Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген қанатты сөз бар. Осыны берік ұстаным еткен Үкімет соңғы жылдардың бедерінде қалалар мен ауыл- аймақтарды көріктендіріп, тал-дарақтар отырғызуды мықтап қолға алды. Бұл ретте Тараз қаласында да абаттандыру және көгалдандыру жұмыс- тары жүйелі түрде жүргізілуде. Қаланың «Жасыл қала» мәртебесін сақтап, экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында жыл сайын мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылып келеді.
Өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген қарағаш, шынар және терек сияқты ағаш түрлері негізінен көптеп егіледі. Ал биыл қаланы көгалдандыру аясында экологиялық тұрғыдан тиімді әрі сәндік бағытта катальпа, павловния, айланд және сакура көшеттері де отырғызылды.
«Жасыл ел-Тараз» мекемесі мамандарының айтуынша, аталған ағаш түрлері жергілікті табиғи жағдайға бейімделуі мен күтім ерекшеліктерін анықтау мақсатында тәжірибелік негізде егілген. Егер көшеттер сәтті жерсініп, жақсы өсім көрсетсе, алдағы уақытта олардың санын көбейту жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, Тараз қаласын көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес «Жасыл белдеу» бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарлама аясында 2023-2024 жылдары жыл сайын 20 гектар жерге 20 мың тал көшеті отырғызылса, 2025 жылы 20 мың түп ағаш егілді.
Сондай-ақ қаланың орталық көшелеріне, саябақтарға, және басқа да аллеялар мен скверлерге 2023 жылы – 4,5 мың, 2024 жылы 5 мың түп әртүрлі ағаш егілсе, өткен жылдың көктем айында – 4 мың, күз мезгілінде 7 мыңға жуық тал егілді.
Еркін САЙЫН