тірек мектептер мен арнайы білім беру ұйымдарының материалдық базасы жаңартылып, балалар мен жастарға арналған спорт инфрақұрылымы дамытылды.
Бұл жобалардың маңызы бөлінген қаржының көлемімен ғана өлшенбейді. Олардың артында денсаулығы қалпына келген азаматтар, қажетті қолдау алған балалар және жаңа мүмкіндікке ие болған ауыл тұрғындары тұр.
Мемлекет, азаматтық қоғам және әлеуметтік жауапты бизнес бір мақсатқа жұмылғанда ғана осындай нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. «Қазақстан халқына» қорымен қалыптасқан серіктестік – соның айқын көрінісі, – деген Ербол Шырақпайұлы бұл бағыттағы бірлескен жобалар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Жалпы құны 1,1 миллиард теңгеден асатын екі арнайы автокөлік «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен сатып алынған. Аталған кешендердің үздіксіз жұмыс істеуі мен қажетті жағдайда сақталуын қамтамасыз ету мақсатымен облыстық бюджеттен 55 миллион теңге бөлініп, арнайы гараж салынған. Кешендердің бірі компьютерлік томография аппаратымен, ал екіншісі маммографиялық және ультрадыбыстық зерттеу жабдықтарымен жарақтандырылған. Осының арқасында енді шалғай ауылдардың тұрғындары күрделі тексеруден өту үшін облыс орталығына келіп әуре болмайды. Себебі жылжымалы кешендер шалғай елді мекендерге арнайы барып, тұрғындардың өздеріне жақын аумақта заманауи диагностикалық тексерулерден өтуіне мүмкіндік береді. Әсіресе, онкологиялық ауруларды ерте анықтау бағытында олардың маңызы зор болмақ.