«…Таң алдында кіріп келді. Қолында дөңгелектеп ораған қағаз. «Жаңа жазған әңгіме», – дейді – «Оқып көріңіз. Ұнаса, орысшаға аударамыз. Әлдебір жерге ұсынамын», – дейді. Әңгімесін қарап жатырмын. Аппақ қағазға әйбаттап басылған, бірақ көзім бұлдырап, ештеңе көрмеймін. Оянып кетсем, түсім екен. Келген – әрине, Дүкеш, Дүкенбай Досжанов. Таяуда Астанада қырқы өткен. Шақырған. Бара алмадым. Е, жампозым-ай, күдер үзбей жүр екенсің ғой деп, білген дұғамды оқыдым».
Қайран Гереке, қазаққа иненің жасуындай бөтен ойы болмаған, болуы мүмкін емес жазушы Герольд Бельгердің «Парасат» журналында жиырма бір жыл бойы басылған күнделіктерінде осындай ой-пікірлер аз ұшыраспайды. Көзі тірілер де, марқұмдар жөнінде де. Өз басым оның түсіне, әсіресе, Әбе, Әбдіжәміл Нұрпейісов көбірек кіргеніне куәмін. Өзге де дос-жаран, ата-ана, тіпті, өмірінде көрмеген Гете туралы түсін тұтас бір бетте баяндайды. Өңіндегідей етіп. Барлық пенде түс көретін шығар. Алайда Бельгер көрген түстеріне шұқшия мән беріп, қағазға тәптіштеп түсіретініне таңданатынмын. Кей түстерінде мистикалық бірдеңелер болатын. Оқырман шындай қабылдап, ойға шомады. Демек, көрген түстерін (бәрін емес) жазуында өзі білетін гәп болғаны да.
Осынау деректі айту себебіміз, менің де көздері тіріде (қызмет бабынан бастау алған) риясыз сыйласып, қалтқысыз түсініскен адамдарым болды. Екеуін атасам, бірі – Герольд Бельгер, бірі – Ермек Серкебаев. Айтпағымыз, олардағы тектілік, кісіліктің жөні бөлек-тін. Базбір пенделік, тыз етпе мінездері де болатын. Есте қалғандар есепсіз. Төменде біреуін ортаға саламыз: кемшілікке төзбейтін, көлгірлікке көнбейтін, кесіп сөйлейтін Ерекең, Ермек Серкебаевқа қатысты. Оның алдында Бельгердің түсін ауызға алуымыздың себебі бар.
Қайран Ерекең бақиға озғалы он шақты жылдың жүзі болған. Бүгінде оның Кеңсайдағы (Баукеңе іргелес) қабіріне қойылған ескерткішті көрген де арманда, көрмеген де арманда (дер едік).
Әне, сол Ерекең асфальтта өскен қала баласы болса да, ана тіліне жетік, сөздеріне қазақша әзіл-қалжың, мақал-мәтел, притчалар араластырып, айтар ойын анық, дәл жеткізетін. Бұлар ол туралы жазылып, үш рет қайта басылған кітапта жете баяндалады. Бірден түсінсін деп, орысша қоятын сұрақтарға қазақша қайырған жауаптарда әншінің өзіндік мәнері сақталған. Және ол қалай айтса, қағазға солай түскенін (көзіне түспегендер үшін) қайталап еске сала кеткен артық болмас (дейміз).
Енді сөзімізді Бельгерден бастау себебімізге келсек, таяуда мен де Ерекеңді түсімде көрдім. Бірінші рет. Мен білетін емес, әлдебір жерде орналасқан бір қабатты, іші-сырты гүлзарға бөленген жекеменшік үй екен (деймін). Онша жас емес, жігіт ағасы кейпіндегі көркем, қасы-көзі қиылған Ерекең маған асқан іңкәрлік, сағынышпен қарайды. Оны өзімнің де қатты сағынғанымды сеземін. Одан бұрын «қимылдап», «қайда жүрсіз, көрінбейсіз ғой» деймін. Ол да солай дейтін (сықылды). Қарсы алдымызда бізге сүйсіне қарап, қырмызыдай құлпырған жан жары Әлфия тұр. Бұл жолы оның ақ-сары өң-түсі қара торылау. Алтын тістері жалт-жұлт етіп, бізге күлімсірей қарайды. Бұған дейін бір рет кездеспеген композитор, дирижер інісі Мұрат та осында. Кәдімгі Ерекең көзі тірісінде сан рет сөз арасында «Әкем Мұратты жас кезінде ауылға жиі алып барушы еді, сондықтан ол қазақшаны менен жақсы біледі, әкемнің жазған-сызған мұрасы соның қолында», – дейтін бірге туған бауыры, Қазақстанның халық артисі, скрипкашы Жәмиланың әкесі. Мұраттың да өңі жылы, маған ізет-иба көрсетеді. Үшеуі нақ бір мені әдейілеп шақырғандай әспеттейді… Осы тұста оянып кеттім де, әлгінде түсте көргендерді қимай, ұзақ толғаныс- та болдым. Дүкенбайды түсінде көрген Бельгер құсап, мен де «күдер үзбей жүр екенсіз-ау, Ереке», – деумен тындым. Мешітке жол түскенде Ерекеңе Құран бағыштаймын.
Қазір ойласақ, жалған сөйлеу, мәймөңкелеуді қаламайтын Ерекеңнің базбір міскіндерге қатқыл жауап беріп, бетін қайтарып тастайтынынан екен ғой біреулердің оған жақындауға жүрексініп, мінезі пәлен-пыстан дейтіні. Жо-жоқ! Мен білген Ерекең кішіпейіл, ашық-жарқын, қулық-сұмдығы, бүкпесі жоғына бір жылдан астам екеуден-екеу сан рет сұхбаттасып, сырласқан сәттерде көзім жеткендіктен айтылып отыр бұл пікірлер. Біліп, білмей жасаған пенделіктері болған шығар. Бұған бір-ақ дәлел: Қонаевқа әншінің үстінен жазылған арызды Димекең Ерекеңнің көзінше жыртып, жәшікке тастағанын айтсақ та жетіп жатқандай. Әйтсе де…
Әлдебір білгішсіген дирижерге ескерту жасап, шақырса кергіп келмеген концерт жүргізуші қыз бен жігіттің бетіне микрофонды лақтырып жібергендей сәттер аз болмаған. Үлкен-кіші әріптестеріне бірдей қарағаны, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиевты риясыз құрметтеп, Роза Бағланова, Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенованы ерекше ардақтаған Ерекеңде қажет кезде қаһарға мініп, қамал бұзғандай жағдайлар да көп болмаса да, арагідік кездескен. Адалдықтан туындаған туралық екеніне айғақ іспетті сондай бір әңгімені ГИТИС-ті бітіріп, ұзақ жыл басшылық лауазымдар атқарған байырғы мәдениет қайраткері Орынғали Әбдіғалиевтен естіген едім. Төменде соны оқырманмен бөлісуді жөн көреміз.
– Біздің қызмет еткен кезіміз жетпіс жылдан астам үстемдік құрған кеңестік дәуірмен тұспа-тұс келгенін білесіз ғой, – деп бастады сөзін Орынғали. – Сізбен қалай танысқанымыз есіңізде шығар. Целиноград қаласында өткен республикалық театр байқауында. Онда мен республикалық кәсіподақ ұйымында, сіз «Мәдениет және тұрмыс» журналында істейтінбіз. Қонақүйде бірге тұрдық. Алматыға келген соң кездесіп, әңгімелесіп жүрдік. Журналға мақалаларымды шығардыңыз. Сіз бас редактордың орынбасары, мен Жоғарғы Совет аппаратына ауысып, мәдениет, өнер жағын басқаратын салада жұмыстандым. Театрлардағы жаңа қойылым, үкіметтік концерт, бағдарламаларды алдын ала көріп, қабылдауға Мәдениет министрлігі, Министрлер Советі, Орталық партия комитетінің өкілдері, Жоғарғы Советтен бастығым екеуміз баратынбыз. Ол кезде республикалық деңгейде өтетін түрліше жиын: малшы, егінші, металлург, шахтерлар слеті, Жоғарғы Совет сессиясы, 1 мамыр, 7 қараша мерекелері, партия съезі, миллиард пұтқа байланысты мәскеулік бастықтар қатысатын жиындар көп болушы еді ғой. Солар аяқталған соң көрсетілетін мемлекеттік концертке белгілі өнер коллективтері мен өкілдері қатысатын. Олардың кемі бір аптаға созылатын дайындығын жауапты мекеме басшылары күн сайын көреді, тексереді.
Міне, сондай кездерде бір аңғарғаным, әлгіндей дайындықты көруге түк қатысы жоқ болса да, кейбір бастықтардың әйелдері күйеулерімен қосыла барып, әнші, күйші, биші, актер, актриса… тағы басқаларға ақыл-нұсқау айтып, ескерту жасап, араласпайтын жерге араласып, шұнаңдайды екен. Және оларға ешкім ештеңе демейді (дей алмайды). Сахнада сыннан өтетін өнер өкілдері де іш дерттері іштерінде боп, бастықтардың еркетотай әйелдерінің тәлпіштігіне көнеді екен. Өз басым үнемі жанынан қалмайтын әйелінің жөнсіз қылығын көріп, біліп жүрсе де, тәйт демейтін бастығымды түсінбейтінмін. Әй, бұл жақсылыққа апармас деуші едім. Ұзамай солай болды да. Басқа әйелдер бір төбе де, бастығымның әйелі бір төбеге айналғаны сонша, әнші, артистерге ұрсып-жекіп, олай ет, бұлай ет деуін қоймаған соң, бір жолы жақсылап тұрып сыбағасын алды. Алғанда кімнен дейсіз ғой? Ермек Серкебаевтан! Қалай дерсіз бе? Міне, былай!
Ермек Серкебаев ол кезде жас, әлемге әйгілі дарабоз әнші. Алдағы 7 қараша мерекесі құрметіне болатын мемлекеттік концерт дайындығына екі-үш күн қатарынан барып жүрдік. Өз кезегінде сахнаға шыққан Ермек Серкебаев композитор Туликовтың «Родина» әнін айта бастағаны сол еді, бастығымның әйелі екі қолын көтере орнынан ұшып тұрды да, әй-шәй жоқ, Ермекке ежірейе қарап: «Тоқта!» – деді шаңқ етіп.
«Бітті» дедім ішімнен. «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді». Айтқандай-ақ, әнін кілт доғарған Ермек бастығымның әйеліне ашулана қарап: «Кто эта дама?» – деді өңі түтігіп. Шамасы, Ерекең ол әйелдің шолжаңын бұған дейін де байқап, біліп жүрсе керек, даусын одан сайын қатайтып: «Пусть уходит! Сейчас же! Немедленно!» – деді жауар бұлттай түнеріп.
Зал тым-тырыс. «Извините» деуге шамасы зорға жеткен бастығымның әйелі қипалақтап орнынан тұрып, қайта отыра беріп еді, Ермек Серкебаев одан сайын қаһарланып: «Что я сказал? Пусть уходит! Иначе я ухожу!» – деп айқайға бассын.
Мен жерге кіріп барамын. Бастығыма жаным ашиды. Ол пақыр «бара қойшы, бара ғой» деп әйе- ліне жалынады. Ермек тұр қалш-қалш етіп. Бастығымның әйелі кетсе екен деймін. Ол кетпей, Ермек кетсе, құрыған жеріміз сол. Ерекең ертеңгі концертке қатыспайды. Бірақ ізінше орнынан сүйретіле көтерілген бастығымның әйелі мойны салбырап, бүйірдегі есікке қарай ілби басып кетіп бара жатты. Құлағыма бастығымның «бара ғой, бара қойшы» деген бейшара даусы қайталап естілгендей болады…
Ермек Серкебаев әнге басты. Көзімнің астымен бастығыма қараймын. Ол түк болмағандай отыр. Аққұба өңі кәдімгіше. Қысылып-қымтырылу жоқ. «Аман бол» деймін ішімнен. «Алысқа шап! Сен кетсең күніміз не болмақ? Жеңгемізге обал. Тайраңдап барып, тасыраңдап қайтатын су тегін концерт, спектакльдер көзінен бұлбұл ұшып, опық жемегей».
Орынғали маған күлімсірей қарап:
– Серкебаев бұл туралы сізге айтып па еді? – деді.
– Айтқан жоқ. Өзіңнен естіп тұрмын. Көңіліңе келмесін, Ермек Серкебаев жеңгеңнің сыбағасын берген-ақ екен.
– Солай шығар, бастығымды осы күнге дейін аяймын.
– Ол кісі қайда қазір?
– Кімді айтасыз? Жеңгей ме?
– Жеңгеңде шатағым не? Бастығыңды айтамын.
– Е, ол да, жеңгей де зейнетте ғой. Қалада қиын деп, Талғар жаққа көшіп кеткен. Сондағы ауылдардың бірінде тұрып жатыр. Анда-санда жолығамыз.
– Мейлі, Ерекеңнің тағы бір қырын білдік.
Орынғалидан осы әңгімені естігеніме біраз болды. Таяуда паркте көрдім. Тәлпіш әйелдің күйеуі – бұрынғы бастығы екеуі қыдырыстап жүр екен…
Зәкір АСАБАЕВ,
Төлеген Айбергенов медалінің иегері