Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Сыңғырла, сырлы қоңырау!»

Биыл Таразда 8 789 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады

0 74

Кеше Білім күніне орай №67 орта мектепте «Сыңғырла, сырлы қоңырау!» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, ізгі тілегін жеткізді.

– Білім күні – әр отбасы үшін ерекше қуанышты, ал ұстаздар мен оқушылар үшін жаңа оқу жылына бастар маңызды мереке. Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін бүгінгі күн – жаңа әрі жарқын кезең.
Биыл шаһарымызда 98 мыңнан аса оқушы жаңа оқу жылын бастаса, оның ішінде 8 789 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр. Өткен оқу жылы қала мектептері үшін толайым табыс- тарға толы болды. Көптеген оқушы халықаралық, республикалық білім бәсекесінде жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға қол жеткізді. Сондай-ақ бірқатар мектепте орын тапшылығы мен оқу кабинеттерінің жетіспеушілігі толық шешімін тапты. Атап айтқанда, №27 орта мектептің жанынан 600 орынды жаңа ғимарат салынса, №54 орта мектеп заманауи үлгіде қайта жөндеуден өткізілді. Нәтижесінде шаһар аумағында соңғы үш жылда 7 жаңа мектеп, 2 жапсарлас ғимарат пайдалануға берілді. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген 4 білім ордасын айрықша атап өткеніміз абзал. Бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру мақсатында келер жылға қаржы мүмкіндіктерін қарастырып, тағы 7 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Мерекелік шараны өнерпаз өрендер концерттік бағдарламамен айшықтап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шара соңында шаһар басшысы білім ордасын аралап, жаңа оқу жылына табыс тіледі.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.