Бүгінде Орталық Азиядағы ықпалды орта державалардың біріне айналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жыл сайын артып, халықаралық беделі нығайып келеді. Бұған тәуелсіздік жылдарынан бері жүргізіліп келе жатқан сындарлы сыртқы саясат пен әлем елдерімен қалыптасқан өзара тиімді ынтымақтастықтың зор ықпалы бар.
Соның ішінде әлемдегі екінші ірі экономика саналатын Қытай Халық Республикасымен стратегиялық әріптестіктің орны ерекше. Екі ел арасындағы өзара сенімге негізделген қарым-қатынас сауда- экономика, инвестиция, көлік-логистика, өнеркәсіп және мәдени-гуманитарлық байланыстардың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашты. Жылдар бойы жүзеге асқан екіжақты келісімдер мен ортақ жобалардың нәтижесінде Қазақстан қомақты табыстарға қол жеткізіп, өзара ынтымақтастықтың берік үлгісін қалыптастырды.
Сол қарым-қатынастың жалғасы ретінде жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға жұмыс сапарымен барды. Әуелі Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасымен келіссөз жүргізіп, қытайлық компаниялардың жетекшілерімен «дөңгелек үстел» отырысын өткізді. Сондай-ақ сапары аясында Президент Дүние- жүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысып, сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев жасанды интеллект жөніндегі конференцияға қатысуға шақырғаны үшін Төраға Си Цзиньпинге алғыс айтып, осы іс-шараның Шығыстың інжу-маржаны – Шанхай қаласында ұйымдастырылуы символдық мәнге ие екенін жеткізді.
– Қытайдың халықаралық қауымдастық алдындағы беделі зор және оның жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда еліңізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерді бәріміз үлкен қызығушылықпен қараймыз. Бұл, ең алдымен, Сіздің көреген басшылығыңыз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасы деп санаймын. Өзіңізді халқын алға бастап келе жатқан тегеурінді көшбасшы және жаһандық деңгейдегі парасатты сая- саткер ретінде ерекше құрметтеймін. Сіз көтерген игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүдделі. Соңғы жылдары мемлекеттеріміз арасындағы саяси диалог айтарлықтай жандана түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚХР бизнес өкілдерімен «дөңгелек үстел» форматында өткен кездесуде Президент қытайлық серіктестерге шынайы ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікке жоғары баға берді.
– Екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам бас-тық. Елдеріміздің ықпалдастығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шықты деп айтуға болады. Халықтарымыздың арасында өзара сенім, шынайы достық және болашаққа деген ортақ ұстаным бар. Орайлы сәтті пайдалана отырып, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін қадірлі досым, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуде Президент Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салғанын жеткізді. Оның айтуынша, жоғары деңгейдегі саяси сенім сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды.
– Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8 500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет.
Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз. Өткен жылдары елдеріміз көптеген маңызды жобаны бірге табысты жүзеге асыр- ды. Соның нәтижесінде жұмыс орындарын аштық, озық технологияларды енгіздік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымыз- ды нығайта түстік. Бүгін де жаңа стратегиялық жобаларды бірлесе іске асырып жатырмыз.
Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысын қолға алдық. Қытайдың автокөлік кәсіпорындары Қазақстанда өндіріс орындарын аша бастады. Мысалы, елімізде HOWO, Yutong және JAC брендтері шығарылады. Былтыр Changan, Great Wall Motor, сондай-ақ Chery мультибрендті автомобиль өндірісі іске қосылды. Бұл жобалар біздің екіжақты әріптестігіміз инновацияға, озық технология мен өнеркәсіпті жаңғырту ісіне негізделіп отырғанын көрсетеді, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым- Жомарт Кемелұлы қатысушыларға Қазақстанның цифрлық трансформациясының басымдықтарын таныстырып, технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды.
– Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасына ерекше тоқталғым келеді. Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру. Инвесторларға толық жабдықталған алаңдар, заманауи инфрақұрылым ұсынылады. Олар тұрақты электр қуатын пайдаланып, арнайы инвес- тициялық режим аясында жұмыс істей алады.
Алайда осы бағыттағы ауқымды шаруа деректерді өңдеу орталықтарын салумен шектелмейді. Біз біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы суперкомпьютердің қуаты, жасанды интеллект зертханалары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, білім беру бағдарламалары, стартаптар мен экспортқа бағытталған цифрлық қызметтер бір арнаға тоғысады. Біз қытайлық серіктестерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайта түсуге мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев AgriTech, жасанды интеллект және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мүмкіндіктер туралы сөз қозғады.
– Қазір бүкіл әлем аграрлық салада үлкен өзгерістерді бастан өткеруде. Ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті болу үшін тек табиғи ресурстарға сенім артып отыру жеткіліксіз. Осы салада, ең алдымен, деректерді, жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны тиімді пайдалана білу өте маңызды. Қазақстан екі жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш, заманауи технологияның және тиімді басқарудың нәтижесі.
Жалпы, біз ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмысын қарқынды жүргізіп келеміз. Әсіресе, дрондарды, спутник арқылы шолу тәсілін, дәлдігі жоғары егіншілік технологияларын кеңінен енгізіп жатырмыз. Қазір елімізде 200-ден астам агроөнеркәсіп «ақылды ферма» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуде.
Сонымен қатар біз ұлттық цифрлық қадағалау жүйесін әзірлеп жатырмыз. Бұл жүйе ауыл шаруа- шылығы өнімдерінің егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі жолын толық қадағалауға мүмкіндік береді. Мақсатымыз – ауыл шаруа- шылығы өнімдерінің көлемін арттыру, сондай-ақ қосылған құны жоғары тамақ өнеркәсібін дамыту, – деді Президент.
Кездесуде Мемлекет басшысы Бақты-Аягөз теміржол құрылысының стратегиялық мәніне назар аударды. Бұдан бөлек, Каспий теңізінің табанын тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін бірлескен кәсіпорын құрудың маңызы атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапар аясында Қазақстандағы алғашқы гидрожинақтаушы электр станциясы құрылысының жобасын бірлесе әзірлеу туралы келісімге қол қойы- луын құптады.
Жалпы, Мемлекет басшысының Қытайға жасаған бұл жұмыс сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңге қадам басқанын айқын көрсетті. Кездесу барысында қол жеткізілген келісімдер мен бастамалар сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіп, көлік-логистика, цифрландыру, жасанды интеллект және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге тың серпін береді. Екі ел арасындағы өзара сенім мен жоғары деңгейдегі саяси диалог Қазақстанның тұрақты экономикалық өсіміне, жаңа өндірістердің ашылуына, заманауи технологиялардың енгізілуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететіні сөзсіз.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ