Жыл сайын жаз мезгілі аяқтала бере еліміздегі мыңдаған талапкер үшін ең жауапты кезең басталады. Бұл – мамандық таңдап, болашақ өмірінің бағытын айқындайтын уақыт. Әсіресе, мемлекеттік грантқа түсу немесе жоғары оқу орнын дұрыс таңдау мәселесі әр отбасының күн тәртібіне шығады. Бүгінде мамандық таңдау ол диплом алу ғана емес, еңбек нарығындағы сұранысқа сай өмірлік жолды таңдаумен тікелей байланысты.
Биыл қанша грант бөлінді?
Мыңдаған талапкер үшін мемлекеттік білім беру гранты – арманға апарар жол. Бірі дәрігер болуды көздесе, енді бірі инженер немесе мұғалім мамандығына түсуді армандайды. Сондықтан Үкімет бекітетін мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі тек статис- тикалық көрсеткіш қана емес, елдің болашақтағы экономикалық және әлеу- меттік дамуының бағытын айқындайтын маңызды құжат саналады.
Биылғы оқу жылындағы гранттар тізіміне зер салсақ, мемлекет маман даярлау саясатында жаңа кезеңге қадам басқанын аңғаруға болады. Өйткені соңғы бірнеше жыл бойы өзгеріссіз сақталып келген мемлекеттік тапсырыс көлемі алғаш рет едәуір қысқарды. Мәселен, 2026-2027 оқу жылына жоғары оқу орындарына 89 457 мемлекеттік грант бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 775 орынға аз. Егер соңғы екі жылда грант саны 93 мыңнан жоғары деңгейде сақталса, биылғы қысқарту мемлекет кадр даярлау жүйе- сіне жаңа көзқараспен қарай бастағанын аңғартады.
Ең алдымен бұл өзгеріс магистратураға әсер етті. Биыл магистратураға бөлінген грант саны 17 пайызға жуық қысқарған. Бакалавриаттағы төмендеу айтарлықтай үлкен болмаса да, мемлекеттік тапсырыс көлемінің азаюы білім саласындағы басымдықтардың қайта қаралып жатқанын көрсетеді. Соған қарамастан, бакалавриат бұрынғыдай мемлекеттік гранттардың негізгі үлесін иеленіп отыр. Бұл – мемлекет үшін еңбек нарығын білікті мамандармен толықтыру әлі де басты міндеттердің бірі екенін білдіреді.
Қай мамандықтарға басымдық берілуде?
Грант санының азаюы барлық бағытқа бірдей әсер еткен жоқ. Керісінше, кей салаларда қысқарту жүргізілсе, кейбір маңызды бағыттар қосымша қолдауға ие болды. Ең көп қысқарту инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларында тіркелген. Бұл бағыттағы грант саны екі мыңнан астам орынға азайды. Ақпараттық-коммуникация- лық технологиялар мен педагогикалық ғылымдарда да мемлекеттік тапсырыс та қысқарған. Алғаш қарағанда бұл мемлекет аталған салаларға қызығушылығын төмендеткендей көрінуі мүмкін. Алайда олай емес. Инженерлік мамандықтар бұрынғыдай ең көп қаржыландырылатын бағыт болып қала береді. Ақпараттық технологиялар саласы да көшбасшылар қатарынан түскен жоқ. Яғни, мәселе сұраныстың азаюында емес, соңғы жылдары күрт ұлғайған грант көлемін белгілі бір деңгейде теңестіруде жатыр. Керісінше, биыл ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағытына бөлінетін гранттардың артуы назар аудартпай қоймайды. Бұл өсім көлемі жағынан аса үлкен болмаса да, оның символдық мәні зор. Азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстары, аграрлық өндіріс мәселелері күн тәртібінен түспей тұрған шақта мемлекет бұл салаға жаңа серпін беруді көздеп отырғандай.
Гранттардың жекелеген мамандықтар бойынша бөлінуі еңбек нарығындағы өзгерістердің де айнасы іспетті. Биыл ең үлкен өсім механика мамандығында байқалды. Сонымен қатар арнайы педагогика, жер туралы ғылымдар, агроинженерия, химиялық инженерия және су ресурстарын басқару бағыттарына бөлінетін гранттар көбейді. Бұл кездейсоқ шешім емес. Өнеркәсіпті жаңғырту, ауыл шаруа- шылығын дамыту, су тапшылығы мәселесін шешу, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар даярлау – бүгінде ел алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі. Сондықтан мемлекет дәл осы салалардағы кадрлық әлеуетті күшейтуге ден қойып отыр.
Педагогикалық мамандықтардың ішінде математика пәні мұғалімдерін даярлауға бөлінетін грант санының артуы да назар аударарлық. Бұл – жаратылыстану және инженерлік бағыттарды дамыту үшін сапалы математикалық білімнің маңызы артып келе жатқанын көрсететін белгі.
Саннан бұрын сапа қажет
Бүгінде талапкерлер арасында «қай мамандыққа көп грант бөлінсе, сол мамандық сұранысқа ие» деген түсінік жиі кездеседі. Алайда бұл әрдайым шындыққа жанаса бермейді. Мемлекеттік тапсырыс – еңбек нарығының бүгінгі жағдайын ғана емес, бірнеше жылдан кейінгі қажеттілікті де ескеретін ұзақмерзімді жоспар. Сондықтан грант санының аз немесе көп болуы белгілі бір мамандықтың беделін айқындайтын басты өлшем емес. Мысалы, ақпараттық технологиялар бағыты бойынша жалпы грант саны азайғанымен, білім беру бағдарламалары ішінде ең көп грант дәл осы салаға бөлініп отыр. Бұл цифрлық экономиканың ел дамуындағы рөлінің әлі де жоғары екенін көрсетеді.
Жамбыл облысындағы демографиялық өсім жоғары білімге деген сұраныстың да артып келе жатқанын көрсетеді. Соңғы тоғыз жылдағы статистикаға сүйенсек, өңірде орта мектеп бітіруші түлектердің саны тұрақты түрде өсіп келеді. Егер 2018 жылы облыс мектептерін 9 067 оқушы тәмамдаса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 12 134-ке жетті. Яғни тоғыз жыл ішінде мектеп бітірушілер саны үш мыңнан астам адамға көбейген. Талапкерлер санының көбеюі жоғары оқу орындарына да үлкен жауапкершілік жүктейді. Өңіріміздегі іргелі оқу орындарының бірі – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде бакалавриаттың 7 даярлау бағыты бойынша 41 білім беру бағдарламасы, магистратураның 5 даярлау бағыты бойынша 23 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл талапкерлерге өз қабілеті мен қызығушылығына қарай мамандық таңдауға кең мүмкіндік береді.
Қазіргі қоғамда еңбек нарығы жыл сайын өзгеріп келеді. Цифрландыру, жасанды интеллект, инженерлік технологиялар, педагогика, агроөнеркәсіп және шығармашылық индустриялар жаңа мүмкіндіктер ашуда. Сондықтан мамандық таңдағанда тек бүгінгі емес, ертеңгі еңбек нарығының талабын да ескерген жөн. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана үшін басты мақсат баласының мемлекеттік білім грантын жеңіп алуы немесе қандай да бір жоғары оқу орнына түсіп, диплом иеленуі болып келеді. Әрине, жоғары білімнің маңызы зор. Бірақ мамандықты тек грантқа қарап таңдау болашақта кәсіби қателікке ұрындыруы мүмкін. Ең алдымен талапкер өзінің қабілетін, қызығушылығын және еңбек нарығындағы сұранысты саралағаны дұрыс. Мамандық таңдауға дайындық мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Баланың қай пәнге бейімділігі жоғары екенін ерте анықтап, сол бағытта жүйелі жұмыс жүргізу – ата-ана мен мұғалімнің ортақ міндеті. Сарапшылардың пікірінше, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты 5-6-сыныптан бастаған оқушының нәтижесі әлдеқайда жоғары болады.
Соңғы жылдары Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі талапкерлер үшін анағұрлым қолжетімді бола түсті. Бұрын мектеп бітіруші ҰБТ-ны жылына бір рет тапсырса, бүгінде бес рет тес- тілеуге қатысу мүмкіндігі бар. Оның екеуі мемлекеттік грант конкурсына қатысуға арналса, қалған үш мүмкіндікті талапкерлер ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу үшін пайдалана алады.
Ақылы бөлімге қабылдану үшін де белгілі бір талаптар сақталады. Көпшілік білім беру бағдарламалары бойынша талапкер кемінде 50 балл жинауға тиіс. Ал педагогикалық ғылымдар мен құқық саласына түсу үшін шекті балл – 75. Сонымен қатар Қазақстан тарихы, бейіндік пәндер, оқу және математикалық сауаттылық бойынша белгіленген ең төменгі нәтижелерді алу міндетті. ҰБТ-дан шекті балл жинай алмаған талапкерлер үшін де жоғары білімге қол жеткізудің балама жолдары бар. Соның бірі – шығармашылық білім беру бағдарламалары.
– Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Дене шынықтыру және спорт», «Көркем еңбек және сызу», «Еңбекке баулу және кәсіпкерлік негіздері (IP)», «Бастапқы әскери дайындық» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша талапкерлер екі шығармашылық емтихан тапсырады. Бұл емтихандардың әрқайсысы 50 баллмен бағаланып, жалпы 100 балл жинауға мүмкіндік береді.
Өткен 2025-2026 оқу жылында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетіне бакалавриатқа қабылданған студенттердің 114-і түрлі гранттардың иегері атанды. Оның ішінде 102 студент – мемлекеттік білім беру грантымен, 4 студент – жергілікті атқарушы органның грантымен, 8 студент «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беру грантымен тегін білім алуда.
Мемлекеттік грантқа ие бола алмаған, бірақ ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлер үшін университет төртінші жыл қатарынан жүзеге асырып келе жатқан «ХТУ-дың 100 гранты» әлеуметтік жобасын ұсынады. Бұл жоба дарынды әрі әлеуметтік қолдауды қажет ететін жастарға жоғары білімді тегін алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар университет ақылы негізде білім алатын студенттерге де әлеуметтік қолдау көрсетеді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер толықтай тегін оқиды. Бұдан бөлек, спортта, ғылым мен өнерде жоғары жетістікке жеткен жастарға, әлеуметтік жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге, мүмкіндігі шектеулі білім алушыларға, сондай-ақ бір отбасынан бірнеше бала оқитын студенттерге оқу ақысына 20 пайыздан 100 пайызға дейін жеңілдіктер қарастырылған.
Жоғары оқу орнын таңдаудағы маңыз- ды мәселелердің бірі – оқу ақысы. Бұл ретте Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетіндегі оқу құны еліміздегі көптеген жоғары оқу орындарымен салыстырғанда қолжетімді. 2026-2027 оқу жылында бакалавриаттағы жылдық оқу ақысы 550-660 мың теңге, ал магистратурада 635-660 мың теңге көлемінде бекітілген, – дейді қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Мұхит Байқұлов.
Сондай-ақ өткен жылы аймақта «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация» университеті құрылып, талапкерлерге сапалы білім алумен қатар, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріп отыр. Университетке оқуға түсіп, грант конкурсына қатысу арқылы талапкерлер су шаруашылығы, инженерия және басқа да сұранысқа ие бағыттар бойынша білім алуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар «Математика-Физика» бейіндік пәндері бойынша 50 және 65 балл жинаған талапкерлер үшін жекелеген білім беру бағдарламалары аясында Солтүстік Қытай су ресурстары және электроэнергетика университетінде (North China University of Water Resources and Electric Power, Қытай) білім алу мүмкіндігі қарастырылған.
– Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті – су ресурстарын тиімді басқару, экология- лық тұрақтылық және заманауи инженерлік шешімдер саласында білікті мамандар даярлайтын бірегей білім ордасы. Университет талапкерлерге қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие, болашағы зор мамандықтарды таңдау- ға мүмкіндік береді. Білім алушылар су шаруашылығы, су ресурстары және су пайдалану, инженерия, сәулет және құрылыс, қоршаған ортаны қорғау (экология), агрономия бағыттары бойынша кәсіби білім алады. Бұл салалар еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану міндеттерімен тікелей байланысты.
Сонымен қатар университет заманауи технологиялармен ұштасқан жаңа бағыттарды дамытуда. Студенттер гидроинформатика және Smart Water, SCADA/IoT технологиялары, Data Science және Big Data, GIS және спутниктік мониторинг, су инфрақұрылымының киберқауіпсіздігі, су тәуекелдерін басқару сияқты перспективалы бағыттар бойынша білім алып, цифрлық дәуір талаптарына сай маман бола алады.
Университеттің басты ерекшеліктерінің бірі – білім беруді ғылыммен және өндірістік тәжірибемен ұштас- тыруы. Студенттер заманауи зертханаларда тәжірибе жинақтап, жетекші су шаруашылығы кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтіп, нақты жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар білім алушылар халықаралық академиялық бағдарламаларға қатысып, шетелдік жоғары оқу орындарында білімін жетілдіре алады. Қос дипломды бағдарламалар, академия- лық ұтқырлық және өндірістік оқыту жүйесі түлектердің кәсіби бәсекеге қабілеттілігін арттырады, – дейді университеттің баспасөз хатшысы Лаура Рысбек.
Мемлекет биылғы грант саясаты арқылы ел экономикасына қажетті инженерия, су ресурстары, агроөнеркәсіп, арнайы педагогика және техникалық бағыттарға басымдық беріп отырғанын анық аңғартады. Бұл – еңбек нарығының алдағы сұранысын ескерген ұзақмерзімді қадам. Дегенмен, талапкер үшін ең маңыздысы – грант саны емес, өзінің қабілеті мен қызығушылығына сай мамандықты таңдау. Себебі сүйікті ісін таңдаған жас қана кәсіби тұрғыдан табысқа жетіп, елдің дамуына үлес қоса алады. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап мамандық таңдауға саналы дайындалып, еңбек нарығындағы өзгерістерді ескеріп, дұрыс шешім қабылдау – әрбір жастың жарқын болашағының кепілі.
Арайлым ШАБДЕНОВА