Көк жүзін еркін шарлаған қыран құс секілді адамзаттың ежелгі арманы ғарышты бағындыру болатын. Сол арманға қол созып, күллі қазақ халқының мерейін асқақтатқан тұлғалардың көш басында Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров тұр. Оның есімі тәуелсіз қазақ елінің мақтанышы, қайсарлық пен отансүйгіштіктің символына айналды.
Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1961 жылдың 12 сәуірінде Қазақстанның «Байқоңыр» айлағынан алғашқы ғарыш кемесі аспанға көтерілді. Бұл – барша адамзат тарихындағы маңызды әрі айтулы оқиғаға еді. Осылайша Юрий Гагарин әлемнің тұңғыш ғарышкері атанса, қасиетті қазақ топырағындағы Байқоңыр ғарыш айлағына айналды.
Жылжып өткен жылдардың көшімен бірге, көкке самғаған ғарышкерлер саны арта түсті. Бұл қатарда тәуелсіздік таңы атқаннан кейін елімізде де ғарыш саласына ерекше назар аударыла бастады. Нәтижесі көңіл қуантады. Себебі қазақтың үш бірдей азаматы ғарышкер атанды. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов. Бүгінде бұл үш есім тәуелсіз Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылған.
Ал мақаламыздың басты кейіпкері Тоқтар Оңғарбайұлы 1946 жылдың 27 маусымында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы, «1 май» ұжымшарында дүниеге келген. 1969 жылы Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, 1979 жылы авиация институтын тәмамдаған.
Ұлтының ұлы перзенті 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде қонбай ұшаққа екі рет жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 жылы алғаш болып авиатасушы крейсердің алаңшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. Осылайша 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды.
Осыдан 35 жыл бұрын, 1991 жылы 2-ші сәуірде Кеңес Одағының Ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтіп, 1991 жылдың 10 қазанында жерге қайтып оралды. Әрине, тәуелсіздік таңы атуға санаулы айлар қалған бұл уақыт қазақ халқының сан ғасырлық арманы орындалған тарихи күн еді.
Бұл туралы Әубәкіров өзінің сұхбаттарының бірінде мұны «саяси оқиға» деп бағалапты. Себебі сол кездегі Қазақ ССР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзін ғарышқа аттануға ұсынғанын айтқан екен.
– Бірде Шымбұлақта шаңғы теуіп жүргенімде жақын жолдастарым хабарласады. «Тоқа, неге бізге айтпайсың? Ғарышқа ұшқалы жатыр екенсің ғой», – деп ренжиді. Мен аң-таңмын. Ертесіне Нұрекеңе (Нұрсұлтан Әбішұлы) бардым. «Менімен ақылдаспай неге мұндай шешімді қабылдадыңыздар? Бармаймын. Мен ұшқышпын, ғарышкер емеспін», – дедім.
Нұрекең: «Білгірлердің барлығынан сұрас- тырдым. Бәрі бірауыздан дәл қазір ғарышқа ұша алатын Тоқтардан басқа еш қазақ жоқ деді. Сондықтан осылай деп шештік», – деді. Мен келіспей, сіресіп тұрып алдым. Сол кезде Нұрекең: «Тоқтар, дәл маған бұл керек емес. Президентпін. Бұдан артық не армандаймын. Саған да керек емес. Жетер жеріне жеттің. Бірақ ол қазаққа керек. Отыз жыл бойы халықтың аңсаған арманын жүзеге асыруға мүмкіншілік туып отыр», – деді. Халқым үшін келістім.
Ғарышқа ұшқан сәтімді ешқашан ұмыта алмаймын. Президентімізге қазақ тілінде: «Сапарға дайынмын!» – деп рапорт жасадым. Бір уақытта санау басталды. Ұшуға бір минут қалды. Зымыранға барып отырдым, люктардың бәрін тастай бекітіп, жауып тастады. Командир «Кеттік!» дегенде менің айтқаным: «Ал, қазағым, сен үшін жануға да, ұшуға да дайынмын!» Ғарышты сөзбен жеткізе алмайсың, – дейді ол сұхбатында.
Ол уақытта Юрий Гагариннің ғарышқа алғашқы ұшуы КСРО үшін мақтаныш болса, ал Қазақстан билігі үшін Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы мақтаныш саналды. Ол сұхбатында үлкен аумақтарда өнеркәсіптен шығатын аэрозольдың, Арал түбінен шаң мен тұздың таралуын көзімен көргенін айтады. Сондықтан Қазақстан толықтай ғарыштық бақылау жасауға тиіс. Топырақ, жануарлар әлемі, өсімдік әлемі – биологиялық тұрақтылықтың бұзылған жағдайда оны жылдам қайта қалыпқа келтіруге көмектеседі деген позиция ұстанған. «Маман ретінде ғарыштық идеялар бойынша алыс-жақын әріптестеріміз – америкалықтарды озып келе жатыр- мыз. Алайда ғарыш мәселесіне қатысты үнемдейтін болсақ, деңгейіміз бірден түседі», – дейді Әубәкіров.
Жерге қайтып оралғаннан кейін, сол жылдың 7 қарашасында Алматыда халықпен кездеседі. «Әубәкіровтің жанына алғашқылардың бірі болып үлкен әпкесі, ерте өмірден озған анасын алмастырған Бикен Оңғарбаева келді. Әрбір әйелдің тағдырына ең жақын адамын құпия ғарыш мекеніне жіберіп, оны қайтып күтіп алу бұйыра бермейді. Бикен қуанышын, мақтанышын көз жасымен жеткізді. Тоқтар өз кезегінде: «Ештеңе етпейді, бәрі дұрыс қой», – деп жұбатып жатты», – деп жазыпты «Казахстанская правда» газеті.
Тоқтар Әубәкіров КСРО-ға отыз жылдай қыз- мет еткен. Ғарышкердің айтуынша, қызметі құпия болған. Куәлігінде жай ғана жүргізуші деп жазылған екен. Ғарышкер Қазақстан Тәуелсіздік алмай тұрып-ақ, 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындағаны үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған. Ал 1989 жылы Әубәкіров «МИГ-29К» дыбыстан да жылдам ұшатын ұшағын «Тбилиси» авиакрейсеріне қондырып, сол кемеден қайта көкке көтеріледі. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырған қазақ ұшқышының бұл ерлігі Гиннестің рекордтар кітабына енген. Қазақтың маңдайына біткен айбынды ұлына КСРО құлдырағаннан кейін Ресей мемлекетінде қалу ұсынылған, АҚШ-та өз еліне шақырған. Бірақ Халық қаһарманы туған елі, қазақ халқының арасында, туған топырағында қалуды қалаған екен.
Халқымыздың мәңгілік мақтанышы, қазақтың дархан, кішіпейіл, ақжарқын, адал, адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген, ұлтының ұлы бола білген, даңқты батыр Тоқтар Оңғарбайұлы туралы журналист Талғат Сүйінбай «Тұңғыш» атты кітап жазғаны мәлім. Кітап авторы аспан баласы туралы жазылған туынды туралы: «Тоқтар Оңғарбайұлы ғарышқа ұшқан күннен бастап баспасөз бетінде түрлі мақалалар жарияланды. Менің де көп жазбам сол кезде жазылып, «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Кейін ғарышкердің өзімен сөйлесіп, мақалада қамтылған деректердің барлығын топтастырып, кітап етіп шығарсақ деген ұсыныс айтып, нәтижесінде, «Тұңғыш» кітабы туды», – дейді ол.
Тәуелсіздік жылдарында Тоқтар Әубәкіров ел өміріне белсене араласты. Мәселен, 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, елдің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған заңнамалық жұмыс- тарға белсене қатысты. Осы кезеңде Жоғарғы Кеңестің Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарып, Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуы, әскери қауіпсіздік жүйе- сін жетілдіру, мемлекеттік шекараны қорғау және ұлттық қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселелерді қарастыруға жетекшілік етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңде әскери саладағы мемлекеттік саясаттың қалыптасуына өзіндік үлес қосып, кәсіби тәжірибесі мен азаматтық ұстанымын ел игілігі жолында жұмсады. Оның әскери ұшқыш ретіндегі мол тәжірибесі мен мемлекетшіл көзқарасы қорғаныс саласындағы маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етті.
Аты қазақтың киелі қара сөзінің ең бір мәйегімен айшықталып, халық жүрегіне мәңгілік жазылған аспан баласы – Тоқтар Әубәкіров туралы әлі талай аңыздар айтылар. Бүгінгі ұрпақ үшін Тоқтар Әубәкіровтің есімі – көкке самғаған қыранның, ел намысын әлемге танытқан тұлғаның бейнесі. Оның ерлігі уақыт өткен сайын жаңғырып, тәуелсіз Қазақстанның шежіресінде алтын әріптермен жазыла бермек.
Жұматай КӨКСУБАЙ