Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Сақтанбасаң, судан келер қауіп көп

0 68

Жаз басталды дегенше, сайран басталды дегейсің. Күннің қызған, оқудың аяқталған тұсында 9 ай бойғы әуре-сарсаңнан қажыған балалар өзен-көлдер мен жағалауларға ағылады. Ал олардың қауіпсіздігі көп жағдайда екінші кезекке ысырылып қалатыны жасырын емес. Сауық құрған балаға тұсау сала алмаймыз. Салқын суға бой сергітпек ниетпен суға түсіп, өкінішке қарай, иірімге ілініп не жүзудің жөнін білмей, ата-анасын аңыратып кетіп жатқан жас өрендеріміздің саны азаймай тұр. Бұл – шомылу маусымы басталған шақтан болатын қорқынышты құбылыс.

Жалпы, Жамбыл облысының аумағында гидрографиялық тұрғыда 100-ден астам өзен мен 112 тоған орналасқан. Бұл су нысандарында жаппай демалу, туризм және спорт үшін орындар белгілеу туралы Жамбыл облысы әкімдігінің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі № 205 Қаулысына сәйкес, облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 12 орын бекітілген. Қазіргі уақытта оларды белгіленген талаптарға сәйкес жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Аталған су айдындарында қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатымен жергілікті атқарушы органдар жыл сайын түрлі қауіпсіздік шараларын қолға алып келеді. Айталық, биылғы шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мақсатымен жергілікті атқарушы органдар, білім беру ұйымдары, жергілікті полиция қызметі, төтенше жағдайлар басқармасы және өзге де уәкілетті органдар өзара бірлесіп, кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекзат Қамбаровтың айтуы бойынша, шомылу кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыс әкімінің орынбасары бекітіп, тиісті органдарға жолданған.
– Аталған жоспарға сәйкес, 31 наурызда Жамбыл облысының Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында шомылу маусымына дайындық мәселесі қаралып, қорытындысы бойынша құзыретті органдарға тиісті тапсыр- малар берілді. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті полиция қызметі және волонтерлар бірлесіп, күнделікті профилактикалық іс-шараларды өткізу кестесі бекітілді.
Нәтижесінде 1 маусымынан бастап облыс аумағында 6 стационарлық және 5 мобильдік құтқару жасағы тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Стационарлық посттар Тараз қаласының «Аса» шағынауданында және «Зербұлақ» демалыс орнында, Шу, Жаңатас, Қаратау қалалары мен Майтөбе ауылында орналасқан. Ал мобильді құтқару жасақтары Тараз қаласындағы Талас өзені, Жуалы ауданындағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы, Шу ауданындағы «Андасбай» көпірі мен «Тасөткел» су қоймасында және Талас ауданындағы Пионер көлінде кезекшілік етеді.
Жалпы, жыл басынан бері су айдындарындағы қауіпсіздікті қадағалау мақсатымен 422 рейд пен профилактикалық шаралар жүргізілді. Оларға төтенше жағдайлар, полиция мен жергілікті атқарушы органдардың жалпы саны 1 800-ге жуық қызметкері мен 900-ден астам волонтер жұмылдырылды.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 412-бабына (Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау) сәйкес, 6 адамға хаттама толтырылып, 81 732 теңге айыппұл салынды. Ал биылдыққа 1 хаттама толтырылып, тәртіп бұзушы 43 250 теңге айыппұл арқалады, – дейді Бекзат Сеитбекұлы.
Бұдан бөлек, халықтың назарын қауіпсіздікке аудару мақсатымен бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде хабарламалар тұрақты түрде жарияланып, халықпен кездесулер өткізу қолға алынған. Сонымен қатар су айдындарында профилактикалық іс-шараларды жүргізу мақсатында облыстың Төтенше жағдайлар департаментінде волонтерлық ұйымдардың жетекшілері мен үйлестірушілерінен құралған 30 тыңдаушы оқытудан өтіпті.
Демалыс және мереке күндері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындарында тұрақты түрде профилактикалық рейдтер мен патрульдеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сондай-ақ су айдындарының қауіпті учаскелерінде 360 ескерту белгісі, 23 буй және 12 ақпараттық стенд орнатылған.
Мұндай қауіпсіздік және алдын алу шаралары еліміз бойынша да қатаң қадағамен жүргізілуде. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударылып отыр. Өйткені балалардың қауіпсіздігі – төтенше жағдайлар қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Сол себепті төтеншеліктер балалардың қатысуымен болатын төтенше жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі шаралар кешенін жүзеге асыруда.
Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Роллан Есмағанбетовтың айтуы бойынша, жыл басынан бері ТЖМ қызметкерлері шамамен 4 мың интерактивті сабақ, 3,5 мыңнан астам ашық және тәжірибелік сабақ, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелері бойынша сынып сағаттарын өткізген.
– Мектепке дейінгі мекемелермен жұмысқа ерекше көңіл бөлінуде. Балалар үшін өрт сөндіру-құтқару бөлімшелеріне 2 мыңға жуық экскурсия ұйымдастырылды. Жазғы кезеңде балаларды сауықтыру лагерьлері мен орталықтарында демалушы балаларға арналған көшпелі сабақтар өткізілуде.
Ресми жағажайларда балаларға арналған қауіпсіз шомылу аймақтары жабдықталуда. Онда құтқарушылар балаларды жүзу дағдыларына үйретеді. Жыл басынан бері 8 мыңға жуық бала жүзудің бастапқы дағдыларына оқытылды. Су қауіпсіздігі бойынша 2 мыңға жуық интерактивті сабақ өткізіліп, 91 мыңнан астам оқушы қамтылды, 47 мыңнан астам бала үшін 2,5 мыңнан астам ашық сабақ, сондай-ақ 18 мыңға жуық мектеп оқушысын қамтыған суға батқан адамды құтқару және алғашқы көмек көрсету бойынша 800-ден астам тәжірибелік сабақ ұйымдастырылды.
Сонымен қатар шамамен 2 мың сынып сағаты өткізіліп, оның аясында 41 мыңнан астам ата-анаға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. 9 мыңнан астам ата-аналар чатында профилактикалық материалдар мен жадынамалар таратылуда. Сондай-ақ еліміздің білім беру ұйымдарында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс баптарын түсіндіру бойынша 400-ге жуық құқықтық насихат сабағы өткізіліп, 7 мыңнан астам білім алушы қамтылды, – дейді комитет өкілі.
Бұдан бөлек, ТЖД бөлімшелері, полиция, жергілікті атқарушы органдар және волонтерлар бірлесіп, су айдындарындағы жаппай демалыс орындарында, әсіресе тыйым салынған және бейберекет жағажайларда рейдтер мен патрульдеу жұмыстары жүргізуді қолға алыпты.
Осы орайда төтеншеліктер азаматтарды жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады.
«Балаларды су маңында қараусыз қалдырмаңыздар, тек жабдықталған және рұқсат етілген орындарда шомылуға рұқсат беріңіздер, балаларды қауіпсіз мінез-құлық ережелері мен жүзу дағдыларына үйретіңіздер!» – деп ескертеді мамандар.
Жалпылама тоқталар болсақ, қала аумағы мен маңайынан Талас, Аса өзендері сарқырап ағып жатыр. Жаз болса, жағасынан адам арылмайды. Каналдар мен су қоймалары да тұрғындар назарынан тыс қалған емес. Көпшілікті ондағы қауіпсіздіктің төмен деңгейі де, өміріне төнетін қауіптің жоғары екені де алаңдатпайды. Мысалы, Талас өзенінің бойында шомылуға тыйым салынған. Алайда жаз болса, жағасында топырлаған баладан көзіңіз сүрінеді. Маусымның ашыла сала әлеуметтік желідегі жаңалықтар тізбесінен «кілем жууға барып, көз жұмды», «ағын суға батып кетті, тұншығып қалды» сарындас ақпараттардан жаға ұстаймыз. Осының бәрі – немқұрайлылық пен жауапкершіліктің төмендігінен болып жатқан жағдайлар.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары су айдындарының бойында рейдтік жұмыстарды жиі жүргізеді. Демалушыларға ескерту жасап, жергілікті полиция қызметі сақтық шараларын белсене атқарады. Сала мамандары тарапынан барлық жағдай жасалған. Бұл – жыл сайын орындалатын үрдіс. Шомылу маусымы бастала салысымен құтқару, төтенше жағдай қызметтері тікесінен тік тұрады. Әлбетте, бұл олардың борышы һәм парызы. Ал бетімен кеткен балаға кім ие, кім қожа? Әрине, ата-ана бас-көз болуға тиіс. Бос уақытты қамтамасыз ету үшін баланы хауызға не жағалауға беталды жіберіп қойып, ұл-қызынан айырылып қалған әке-шеше аз емес. Сол себепті де ата-ана бала өмірінен бағалы ешқандай құндылық жоқ екенін жете түсінуі қажет.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.