Қаланың күнделікті қарбалас тіршілігінің тасасында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Таразда соңғы жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Абай даңғылы бойындағы көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Жақын арада бұл нысан қаланың орталық бөлігін теміржолдың арғы бетіндегі тұрғын алаптармен байланыстырып, жол жүру уақытын қысқартып, көлік қозғалысын едәуір жеңілдетеді.
Қала көшелерінде де жаңару жұмыстары қарқын алған. Желтоқсан көшесінің Ташкент көшесінен Байзақ батыр көшесіне дейінгі бөлігінде орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы бір шақырымнан асатын жаңартылған жол жабыны – бұл тек жаңа асфальт қана емес, сонымен қатар тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы қозғалыстың кепілі.
Тіпті, аптап ыстық та құрылыс қарқынын бәсеңдеткен жоқ. «Самал» және «Алатау» шағынаудандарында орамішілік жылу желілерін қайта жаңғыр- ту жұмыстары жалғасуда. Дәл осы кезеңде алдағы қыс мезгілінде тұрғын үйлерді тұрақты әрі сенімді жылумен қамтамасыз етудің берік негізі қаланып жатыр.
Тараз күн сайын жаңарып, дамып келеді. Ауқымды құрылыс жобалары, жаңартылған жолдар мен заманауи инженерлік желілердің барлығының түпкі мақсаты – қаланы тұрғындар үшін анағұрлым қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы ету.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ