Халықтың өмір сүру сапасын арттырып, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде елді мекендерде жаңа денсаулық сақтау нысандары бой көтеріп, тұрғындарға заман талабына сай қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейіп келеді.
Соның жарқын дәлелі – Тараз қаласы Жібек жолы ауданының «Құмшағал» алабында жаңа дәрігерлік амбулаторияның пайдалануға берілуі. Бұл – аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға жасалған маңызды қадам ғана емес, елдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған игі бастаманың нақты көрінісі.
Емхананың салтанатты ашылу рәсіміне Жібек жолы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Олжабев, «Құмшағал» алабының қадірлі ақсақалы Рақманбек Мұстаев қатысып, нысанның лентасын қиды. Жаңа медициналық мекеме тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қолжетімді әрі сапалы көрсету мақсатында барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда тұрғындар бір орталықтан бірнеше медициналық қызмет түрін ала алады.
Амбулаторияда жалпы практика дәрігерінің қабылдауымен қатар, акушер-гинеколог, кардиолог, эндокринолог және ересектер мен балаларға қызмет көрсететін невропатолог мамандары тұрақты қабылдау жүргізеді.
Сонымен қатар ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), электрокардиография (ЭКГ), зертханалық талдауларға қан және басқа да биологиялық материалдарды алу қызметтері ұйымдастырылған.
Мекемеде күндізгі стационар да жұмыс істейді. Мұнда дәрігер тағайындаған ем-дом шаралары жүргізіліп, тұрғындар қажетті ем қабылдай алады. Сондай-ақ профилактикалық екпелер салынып, шұғыл көмекке жүгінген науқастарды қабылдайтын сүзгі кабинеті де қарастырылған. Бұл өз кезегінде жұқпалы аурулардың алдын алып, медициналық көмекті жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
– Бұл амбулаторияның ашылуы – «Құмшағал» алабының тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Бұрын кейбір медициналық қызметтерді алу үшін қала орталығына қатынауға тура келетін болса, енді қажетті қызметтің барлығы өз ауданында қолжетімді. Емхана заманауи УДЗ аппаратымен жабдықталған, мұнда зертханалық талдаулар жүргізіледі, кардио- лог, эндокринолог, невропатолог секілді бейінді мамандар науқастарды қабылдайды. Сондай-ақ тұрғындар күндізгі стационарда ем қабылдап, екпе жұмыстарын да жүргізе алады. Ең бастысы – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артып отыр, – дейді №8 қалалық емханасы «Мейірім» медициналық орталығы бас дәрігерінің ана мен бала ісі жөніндегі орынбасары Жаннат Алменова.
Айта кету керек, жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуы өңір тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетумен қатар, жаңа жұмыс орындарының құрылуына да ықпал етті. Бүгінде мекемеде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға жасалған жағдай.
– Мемлекет басшысының халық денсаулығын нығайтуға бағытталған тапсырмалары аясында жүзеге асқан бұл жоба – ел игілігіне арналған нақты істің жарқын көрінісі. Заманауи талаптарға толық сай келетін жаңа амбулатория тұрғындардың денсаулығын қорғап қана қоймай, аурулардың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, өмір сапасын жақсартуға қызмет етпек. Халық денсаулығы – мемлекеттің ең басты байлығы. Ал Құмшағалдағы жаңа дәрігерлік амбулатория сол асыл қазынаны сақтау- ға бағытталған игі істің жарқын жемісі, – дейді Жібек жолы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Кенжебекұлы.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығы бүгінде де өз мәнін жоғалт- қан жоқ. Сондықтан заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, тәжірибелі мамандар қызмет көрсететін жаңа амбулатория тұрғындардың денсау- лығын сақтауда сенімді тірек болмақ.
Арайлым Шабденова