Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық көлік – халық игілігіне

Тараз бен Аса арасында жаңа бағыт іске қосылды

0 88

Кеше Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылы аралығында қатынайтын әлеуметтік жаңа бағыт іске қосылды. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы және тұрғындар қатысты.

Жиын барысында шаһар басшысы тұрғындарды сапалы қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз етудің маңыздылығына айрықша тоқталды.
– Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары Таразда қоғамдық көлік жүйесін жаңғыртуға, жаңа бағыттар ашып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше ден қойылуда. Осыған орай қаланың 2023-2025 жылдарға арналған Даму жоспарында жыл сайын кемінде 70 қоғамдық көлік сатып алу міндеті көзделген болатын. Аталған жоспарға сәйкес, 2023 жылы – 73, 2024 жылы – 155, өткен жылы 91 қоғамдық көлік алынды. Биыл жыл басынан бері 25 автобус жеткізілді. Осылайша жаңарған қоғамдық көліктердің саны 381-ге жетті. Нәтижесінде жаңа автобус- тардың үлесі 57 пайыздан 82,9 пайызға артса, қоғамдық көлік саны 522 бірлік автобусқа дейін көбейді.
Сондай-ақ қосымша 14 бағыт қосылып, қазіргі уақытта олардың саны 46-ға жетіп отыр. Бұл тұрғыда негізгі басымдық Байзақ және Жамбыл аудандарынан қала құрамына қосылған елді мекендерге берілді. Осының аясында өткен жылы Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылынан Таразға қатынайтын қоғамдық көліктің мәселесі шешімін тапты, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бағыттағы ілкімді істер үздіксіз жалғаса беретінін жеткізді.

Келесі кезекте Е.Қыдыралыұлы мен ауыл ардагерлері сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Айта кетейік, жаңадан ашылған №67 бағыттағы 14 қоғамдық көлік Аса ауылынан бастап Қостөбе, 27-разьезд елді мекендеріне аялдап, әрі қарай Тараздағы Ы.Сүлейменов, Жамбыл, Төле би, Желтоқсан, А.Пушкин, А.Асқаров, Абай, Сыпатай батыр және Мәмбет батыр көшелері арқылы қатынайды. Жүру аралығы 13-15 минутты құрайды.
Автобустардың сызбасы Жамбыл ауданы әкімдігімен бірлесе отырып, халыққа қажетті оқу орындары, медициналық ұйымдар мен сауда орындарына ыңғайлы етіп жасалған.
Жол ақысы да қала тарифімен бекітілген. Яғни, барлық тұрғындар үшін 100 теңге, ал, 18-ге толмаған жасөспірімдер мен балалар үшін 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларының иегерлері, «Батыр ана», «Ана даңқы» ордендерінің I және II дәрежелерімен наградталған көпбалалы аналар және бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар автобуста тегін жүруге құқылы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.