«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран. Олардың сипаттамасы және пайдалану тәртібі конституциялық заңда белгіленеді».
Қазақстан Республикасының Конституциясы, 11-бап
Жыл сайын 4 маусым күні елімізде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні аталып өтеді. Бұл мереке халқымыздың тәуелсіздігін айшықтап, ұлттық бірегейлігімізді танытып, айбынды азаттығымызды әлемге паш етеді. Өйткені Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің тарихын, мәдениетін, рухани құндылықтарын, болашаққа деген ұмтылысын бейнелейтін қасиетті нышандар.
Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі болмысын айқындайтын басты белгілер. Олар халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттығының, бірлігі мен ынтымағының, жарқын келешекке деген сенімінің көрінісі екені даусыз. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң, ең алдымен, өзінің мемлекеттік рәміздерін айқындап, тарихи қадам жасады. 1992 жылғы 4 маусымда еліміздің мемлекеттік рәміздері қабылданып, тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды кезең басталды.
Бүгінде Қазақстан халықаралық деңгейде өзіндік орны бар, бейбітшілік пен тұрақтылықты басты құндылық ретінде ұстанатын мемлекет ретінде танылып отыр. Осындай жетістіктердің негізінде елін сүйетін, мемлекеттік рәміздерді құрметтейтін патриот азаматтарды қалыптастыру көзделеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің сипаттамасы мен оларды пайдалану тәртібі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусым- дағы №258 Конституциялық заңда және басқа да нормативтік-құқықтық актілерде нақты белгіленген. Аталған заңнамалық құжаттар Мемлекеттік рәміздерді дайындау, пайдалану, орналастыру және оларды құрметтеу қағидаларын реттейді.
Қазақстан Республикасы Президенті- нің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі №155 Жарлығына сәйкес, Тараз қаласы әкімдігінің жанынан Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия құрылып, өз жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Комиссияның негізгі мақсаты – Мемлекеттік рәміздерді насихаттау, олардың қолданылу тәртібін бақылау, мемлекеттік стильді қалыптас- тыру және азаматтардың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру.
Комиссия қызметі аясында Мемлекеттік рәміздерді зерделеу, оларды кеңінен насихаттау, мемлекеттік сәйкестендіру белгілерін дәріптеу және қоғамда патриоттық құндылықтарды қалыптастыру бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай биыл Тараз қаласында 2-4 маусым аралығында түрлі мәдени-көпшілік және патриоттық 20 іс-шара өткізілді. Бұл шаралардың басты мақсаты – азаматтардың патриоттық сана-сезімін нығайту, Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыру, конституция- лық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы бірлік пен келісімді күшейту. Атап айтсақ, мерейлі мерекеге орай «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталып, қатысушылардың бойында ерекше патриоттық рух қалыптастырды.
Іс-шара барысында ерекше ерлігімен көзге түскен, өскелең ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына сүбелі еңбек сіңірген бірқатар азамат марапатталды. Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар осы атаулы күнге орай қала тұрғындары мен қонақтарының қатысуымен «MART» және «Avаtariya» ойын-сауық орталықтарында бір мезгілде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Патриоттық бағыттағы іс-шара аясында қатысушыларға Мемлекеттік рәміздерге қатысты викториналық сұрақтар қойылып, белсенділік танытқан азаматтарға «Қазақстан» шоколадтары мен жалаушалар табыс- талды.
Сондай-ақ «Туымыз – төрімізде!» акциясы аясында қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ілінді. Бұл бастама тұрғындардың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттырып, елдік құндылықтарды дәріптеуге және отансүйгіштік рухты нығайтуға өз үлесін қосты.
Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін абыройлы міндет әрі елдік сананың маңызды өлшемі болып қала береді.
Гүлназ СМАТИЛДАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы