Халқымыздың қалғып кеткен үмітін оятып, 1991 жылы аңсаған азаттықтың ақ таңы атты. Енді ел алдында Тәуелсіздікпен бірге тағдырлы міндеттер тұрды. Шекарасын шегендеп, қорғанысын күшейту, дербес әскерін жасақтау – жас мемлекеттің басты мұратына айналды. Сонымен қатар егемен елдің рухын асқақтатып, болмысын айшықтайтын мемлекеттік рәміздерді қабылдау да уақыт күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі болды.
Ту – тәуелсіздіктің тұғыры
Көк аспанда желбіреген көк байрақ – тәуелсіз қазақ елінің асқақ рухы мен азаттығының айғағы. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ресми түрде бекітілді. Көк Тудың авторы – белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Иә, осы бір аңызға айналған тұлға туралы айтылған шақта әулиеаталық әр ағайынның кеудесін мақтаныш сезімі керейді. Себебі табиғат сыйлаған талант иесі Тараздың іргесінде өмір есігін ашқан. Нақтырақ айтсақ, Шәкен Оңласынұлы 1938 жылы 12 қарашада Жамбыл ауданының Бесжылдық, бүгінде өзінің атымен аталатын ауылда туған.
Бүгінде ақпарат көздерінде Шәкен Ниязбековтың «пультті» ойлап тапқаны, кеңестік кезеңде әйгілі «Волга» жеңіл автокөлігін құрастырған бес инженердің бірі екені туралы айтылады. Ал Тудың авторы атану үшін 600-ге тарта автор қатысқан байқауда оқ бойы озып шығу оңай емес екені анық. Ол туралы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен ақсақал бір сұхбатында: «Конкурс екі айға созылды. Бірінші отырыс, екінші отырыс, үшінші отырыс болды. Ар жағының санын білмеймін. Әйтеуір көп болды. Біреуге анау ұнайды, біреуге мынау ұнайды дегендей. Бірінші орын алғанға дейін мен барлық идеямды толық көрсетпей жүрдім. Себебі сол конкурсқа қатысқандар өз жақтаушыларын әбден «менің сөзімді сөйле» деп көндіріп алған. Соны байқадым. Бәрі бір-бірімен айтысып болғаннан кейін соңғы нұсқамды көрсеттім», – деген екен.
Әнұран – азаттықтың алдаспаны
Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны – азаттыққа қол жеткізген елдің асқақ рухын әйгілейтін қасиетті шығарма. Алайда Әнұран туралы сөз қозғалғанда көп жағдайда тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған алғашқы және қазіргі гимнмен ғана шектеліп жатамыз. Шын мәнінде, қазақ халқы әр тарихи кезеңде елдік мұрат пен ұлт рухын арқау еткен әнұрандар туғызған. Мәселен, азаттықты аңсаған Алаш арыстары тұсында қазақ көшбасшылары халықтың арман-аңсарын, еркіндікке деген ұмтылысын жырға қосып, оны ел рухын көтеретін ұранға айналдырды.
Айталық, 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында екінші Жалпықазақ құрылтайы өткені белгілі. Соның нәтижесінде 1918 жылдың 25 маусымында Алаш полкы құрылады. Алаш әскері болғасын, оның басшысы, жетекшісі, әскерге қуат пен жігер беретін ұран әні, әскери маршы болатыны заңды құбылыс. Ел арасында «Алаш маршы» атанып кеткен бұл өлең сол Алаш әскерінің Әнұраны болған. Сөзінің авторы – Жүсіпбек Аймауытұлы. Әні Алаш әскерін құрушылардың бірі – Міржақып Дулатұлыныкі делінеді. Дегенмен, ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік, қоғамдық, сая- си қозғалыстар қазақ халқының болмысына, тарихи санасына айтарлықтай әсер еткені тарихтан белгілі. Алаштықтармен бірге Әнұран да «атылып» кетті…
Сұрапыл соғыстың оты қызған 1943 жылы Совет үкіметі одақтас елдердің өз алдына гимні болу керек деген арнайы бұйрық шығарады. Сонымен әр респуб- лика өз Әнұранын дайындауға кіріседі. Конкурстар жариялайды, келіп түскен мәтіндерді, музыканы талдайды, талқылдайды. Соның нәтижесінде 27 жастағы Қайым Мұхамедхановтың өлеңі жеңімпаз атанады. «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын ән 1945-1991 жылдар арасында қазақ даласында шырқалып тұрды.
Ал 1991 жылы азаттықтың ақ таңы атқан сәтте тарихтың тереңінен тамыр тартып, келешекке бағыт алған жас мемлекетке жаңа Мемлекеттік Әнұран қажет болды. Тәуелсіздігінің бірінші жылында, Қазақстан Республикасының рәміздерін жасақтау барысында әуелі әнұранның сөзіне конкурс жариялайды. Байқау барысында Қазақ КСР гимнінің музыкалық құрамы сақталады. Сөйтіп 750 жобаның арасынан Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди бірігіп жазған музыкаға,Қайым Мұхамедханов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева бірлесе жазған ән мәтіні жеңіске жетеді. Осылайша 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Әнұраны қабылданды.
Дегенмен, ел арасында «ән мәтіні күрделі, көпшілік оны жатқа айта бермейтін әрі кеңестік дәуірдің музыкалық сарындары сақталған» деген пікірлер жиі айтыла бастады. Осылайша Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылы 6 қаңтарда Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Әбішұлының сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» ҚР Парламентінде Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді.
Тарих пен тағдыр тоғысқан таңба
Әр халықтың тарихын, рухын және арман-мұратын айшықтап тұратын қасиетті белгілері болады. Қазақ халқы үшін сондай қастерлі нышандардың бірі – Мемлекеттік Елтаңба.
Жалпы, таңба ұғымы қазақ халқына ежелден таныс. Көшпелі өмір салтын ұстанған бабаларымыз әр ру мен тайпаның өзіндік таңбасын қалыптастырды. Ол тек меншік белгісі ғана емес, ұрпақ сабақтастығын, бірлікті және ата-текке деген құрметті білдіретін құндылық саналды. Түркі дәуірінен бастау алатын осы дәстүр уақыт өте келе ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін жаңа мемлекеттің рәміздерін жасау міндеті тұрды. Өйткені жаңа рәміздер азат елдің болмысын, мақсатын және болашаққа деген сенімін бейнелеуге тиіс болатын. 1992 жылы жарияланған байқауға жүздеген жоба ұсынылып, нәтижесінде сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың еңбегі үздік деп танылды. Осылайша 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы ресми түрде қабылданды.
Елтаңбаның жүрегі – шаңырақ. Қазақ үшін шаңырақ – отбасының ғана емес, тұтас елдің бірлігінің белгісі. «Шаңырағың биік болсын» деген ақ тілек ғасырлар бойы ұлттың тұтастығын аңсап өткен халықтың арманына айналды. Елтаңбадағы ортақ шаңырақ бүгінде Қазақстанды мекендеген барлық ұлт пен ұлыстың татулығын бейнелесе, қанатын кең жайған пырақтар да терең мағынаға ие. Қазақ эпостарындағы тұлпарлар еркіндіктің, батырлықтың және асқақ рухтың символы ретінде суреттеледі. Ал Елтаңбаның төбесіндегі жұлдыз елдің жарқын болашағына деген сенімді білдіреді.
Жұматай КӨКСУБАЙ