Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Өмірін ұлтына арнаған Өзбекәлі

0 64

Қазақ тарихында елдің елдігін ойлап, ұлттың ұйысуына, руханиятының өркендеуіне, мәдениеті мен салт-дәстүрінің сақталуына бар ғұмырын арнаған арда азаматтар аз болмаған. Осындай тұлғалардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, мәдениет жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков. Оның саналы ғұмыры қазақтың ұлттық болмысын сақтау- ға, тарихи жадын жаңғыртуға және рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа аман жеткізуге арналды.

Өзбекәлі Жәнібекұлы 1931 жылғы 28 тамызда қазіргі Түркістан облысы, Отырар өңіріндегі Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болған ол 1952 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін туған өлкесіне оралып, 1952-1955 жылдары Келес ауданында мектеп мұғалімі әрі оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Көп ұзамай ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, қоғамдық жұмыс- тарға белсене араласты. 1955 жылы Келес аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, кейін Шымкент облыс- тық комсомол комитетінде қызмет атқарды. 1956-1961 жылдары облыстық жастар ұйымында еңбек етіп, республикалық деңгейдегі жауапты қызметтерге көтерілді.
Оның мемлекеттік қызметтегі жолы да біртіндеп биіктей түсті. Қазақстан комсомол ұйымының басшылығында еңбек етіп, кейін Торғай облысы партия комитетінің хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шетелдермен байланыс бөліміне жетекшілік етті. 1977 жылдан бастап Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 1987-1988 жылдары мәдениет министрі болды. Ал 1988-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарды.
Алайда Өзбекәлінің өмір жолын тек атқарған лауазымдары арқылы бағалау жеткіліксіз. Оның қай қызметте жүргенінен гөрі сол қызметті атқару барысында елдің рухани өміріне қандай өзгеріс әкелгені маңызды. Ол мемлекеттік мүмкіндікті ұлттық мәдениеттің дамуына пайдалана білді. Кеңестік кезеңдегі идеологиялық шектеулерге қарамастан, қазақтың тарихи-мәдени мұрасын қорғау мен ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселелерін күн тәртібіне батыл шығара білді. Ғылыми зерттеулерде де оның мерзімді баспасөз арқылы мәдени мұраны қорғау, тарихи сананы қалыптастыру мәселелеріне белсенді араласқаны атап көрсетіледі.
Ол қазақтың ғасырлар бойы қалыптас- қан салт-дәстүрін ескінің сарқыншағы емес, халықтың рухани негізі ретінде бағалады. Ұлттық киім, қолөнер, зергерлік бұйымдар, музыка аспаптары, сәулет өнері, халықтық ән мен би, тарихи жәдігерлер оның назарынан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар тұлғаның музей ісін дамытуға қосқан үлесі де ерекше. Оның бастамасымен Қазақстанның көптеген өңірінде этнографиялық музейлер ашылып, ұлттық мәдениетке қатысты құнды жәдігерлер жинақталды.
Қайраткердің ұлттық мәдениетке қатыс- ты атқарған еңбектерінің бірі – қазақтың дәстүрлі өнерін сахнаға шығару. Ғалымның бастамасымен «Шертер», «Адырна», «Алтынай» секілді фольклорлық өнер ансамбльдері ұйымдастырылды. Бұл ұжымдар арқылы халықтың әні мен күйі, ұлттық биі мен дәстүрлі өнері жаңа сипатта насихатталды. Сол кезеңде мұндай бастамалардың маңызы өте зор еді. Өйткені ұлттық өнерді тек тұрмыстық деңгейде сақтап қалу жеткіліксіз болатын. Оны кәсіби сахнаға шығарып, жас ұрпаққа таныту қажет еді. Жәнібеков осы міндетті ерте түсінген қайраткерлердің бірі болды.
– Менің бір бақытым – ол кісі Қазақ ССР Мәдениет министрінің орынбасары болып қызмет атқарып тұрғанда қолында істедім. Ол кісімен қызметтес болу – бақыт десе де, сор десе де болады. Қарамағындағы азаматтарға талапты қатты қоюшы еді Өзекең. Бірақ әділ болатын. Рушылдық, жүзшілдік батпағына батпаған, кіршіксіз таза.
Өзекең министрлікке келген соң бұрын болмаған музей бөлімі ашылды, жергілікті жерлерден бастап республикаға дейін өлкетану, мемориалдық сипаттағы музейлер қаптай ашылды, қайта экспозицияланды. Торғай өлкетану музейінің атына қараңыз: «Сақтан бүгінге дейін…». Жалпы, өнердің қаншама атрибуттары, жанрлары, түрлері бар, соның баршасы қалыпқа келе бастады. Нәтижесінде қазақ мәдениеті еңсе көтерді, ұлттық сипаты артты, өлген «қошқар мүйіздер» қайта тірілді. Құлағалы тұрған тарихи жәдігерліктер қайта қалыптанды. Егер Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі, Тараздағы Айша бибі, Маңғыс- таудағы Үстірт ескерткіштері, Жезқазған жеріндегі Едігеге, Шыңғысханға қатысты ескерткіштерге ғайыптан-тайып тіл бітсе, «Өзбекәлі, Өзбекәлі…» деп күбірлер еді, – дейді әдебиетші, сыншы Құлбек Ергөбек.
Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру мәселесіне 1970-жылдардың өзінде назар аударуы оның көрегендігін көрсетеді. Ол Түркістанның тарихи-мәдени маңызын терең түсінді. Бұл ретте Тайқазанның тарихи орнына қайта оралуы да ерекше аталады. Тайқазан 1935 жылы «Иран өнері мен археологиясы бойынша III халықаралық конгресс» аясында Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) Эрмитажға жеткізіледі. Қазан 54 жыл бойы Эрмитажда сақталады. Ал 1989 жылы, қайта құру кезеңінде, қазақ зиялы қауымы оны қайтару жағын мықтап қолға алды. Алайда қазанды қайтару жұмысы оңайға түскен жоқ. Эрмитаж қазанды бірден қайтара қоймады. Себебі қазан музей үшін баға жетпес коллекция еді. Тіптен музей әкімшілігі Тайқазанды «қайтаруға жатпайтын коллекция» санатына қосуға тырысқан деген дерек бар. Бірақ соған қарамастан Өзбекәлінің бастамасы одақ аясында үлкен резонанс тудырып, сол кездегі КСРО Мәдениет министрі В.Захаровтың бұйрығымен қазанды қайтаруға рұқсат берілді. 1989 жылғы 18 қыркүйекте (кейбір деректерде 19 қыркүйек) Тайқазан «КамАЗ» көлігімен Ленинградтан Түркістанға жеткізілді.
Өзбекәлі Жәнібеков Тайқазанның елге қайта оралуын «тәуелсіздіктің алғашқы белгісі» деп бағалаған екен. Расында да, бұл сөздің астарында үлкен тарихи мән бар. 1990 жылы Қазақстан егемендігін жариялап, араға бір жыл салып, 1991 жылы тәуелсіз мемлекет атанды. Тайқазанның туған жерге оралуы мен ел тәуелсіздігінің жариялануын бір-бірімен сабақтастыра қарау – жай ғана сәйкестік пе, әлде тағдырдың жазуы ма? Оны әркім өзінше пайымдар. Дегенмен, жақсылықты жақсылыққа жоритын, әрбір игі нышаннан қасиет көретін халқымыз үшін Тайқазанның елге оралуы тәуелсіздік қарсаңындағы киелі бір ишарадай қабылданатыны анық.
Бүгінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорында Жәнібеков есімімен байланысты біршама жәдігер бар. Ол 1978 жылдан бастап қорық-мұражай қорына өткізген Қабіржапқыш, Қоңырат кілем, Шұғыла кілем, бөлме жиһазы, кесене тарихы мен осы өңірдің тұрмыс-тіршілігіне, жағрафиясына қабысатын тағы басқа жәдігерлерді Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайынан алдырып, қорық-мұражай қорына табыстады. Соңғы жылдары көз майын сарқып «Алтынай», «Адырна» фольклорлық ансамбль қызметкерлеріне ұлттық нақышта тіктірген көйлегі, немересі Әзелге Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай тіктірген қазақы көйлегі сондай-ақ тұтынған заттары .
Жалпы, Өзбекәлі үшін тарих өткен күнді ғана зерттеу емес, бүгінгі ұрпақтың болашағын қалыптастыратын рухани тірек болды. Сондықтан ол тарихи тұлғалардың есімдерін халыққа қайтару мәселесіне де айрықша мән берді. Кеңестік кезеңде есімі аталмай, еңбегі ескерусіз қалған Алаш қайраткерлері мен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін қайта танытуға атсалысты. Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді тұлғалардың шығармашылық мұрасын халықпен қайта қауыштыруға бағытталған жұмыстарға белсене араласты.
Ал Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруында да Өзбекәлінің еңбегі ерекше. Ұзақ уақыт бойы ресми түрде атап өтілмей келген ұлттық мерекенің халықпен қайта қауышуы қазақ қоғамының рухани өміріндегі елеулі оқиға болды. Наурыздың қайта оралуы арқылы халықтың салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары, ойындары, жөн-жоралғылары қайта жаңғырды. Сонымен қатар Жәнібеков ұлттық киім үлгілерін жинақтап, олардың ерекшеліктерін зерттеп, халыққа танытуға еңбек сіңірді. Оның «Қазақ киімі» атты еңбегінің жарық көруі де осы ізденістердің нәтижесі болды. Ал қайраткердің «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» секілді еңбектері кейінгі зерттеушілер үшін де құнды дерек көзіне айналды.
«Халықтың рухани қазынасын сақтау – ұлттың болашағын сақтау» деген ұстаным Өзбекәлі Жәнібековтің бүкіл ғұмырының өзегіне айналды. Ол халыққа қызмет етудің, ұлтқа адал болудың, тарихи мұраны ардақтау- дың жарқын үлгісін көрсетті. Сол мұраны танып-білу, бағалау және келешекке жеткізу – бүгінгі буынның парызы. Уақыт алға жылжыған сайын Өзбекәлі Жәнібекұлының есімі көмескіленбейді, қайта оның еңбегі елдің тарихи жадындағы мәні терең қазына ретінде бағалана береді.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.