Өнер – ұлттың рухани қазынасы. Ал сол өнерді өміріне серік еткен аға буынның сахнаға қайта оралуы – кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Жібек жолы ауданында осындай игі бастама қолға алынып, аудандық ардагерлер кеңесі жанынан «Жібек жолы» ардагерлер ансамблі құрылды.
Жаңа өнер ұжымының тұсау- кесері 1 қазан – Қарттар күні қарсаңында салтанатты түрде өтті. Мерекелік шарада ансамбль мүшелері сахна төріне көтеріліп, көпшілікке әсем әндерін тарту етті. Әрбір орындаудан аға буынның өнерге деген сүйіспеншілігі, жүрек жылуы мен өмірлік тәжірибесі аңғарылып тұрды. Әуезді әндер көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік кештің сәнін келтірді.
Ансамбльге Якуль Шуахова жетекшілік етеді. Ал ұжымның музыкалық жетекшісі – Сымбат Нұрманова. Өнерлі ардагерлерден құралған ансамбль құрамында Алпысбай Смайлов, Хамит Орынбеков, Айман Орманова, Жанна Нұраханова, Майра Бескемпірова, Карима Исаева, Торғын Орынбаева, Ботагөз Қалтаева, Алмагүл Абуева, Анапия Көшкінбаева бар.
Жаңадан құрылған өнер ұжымы Жібек жолы ардагерлерінің гимнін жазып, алғаш сахнада орындады. Гимнінің сөзін Якуль Шуахова мен Сымбат Нұрманова жазса, әнін Жасан Тілеубаев шығарған. Бұл туынды ансамбль мүшелерін ортақ өнердің айналасына топтастырып, жаңа шығармашылық жолдың бастауы болмақ.
– Біздің ансамбльдің әр мүшесі өнерге деген сүйіспеншілігі мен ұжымға деген жауапкершілігін жоғары қойып, аптасына екі рет тұрақты түрде дайындыққа келіп жүрді. Күннің ыстығына қарамастан, бір мақсат жолында бас қосып, әндерімізді пысықтап, әрқайсымыздың жеке әндерімізді, үш хор шығармамызды дайындадық. Алдағы уақытта бағдарламамызды би және поэзиямен де толықтыруды жоспарлап отырмыз.
Осындай ізденіс пен тынымсыз дайындықтың нәтижесінде ұжымымыздың ауызбіршілігі артып, бір-бірімізге деген қолдауымыз нығая түсті. Мен үшін ансамбльдің әрбір мүшесінің сахнаға деген ынтасы мен өнерге деген шынайы ықыласы – үлкен қуаныш.
Шығармашылық бастамамызға қолдау көрсетіп, арнайы сахналық костюмдерімізді тіктіруге демеушілік ұйымдастырған аудан әкімі Қарлығаш Аралбековаға ерекше алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар осы игі іске атсалысып, костюмдерімізді ауданымыздың эмблемасын бейнелеп, ұлттық нақышта тігіп берген «Dana del» тігін ательесі мен оның басшысы Бақыткүл Тоқтыбаеваға да ризашылығымыз- ды білдіреміз. Бұл – біз үшін үлкен қолдау әрі өнерге деген құрметтің жарқын үлгісі.
Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген сахналық киімдеріміз ансамбльдің сәнін келтіріп қана қоймай, туған жеріміздің ерекшелігін, ұлттық болмысымызды танытуға мүмкіндік береді.
Осындай игі бастамаларға қолдау көрсетіп, өнер ұжымдарына жанашырлық танытқан азаматтардың көмегі шығармашылық ұжымның қанатын кеңге жаюына үлкен мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бірлігімізді бекем ұстап, көрерменге әсем ән мен тағылымды өнер ұсынуға бар күшімізді саламыз, – дейді ансамбль жетекшісі Якуль Шуахова.
«Жібек жолы» ансамблінің құрылуы – аға буынның шығармашылық әлеуетін қолдауға, ұлттық өнерді насихаттауға және ардагерлердің қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашатын маңызды мәдени бастама. Өнер арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғап, кейінгі буынға өнеге көрсету – ансамбль мүшелерінің бас- ты мұратының бірі.
Ғұмырын ел игілігіне арнаған ардагерлердің ендігі бір белесі сахна төрінде жалғасын тауып отыр. Кешегі күннің куәсі болған аға буынның әсем әні бүгінгі күнмен үндесіп, ауданның мәдени өміріне жаңа тыныс әкелді.
«Жібек жолы» ансамблінің алғашқы қадамы – әнмен басталған жаңа шығармашылық жол. Алдағы уақытта өнер ұжымы талай сахнада өнер көрсетіп, аудан тұрғындарына әсем ән, жақсы көңіл күй сыйлап, ұлттық өнердің өрісін кеңейте бермек.
Арайлым ШАБДЕНОВА