Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді. Президент Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға 2026 жылдың соңына дейін еліміздің барлық елді мекенін 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту жөнінде нақты міндет жүктеген болатын.
Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Тараз қаласында да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық тығыз қоныстанған Әулиеата ауданында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, 2025 жылы ауданға қарасты «Ақжол», «Мичуринец», «Қайнар» және «Родничок» тұрғын алқаптарында ауызсу жүйесінің құрылысы толық аяқталып, нысандар мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған болатын. Қазіргі таңда аталған жобаларды мердігер мекемелерден қабылдап алу және тұрғындарды жаңа су жүйесіне абоненттеу бойынша тиісті ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қала аумағында қолға алынған бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ. Жоспарға сәйкес, Әулиеата ауданындағы 12 көшеде тозығы жеткен ауызсу құбырларын ауыстыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта К.Рахмати, Ақша батыр және Қажымұқан көшелерінде жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын жаңа ауызсу құбырын тартылып жатыр. Аталған жоба аяқталған соң тұрғындардың сапалы ауызсуға қолжетімділігі артып, коммуналдық инфрақұрылымның тиімділігі едәуір жақсарады деп күтілуде.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ