Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бұл – еліміздің жаңа даму кезеңінің бастауын айқындайтын, мемлекеттілігімізді нығайтып, әділетті қоғам құруға бағытталған тарихи қадам. Жаңа Конституция – елдің болашағына деген сенімнің, бірлік пен тұрақтылықтың берік негізі.
Осы орайда Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта осы айтулы тарихи кезеңмен тұспа-тұс келген Ұлттық домбыра күніне арналған «Қасиетті домбыра – ұлт мұрасы» атты мерекелік мәдени іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – домбыраның ұлттық құндылық ретіндегі маңызын насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру және күй өнері арқылы халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеу.
Мерекелік шара аясында ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, домбыра, кітап және фото көрмелері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар көрермендерге ұлттық өнерімізді насихаттайтын концерттік бағдарлама тарту етілді. Сахна төрінде «Көне Тараз» және «Қарахан» халықтық ұлт аспаптар ансамбльдері, «Өрлеу» үлгілі қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Желдірме» дәстүрлі әншілер ансамблі, «Жігер» ұлдар домбырашылар ансамблі мен «Наз- қоңыр» шертершілер ансамблі өнер көрсетіп, күмбірлеген күй мен әсем ән арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Танымдық, тағылымды мәдени іс-шарада қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, гір тасын көтеру және асық ату ұлттық спорт түрлерінен ойындар өткізілді.
Қасиетті қара домбыраның қоңыр үнімен әрленген бұл мереке ұлттық өнеріміздің мәртебесін арттырып, төл мәдениетімізді дәріптеуге бағытталған тағылымы мол рухани шара болды.
Еркін САЙЫН