Биылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтетіні белгілі. Қазіргі таңда саяси науқанға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Еліміздің заңнамалық нормасына сай сайлауға өз кандидаттарын ұсынған партияларға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге барлық қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Осы және өзге дайындық жұмыстары төңірегінде Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Уалихан Байдуановпен сұхбаттасқан едік.
– Уалихан Боларбекұлы, тамыз айындағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде? Биылғы сайлаудың ерекшелігі қандай?
– Бұл сайлау – жаңа Конституция күшіне енуінен кейін ұйымдастырылып отырған алғашқы жалпыхалықтық парламенттік сайлау. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалды. Ал сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізуді Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
Құрылтай депутаттарын сайлау – азаматтардың өз өкілдерін демократиялық жолмен таңдау арқылы мемлекеттік басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін маңызды саяси үдеріс. Оның негізгі мақсаты – халықтың еркін білдіретін өкілді органды қалыптастыру, азаматтардың мүддесін заң шығару деңгейінде білдіру және елдің қоғамдық-саяси дамуына ықпал ету. Сайлау заңдылық, ашықтық, әділдік және тең сайлау құқығы қағидаттары негізінде өткізіледі.
Құрылтай депутаттары бес жыл мерзімге сайланады. Құрылтайдың құрамына Сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер бойынша сайланатын 145 депутат кіреді. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі. Жиырма бес жасқа толған және елдің аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматы депутат бола алады. Партиялық тізімде әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс. Партиялық тізімде адамдарды орналастыру тәртібін саяси партиялар дербес айқындайды. Орталық сайлау комиссиясы сайлауға дайындықтың күнтізбелік жоспарын, сайлау құжаттарының нысандарын және сайлаушылар тізімдерімен жұмыс тәртібін бекітті.
– Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға қандай іс-шаралар енгізілген және олардың атқарылу мерзімдері қандай?
– Сайлау науқанының кезеңі сайлау тағайындалғаннан күннен бастап, дауыс беру күнін қоса есептегенде күнтізбелік 54 күнді құрайды. Ағымдағы жылғы 2 шілдеден 13 шілде күнгі сағат 18:00-ге дейін партиялық тізімдерді ұсыну жүргізіледі. 23 шілде күні сағат 18:00-ге дейін партия- лық тізімдерді тіркеу қажет.
Үстіміздегі жылдың 1 шілдесі күні ҚР Орталық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысында 7 саяси партияны сайлау- ға қатысуға жіберу туралы жеке-жеке қаулылар қабылданды.
Саяси партиялар сенім білдірілген адамдарының тізімін тіркеу үшін тиісті аумақтық сайлау комиссиясына ұсынады. 11 шілдеден кешіктірмей аумақтық сайлау комиссиясының құрамын, олардың орналасқан жерлерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау қажет. Ал 16 шілдеден кешіктірмей учаскелік сайлау комиссиясының құрамын, сайлау учаскелерінің шекаралары және сайлау комиссияларының орналасқан жерлері туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға тиіс. 23 шілде сағат 18:00-ден бастап 22 тамыз күнгі сағат 00:00-ге дейін сайлау алдындағы үгіт кезеңі жүргізіледі. 22 тамыз тыныштық күні ретінде бекітілген. Ал 23 тамыз күні дауыс берушілерге сайлау учаскелерінің есігі ашылады.
– Аталған жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру үшін Тараз қаласында дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде? Қаладағы сайлау учаскелерінің жұмысы қалай ұйымдастырылуда?
– Жоғарыда аталған күнтізбелік жоспарға сәйкес, Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау науқанына дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бүгінде Тараз қаласында 155 сайлау учаскесі бар. Учаскелердің 62-сі «Жібек жолы» ауданында болса, 93-і «Әулиеата» ауданында орналасқан.
Құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты №7 және №47, №492 сайлау учаскелерін жақын маңда орналасқан ғимараттарға уақытша көшіру жөнінде келісім жасалды. Сайлау учаскелерінің барлығы қажетті құралдармен толықтай жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сайлауды дайындау мен өткізу кезеңіне сайлау комиссияларының 1 231 мүшесі жұмыс атқарады. Олардың 78,4 пайызының сайлау жүйесінде тәжірибесі бар.
– Сайлаушылардың басым бөлігі қалада тұратындықтан, оларды ақпараттандырудың маңызы зор. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде?
– Тұрғындарды сайлау туралы ақпараттандыру мақсатымен Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан қала аумағына 59 дана баннер ілінді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесе отырып қаладағы барлық LED экрандарға және интернет ресурстарға арнайы дайындалған ақпараттар орналас- тырылды. Сонымен қатар үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін 76 және кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін қалада барлығы 83 орын белгіленген.
Дауыс беру өткізілетін күнге дейінгі он күннен, яғни 2026 жылғы 12 тамыздан кешіктірмей учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері сайлаушыларға дауыс беру уақыты мен орны көрсетілген сайлаушыларды хабардар ету қағаздарын таратады.
– Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі қандай жағдайда беріледі және оны алу тәртібі қандай?
– Қазақстан азаматтары тиісті сайлау учаскелерінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша дауыс береді. Сайлаушы өзінің болатын жерін ауыстырған кезде дауыс беру күніне он бес күн қалғанда немесе 2026 жылғы 7 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссиясына өз өтініші бойынша және жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала алады.
Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күнінен бір күн бұрын, яғни 2026 жылғы 22 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде тоқтатылады. Есептен шығару куәлігін сенімхат бойынша алуға рұқсат етіледі. Сенімхатты нотариатта куәландыру талап етілмейді. Есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда ол қалпына келтірілмейді.
Сондай-ақ дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді. Уақытша болатын жері бойынша сайлау учаскесінде дауыс беру кезінде учаскелік сайлау комиссиясы сайлау күні сайлаушыны жеке басын куәландыратын құжаттың негізінде сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень беруге құқылы.
– Сайлау алдындағы маңызды шараның бірі – үгіт-насихат жұмыстары. Жоғарыда үгіт-насихат жұмыстарының қашан басталатыны туралы айтылды. Ендігі кезекте үгіт жұмыстарының жүргізілу тәртібі қандай деген орынды сұрақ туындайды…
– Сайлау алдындағы үгіт – сайлаушылардың белгілі бір кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткі болу мақсатындағы ұйымдастырылатын шара.
Сайлау алдындағы үгіт жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары немесе сайлау алдындағы жария шаралар арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ саяси партиялардың және олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулер өткізуге құқылы. Баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығаруға немесе таратуға болады. Онлайн-платформалар арқылы да үгіт жүргізуге мүмкіндіктер бар.
Алайда үгіт кезінде сайлаушыларға тегін немесе жеңілдік шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар ұсынып, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткізу, ақша төлеу сынды шараларға қатаң тиым салынады. Мұндай бұзушылықтарға әкімшілік жауапкершілік қаралған.
– Дауыс беру күні сайлаудың өту барысын кімдер байқай алады?
– Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған азаматтары саяси партиялардан, сондай-ақ өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан байқаушылар ретінде жіберіледі.
Байқаушының өкілеттіктері оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіле отырып, жазбаша нысанда куәландырылуға тиіс. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен куәландырылады және байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар байқаушы туралы деректерді есепке алу журналына енгізу арқылы оны тіркеу үшін сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға көрсетіледі.
Дауыстарды санау кезінде қатысатын сенiм білдірілген адамдар мен байқаушылар дауыстарды санауды бюллетеньдердегі белгілердің көрініп тұруы қамтамасыз етілетіндей қашықтық пен жағдайда байқап тұрады.
– Дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сайлау учаскелеріндегі дауыс процесі туралы ақпарат тарата ала ма?
– Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сайлау барысын жария түрде бақылап, қоғамға объективті ақпарат жеткізуге мүмкіндік алады. Бұл сайлау процесінің жариялылығын күшейтеді.
Дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін сайлау учаскесінде бір мезгілде әрбір партиялық тізімін ұсынған саяси партиядан сенім білдірілген бір-бір адамнан, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңнамасына сәйкес, масс-медиа саласындағы уәкілетті орган есепке қойған әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден, әрбір телеарнадан үшеуден аспайтын өкіл және Қазақстан Республикасының әрбір саяси партиясынан, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестігінен, коммерция- лық емес ұйымынан бір-бір байқаушыдан және аудармашы бірге жүруге құқылы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысуға құқылы.
– Дауыс беру күні мүгедектігі бар азаматтарға қандай жағдай жасалады және денсаулықтарына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын дауыс берушілер үшін үйден дауыс беру қалай ұйымдастырылады?
– Тараз қаласы бойынша дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін 863 адам тіркелген. Олардың арасында кресло-арбаларды пайдаланушылар – 368, зағип және нашар көретіндер – 274, естуі бойынша мүгедектігі бар азаматтар – 221.
Инватакси қызметін пайдаланушыларға 12 көлік қарастырылып отыр. Дауыс беру күні сурдоаудармашыларды қажет ететін азаматтар үшін 26 сурдоаудармашы қызмет көрсетеді.
Жалпы, 4 учаске ғимараттардың 2-ші қабаттарында орналасқан. Аталған учаскелердің қатарындағы 1 сайлау учаскесінде (№33) арнайы лифт қарастырылған, ал қалған 3 учаскеге (№34, №37, №497) уақытша көтергіш құрылғылары қойылған.
Дауыс беру күні денсаулығына байланыс- ты сайлау учаскесіне келе алмайтын сайлаушылар сол күні күндізгі сағат 12:00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына өтініш бере алады. Өтініштің негізінде үй-жайдан тыс дауыс беру ұйымдастырылады.
– Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы сайлау комиссияларының мүшелерімен бірлесе отырып атқарылатыны белгілі. Осы орайда комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында Тараз қаласында қандай шаралар қабылдануда?
– Алдағы сайлауды дайындау мен өткізу кезеңінде сайлау комиссияларының 1 231 мүшесі жұмыс атқаратынын жоғарыда айттым. Ал комиссия мүшелерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатымен учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне ағымдағы жылдың тамыз айының басында оқыту ұйымдастырылады. Оқыту барысында сайлау процесін ұйымдастыру және әрбір сайлау комиссиясы мүшесінің жауапкершіліктері, міндеттері және заң талаптары түсіндіріледі. Бұл жөнінде арнайы оқыту бағдарламасы дайындалды, сол бағдарламаға сәйкес оқыту өткізіледі.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов