Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдаушы отбасының кәмелетке толған мүшелерінің келісімімен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып, тұрғын үйді Заңда көзделген шарттармен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылы.
Егер сіз тұрғын үйді алсаңыз және мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйымның қызметкері, әскери қызметкер, ғарышкер (ғарышкерлікке үміткерлер) немесе мемлекеттік сайлау лауазымын атқарсаңыз, онда қалдық құны бойынша тұрғын үйді жекешелендіре аласыз.
Егер бюджеттік ұйымдарда немесе кәсіпорындарда мемлекеттік қызметте он жылдан кем емес жұмыс істесеңіз, сондай-ақ еңбек қатынастары төмендегі негіздер бойынша тоқтатылса, жұмыс мерзіміне қарамастан сіз тұрғын үйді жекешелендіру құқығына ие боласыз:
— ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;
— одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
— зейнеткерлікке шығуына байланысты.
Ғарышкерлікке үміткерлер, ғарыш қызметі саласында он бес жылдан артық жұмыс өтілі бар үміткерлер тұрғын үйді ақысыз жекешелендіреді.
Қызметтікке теңестірілген тұрғын үй берілген қызметкер қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болғанның (қаза болғанның) жұмыс істеген уақытына қарамастан отбасы мүшелеріне ауысады.
Егер қызметтік тұрғын үй сізге жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысушы ретінде берілсе, онда оны қалдық құны бойынша қызметтік тұрғын үйде бес жылдан кем емес уақыт тұрғанда жекешелендіруге болады.
Егер сіз 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап күнтізбелік есептеуде он жыл және одан да артық әскери қызметте тұрсаңыз, онда қызметтік тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылысыз. Ал егер осы күні сіз он бес жылдан артық қызмет еткен болсаңыз, онда әскери қызметтің күнтізбелік есептеуіндегі жиырма жыл әскери қыз- меттен кейін қызметтік тұрғын үйді ақысыз жекешелендіру құқығына ие боласыз.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларының 12-тармағына сәйкес, тұрғын үй комиссиясының қарауына тұрғын үйді жекешелендіру тәртібінде меншікке сатып алу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет: жалға алушы отбасының кәмелетке толған барлық мүшелері ЭЦҚ-мен қол қойған электрондық құжат нысанындағы тұрғын үйді жекешелендіруге өтініш. Некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы куәліктің электрондық көшірмесі (ақпараттық жүйеде мәліметтер болмаған жағдайда қажеттілігіне қарай). Жалдау (жалға алу) шартының немесе тұрғын үйге ордердің электрондық көшірмесі. Басқа адамдарды көрсетілетін қызметті алушының отбасы мүшелері деп таныған жағдайда, соңғысына оларды көрсетілетін қызметті алушының отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің электрондық көшірмесі ұсынылады.
Жеке басын куәландыратын құжаттардың, некеге тұру немесе некені бұзу туралы (2008 жылғы 1 маусымнан кейін), қайтыс болу туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), балалардың тууы туралы куәліктің (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), меншік құқығында (Қазақстан Республикасы бойынша) тұрғын үйдің бар немесе жоқ екені туралы анықтамалардың, мекенжай анықтамаларының, басқа адамдарды көрсетілетін қызметті алушының отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің, көрсетілетін қызметті алушының немесе оның отбасы мүшелерінің халықтың әлеуметтік осал топтарына жататынын растайтын құжаттардың мәліметтері көрсетілетін қызмет берушіге тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден отбасы мүшелерінің (болған жағдайда) «электрондық үкіметтің» шлюзі арқылы беріледі.
Сұлтанмахмұт УТЕШОВ,
Тараз қаласы әкімдігі
тұрғын үй қатынастары бөлімінің
басшысы