Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһарда кәсіпкерліктің көкжиегі кең

0 62

Тараз – тарихы терең, экономикалық әлеуеті қалыптасқан, бүгінде жаңа даму кезеңіне қадам басқан шаһар. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тіректерінің қатарында өнеркәсіп, кәсіпкерлік, сауда және туризм салалары бар.

Соңғы жылдары облыс орталығында өндірісті әртараптандыруға, жаңа кәсіпорындар ашуға, инвестиция тартуға, шағын және орта бизнесті қолдауға және сауда инфрақұрылымын жаңғыртуға басымдық берілуде. Бұл бағыттардың әрқайсысы өз алдына жеке сала болғанымен, олардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Жаңа өндіріс жаңа жұмыс орындарын қалыптастырса, кәсіпкерліктің дамуы сауда мен қызмет көрсету саласының кеңеюіне жол ашады. Ал қаланың туристік әлеуетінің артуы жаңа кәсіпкерлік нысандардың ашылуына және қызмет көрсету сапасының жақсаруына серпін береді.
Тараз қаласының экономикасында өнеркәсіп саласы ерекше орын алады. Қаладағы өндірістік кәсіпорындар химия өнеркәсібі, металлургия, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және басқа да бағыттар бойынша өнім шығарады.
2026 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Тараз қаласында 414,8 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 108,9 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш шаһар кәсіпорындарындағы өндірістік белсенділіктің жоғары деңгейде сақталып отырғанын көрсетеді. Өндіріс көлемінің артуы кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануымен қатар, жаңа өндірістердің іске қосылуы мен қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртудың нәтижесі болып отыр.
Бүгінде Тараздың кәсіпорындарында минералды тыңайтқыштар мен химия өнімдерінен бастап құрылыс материалдары, азық-түлік, былғары және аяқ киім өнімдері мен металл бұйымдарына дейінгі кең ауқымды өнім түрлері өндіріледі.
Өнеркәсіпті дамытудың маңызды бағыттарының бірі – жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру. Айталық, ағымдағы жылы Тараз қаласында өнеркәсіп саласында жалпы құны 3,85 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 45 жаңа жұмыс орны құрылды.
Солардың бірі – «Alit Holding» ЖШС-нің құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты. Құны 3,6 миллиард теңге болатын жобаның арқасында 30 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ құны 250 миллион теңгені құрайтын «Astana Politech» ЖШС-нің полиэтилен құбырларын өндіру зауытында 15 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жобалардың іске қосылуы құрылыс индустриясын жергілікті өніммен қамтамасыз етуге және импорттық тауарлардың орнын отандық өніммен алмастыруға мүмкіндік береді.
Қаланың өндірістік әлеуетін арттыруда «Тараз» индустриялық аймағының маңызы зор. Индустриялық аймақ жаңа кәсіпорындарды орналастыруға, инвесторларға қажетті инженерлік инфрақұрылым ұсынуға және өндірістік жобаларды шоғырландыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып келеді.
Бүгінде аталған аймақта шағын және орта бизнеске арналған жалпы ауданы 40 мың шаршы метр өндірістік ғимараттар іске қосылған. Бұл нысандарда есік, фиброцементті плиталар, шыңдалған шыны және басқа да өнімдер өндірілуде. Сонымен қатар тұрмыстық химия мен тамшылатып суару жүйелерін шығаратын жаңа жобаларды іске асыру жоспарлануда. Индустриялық аймақтың дамуы өндіріс орындарын көбейтумен ғана шектелмейді. Мұнда жергілікті кәсіпкерлердің өндірісін кеңейтуіне, жаңа технологияларды енгізуіне және өндірістік кооперацияға қатысуына мүмкіндік беретін орта қалыптасуда.
Өнеркәсіп пен қала экономикасының тұрақты өсуі инвестиция көлемімен де тікелей байланысты. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Тараз қаласында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 147,2 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 127,1 пайызды көрсетті. Бұл қала экономикасына жаңа капиталдың тартылып, өндірістік және кәсіпкерлік жобалардың жүзеге асырылып жатқанын білдіретін маңызды көрсеткіш екені белгілі. Сонымен қатар 2026-2028 жылдарға арналған жалпы құны 451,7 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба іске асырылуда. Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 1 365 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Инвестициялық жобалардың қатарында металлургия, химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика және басқа да перспективалы бағыттар бар.
Тараздың экономикалық дамуы ірі өндіріс орындарымен ғана өлшенбейді. Қаладағы шағын және орта бизнестің белсенділігі де экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша қалада 44 198 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың 40 927-сі нақты жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш Таразда кәсіпкерлік қызметтің кең таралғанын, шағын және орта бизнестің қала экономикасындағы орны айтарлықтай екенін айғақтай түседі. Сондай-ақ ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 74 880 адам жұмыспен қамтылды. Осы кезеңде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 234,1 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, қызметтер көрсетті.
Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау – қаланың экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында Таразда жалпы сомасы 19,8 миллиард теңгеге 131 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі арқылы 7,6 миллиард теңгеге 31 жоба қолдау тапты. Бұған қоса кепілдік беру құралы арқылы 7,5 миллиард теңге кредит сомасына 72 жоба кепілдендірілді. Сонымен қатар «Өрлеу» бағдарламасы аясында 4,7 миллиард теңгеге 28 жоба қаржыландырылды.
Қала экономикасындағы тағы бір маңызды бағыт – сауда саласы. Бүгінде облыс орталығында 15 базар жұмыс істейді. Оның ішінде 14 сауда орны – әмбебап, 1 базар мамандандырылған бағытта қызмет көрсетеді. Қала базарларындағы жалпы сауда орындарының саны 7 493 бірлікті құрайды. Оның 4 691-ін жалға алушылар пайдаланып отыр. Сонымен қатар базарларда 2 802 бос сауда орны бар. Сау- да орындарын жалға беру құнының орташа мөлшері бір шаршы метрге 1 000-4 000 теңге аралығында қалыптасқан. Бос сауда орындарының болуы кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктердің бар екенін көрсетеді.
Сонымен бірге базарлардың тартымдылығын арттыру, сауда орындарын тиімді пайдалану, инфрақұрылымды жақсарту және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мәселелері өзекті болып отыр. Осыған орай қаланың сауда инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірқатар базарда қайта құрылымдау және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, «Якка сарай» базарында қайта жаңғырту жұмыстары өткен жылдың 20 маусымында басталып, қазіргі таңда толықтай аяқталды. Ал «Салтанат» базарында қайта жаңғырту жұмыстары былтыр 14 мамырда басталып, құрылыс жұмыстары 100 пайызға орындалды. Ал 2022 жылдың 20 қазаны күні «Жібек жолы» базарында басталған қайта жаңғырту жұмыстары қазіргі уақытта 70 пайызға тәмамдалған. Құрылыстың баяу жүруінің негізгі себебі қаржыландыру мәселесіне тіреліп тұр.
Тұрғындарды қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету де біздің басты назарымызда. Шаһарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және нарықтағы негізсіз баға өсіміне жол бермеу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл тұрғыда қала әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі тарапынан сауда орындарындағы азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Мониторинг барысында баға өзгерістеріне талдау жасалып, кәсіпкерлік субъектілеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтермеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылады.
Осы ретте атап өтерлігі, тұрғындарды делдалсыз әрі қолжетімді бағадағы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу. Атап айтсақ, жыл басынан бері Таразда 14 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда 192,4 миллион теңгеге 241,3 тонна өнім сатылды. Бұл жәрмеңкелердің басты артықшылығы жергілікті өндірушілердің өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға ұсынуына мүмкіндік беруінде болып отыр. Алдағы уақытта да маусымдық өнімдерді өткізуге бағытталған жәрмеңкелерді ұйымдастыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасады.
Азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуде сауда орындарындағы мониторингпен қатар тұрақтандыру қорының мүмкіндіктері де пайдаланылуда. Нәтижесінде жыл басынан бері тұрақтандыру қоры арқылы 388 миллион теңгенің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары ірі сауда желілеріне әлеуметтік бағамен жеткізілді. Сонымен қатар республика көлемінде өткізілген «Береке Fest» акциясына Тараз қаласының ірі сауда желілері қатысып, соның аясында бірқатар азық-түлік тауарына 40 пайызға дейін жеңілдіктер ұсынылды.
Таразда туризм саласына да айрықша көңіл бөлініп келеді. Бүгінде көне шаһарда 126 орналас- тыру орны, 28 туристік ұйым және 8 туристік нысан жұмыс істейді. Қаланың туристік маршруттарына «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, Қарахан, Дәуітбек кесенелері, Қали Жүніс моншасы, «Төрткүл» керуен сарайы, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені және басқа да орындар енгізілген. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Таразға 28 627 турист келген. Оның ішінде 28 361-і – ішкі туристер, ал 266-сы – шетелдік туристер.
Алдағы кезеңде Тараздың туристік инфрақұрылымын одан әрі дамыту көзделіп отыр. Осыған орай, 2026-2027 жылдары туризм саласында жалпы құны 15,3 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында «South Holiday» демалыс аймағының екінші кезеңі аясындағы қонақүй құрылысы бар. Жоба құны – 1,2 миллиард теңге. Сондай-ақ «Талбесік» этноорталығы жобасына 2,5 миллиард теңге инвестиция бағытталып, нысан биыл мамыр айында іске қосылды. Бұған қоса «Atlas Estate» ЖШС-нің «Hilton» қонақүйін салу жобасы қарастырылған. Жоба құны – 4 миллиард теңге. Алайда қазіргі таңда қаржыландыру мәселесіне байланысты жоба уақытша тоқтатылған. Ал «Enza group» ЖШС-нің қонақүй құрылысы жобасының құны 7,6 миллиард теңгені құрайды. Жобаны келер 2027 жылғы қыркүйекте іске асыру жоспарлануда.
Бүгінде Тараздың экономикалық дамуы бір ғана саламен шектелмейді. Дегенмен, олардың барлығы өзара сабақтасып, қаланың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етуде. Ең бастысы, қолға алынған әрбір жоба мен бастама тек экономикалық көрсеткіштерді арттыруды ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруды, отандық өнім үлесін көбейтуді, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай қалыптастыруды, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуды және қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруды көздейді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.