Тамыры тереңде жатқан Тараз – сан ғасырға созылған өркениет ізін сақтап қалған көне шаһар. Бұл қала – тек Жамбыл өңірінің ғана емес, күллі адамзат мәдениетінің алтын ұясына айналған асыл мұра. Қойнауы сырға, топырағы тарихқа толы Тараз өзінің екі мың жылдан астам ғұмырында талай белесті артта қалдырды. Ол дәуірлердің өркендеуін де, құлдырауын да, жойқын соғыстардың зардабын да, қайта жаңғырудың қуанышын да бастан өткерді. Ендеше, Қала күні мерекесі қарсаңында көне шаһардың тағылымға толы өткені мен бүгінгі бағындырған биігі жайлы сөз қозғағанды жөн көрдік.
Көпестер қаласы
Тарихи жазба деректерде қаланың атауы «Тараз», «Талас», «Банки», «Ианги» немесе «Ианки» деп аталғаны жөнінде мәліметтер кездеседі. Оның сонау замандардан бергі тарихы жайлы материалдық және жазба ескерткіштер, ғылыми-зерттеу туындылары жетерлік. Мәселен, алғаш Тараз туралы 568 жылы жазбаға түскен византиялық деректен кейінгі 630 жылы қалаға келген қытайлық монах Сюань Цзян: «Таразда әртүрлі елдердің көпестері тұрады», – деп суреттесе, ІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген математик және географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында: «Тараз – бұл көпестер қаласы», – деп жазған. Ал араб саяхатшысы Әбу-Қасым ибн Хаукәл: «Тараз – мұсылман түріктердің сауда жасайтын орны, одан әрі ешбір мұсылман бармайды, себебі оның шекарасынан кім өтсе, қарлұқтардың шатырына (қонысына) тап болады», – деп жазған. Арабтың тағы бір көрнекті географы Мұхаммед ибн Ахмед әл-Макдиси: «Тараз – үлкен бекіністі қала, көптеген бақтары бар, тығыз қоныстанған, онда төрт қақпасы бар және рабад орналасқан. Медина (Шахристан) қақпасы алдында үлкен өзен (Талас), оның арғы жағында қаланың бір бөлігі, оған қарай өткел бар. Жұма мешіт – базар ортасында», – деп жазса, көрнекті түркі ғалымы Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат-түрік» атты еңбегінде: «Талас – Тараз атауымен белгілі қала. Олар екеу: оның бірі – Ұлығ Талас, яғни үлкен, екіншісі ислам шекарасында – Куми Талас», – деп жазыпты.
Сонымен қатар белгілі ғалым Лев Гумилев өзінің атақты «Хундар» атты ғылыми-зерттеу кітабында: «Талап алынған мол олжаны енді сақтайтын орын қажет болады. Талас өзенінің алқабынан Шөже өзі мен әскеріне арнап бекініс салдырады. 500 адам он екі жыл бойы салады. Ол жер дуал мен күзет мұнаралары бар екі қабат ағаш қабырғамен қоршалады, осыдан-ақ бұған Римнің қорғану бекіністерін салу тәжірибесі әсер еткені байқалады. Бұл бекіністің гарнизонында жүзден аса жаяу әскер тұрған, олар римдіктер болған деседі», – деп Хун Тәңірқұты Шөженің көне Тараз қаласын қалай және не үшін салғанын атап өтеді. Аталған еңбекке жүгінсек, бұл – біздің заманымызға дейінгі шамамен 40-шы жылдар болатын. Міне, осы кезден бастап көне Тараз қаласының тарихы басталды деуге болады. Бірақ сол кездегі Қытай империясының Шөжені бағындыру мақсатында Чэнь Тань сияқты тәжірибелі де білікті қолбасшысы басқарған көп әскер жіберіп, Шөжені талқандауы барысында б.з.д. 36 жылы Тараз қаласы да қирап тынады. Алайда шаһар мүлдем жойылып кетпеді. Қираған қала қаншама уақыттан соң басын қайта көтеріп, VI ғасырдағы Түрік қағанаты кезінде қайта гүлдене бастайды. Бірақ бұл кезде қаланың атауы өзгеріп, Талас қаласынан Тараз қаласына айналған болатын. Сондай-ақ 10-12 ғасырларда қала өркендеп, ғылым мен білімнің, мәдениет пен сауданың ошағына айналды.
Жалпы, Тараздың Ұлы жібек жолының бойында орналасуы да қаланың өсіп-өркендеуіне және саяси маңызының артуына қатты әсер еткені де белгілі. Қаланың өсіп-өркендеуіне қарай Тараз маңынан алыс сапардан келген керуеншілердің дамылдап тоқтауы үшін ішінде қонақ жайы мен демалатын орындары бар «Төрткүл» атты керуен сарайларының арнайы салынуының өзі бұл қаланың саяси маңызының артқанын көрсетсе керек.
Сондай-ақ XIII ғасырда ауыр дүрбелең салдарынан қаланың дамуы саяси тұрғыдан тежелген болса да, 1269 жылы Шағатай ұлысының ханы болып сайланған Қайду ханның тұсында Тараздың тамырына қан жүгірді. Сол жылдары көне шаһар «Ианги Тараз», яғни «Жаңа Тараз» деген атаумен тарихқа енеді. Ал Алаш тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы оңтүстік қазақ өңірлерін қайта жаулап алуымен және XVIII ғасырдың 50-ші жылдарының ортасына дейін шаһар жоңғарлардың билігінде болды. Мұны ежелгі қонысты қазу кезінде табылған өрт іздері айғақтайды.
Әулиеатадан Жамбылға дейін
Бұдан кейін Талас алқабының жоғарғы жағын 1815-1858 жылдары аралығында Қоқан хандығы жаулап алып, өз құрамына кіргізді. Бірақ Қоқан хандары Тараз қаласын қиратпай, қайта ол жерге өз иеліктерін қорғау мақсатымен жаңа бекініс орнатып, көне Тараз қаласын қайта жандандырды. Осыдан бастап қала атауы Қарахан империясы ақсүйектерінің ірі өкілі әрі өз заманында Тараз қаласын билеген, халық киелі де қасиетті санаған Шах Махмуд Қарахан бабаның құрметіне «Әулиеата» деп атала бастады. Ал 1864 жылы Қоқан хандығы бекінісіндегі Әулие- ата қаласын Ресей патшалық үкіметінің әскерлері бекіністі шабуылдау кезінде жаулап алды. 1867 жылы қала Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысы құрамына еніп, көп ұзамай аттас уездің орталығына айналды.
Сол заманда қала негізінен бекіністен, базардан және айналасында азиялық қалаларға тән радиалды-сақиналы жүйемен салынған шағын елді мекендерден тұрды. Қазіргі Таразда сол кездегі төрт көшенің бірі – Наманған әлі күнге дейін сақталған. 1897 жылғы халық санағының мұрағаттық деректері бойынша, қала тұрғындарының саны қазақ, орыс, украин, беларус, өзбек, тәжік, татар сияқты көптеген ұлт өкілінен құралған 11 722 адамға жеткен. Сондай-ақ қалада шойын құю, темір ұстаханалары, былғары және сабын өндірісі, монша, 8 мешіт және 3 керуен сарайы жұмыс істеген.
Әулиеатаны алғашқылардың бірі болып 1867 жылдары П.Лерх зерттесе, 1864 жылдары алғаш шығыстанушы В.Каллаур «План крепости Аулие- ата» деген қала жоспарын жасап, өзінің қала туралы ой-тұжырымдарын бөліседі. Ол 1880 жылғы сәуірдің 30-ынан 1898 жылғы қараша айының 30-ы аралығында Әулиеата уезінің бастығы болған және Түркістан әуесқойлар үйірмесінде бірнеше рет осы зерттеу жұмыстары жөнінде баяндама жасаған екен.
Жалпы, XIX ғасырдың екінші жартысында Әулиеата уезінің Ресей құрамына енуі қаланың дамуына ықпал етті. Пайда болған теміржол мен пошта-телеграф байланысы қаланы Орталық Ресей және Орта Азиямен байланыстырды. Балалар үшін мектептер мен училищелер ашылды. Алғашқы көпшілік кітапхана өз жұмысын 1889 жылы бастады. Ал 1898 жылы қалалық саябақ пайда болды. Революциядан кейінгі жылдары «Бостандық бағы» аталған орын – бүгінде Тұрар Рысқұлов атындағы мәдениет және демалыс саябағы. 1904 жылы алғашқы Әулиеата ауруханасы мен дәріхана, 1915 жылы кинотеатр ашылды. Дәл осы Әулиеата кезеңінде қала жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолы салынған екен. Сонымен қатар 1936-1939 және 1979 жылдары Н.Бернштам бастаған археологиялық топ зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Соғыс жылдарындағы осы ғылыми қазба зерттеудің барысында көптеген көне жәдігер мен өте керемет сәулет өнерінің бірі – Тараз моншасы табылады. Нағыз мәдениеттің түркі халықтарында жатқанына осы монша көздерін жеткізді.
Осындай ұлы мәдениеттің орталығы болған Әулиеата қаласы 1936 жылы бір мезгіл Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған, кейін қуғын-сүргінге ұшырап, атылған Левон Мирзоянның атымен «Мирзоян» болып өзгертілді. Ал 1938 жылы қала халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімін алды.
Мұнда бұрын-соңды болып көрмеген жыр алыбы бұл жаңалықты екіұшты қабылдағаны белгілі. Бұл айтулы сәт туралы ел аузында таралған әңгіме де бар. Қалаға аты берілгеннен кейін ақынды шақырып, зор қошеметпен күтіп алады. Пойыздан түсе салған Жамбыл Жабаев жерге тізерлеп отырып: «Атыңнан айналайын, Әулиеата, атыңды тартып алсам, болма қапа!» – деп бетін сипап, содан кейін ғана халыққа мойын бұрған екен.
Тәуелсіздікпен бірге түлеген Тараз
«Мың өліп, мың тірілген» халқымыз 1991 жылы ата-баба аңсаған азат күнге жетті. Қазақ мемлекеті тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін 1997 жылы 7 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қаламыздың ежелгі аты қайтарылып, Тараз атанды. Тараз қаласының салынғанына 2000 жыл толуы әлемдік деңгейде 2002 жылдың 25-26 қыркүйегінде тарихта мәні зор оқиға ретінде кең көлемде атап өтілді. Шаһардың 2000 жылдығына орай көптеген тарихшы ғалым ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көп жыл бойы белгісіз болып келген тарихтың жаңа беттерін ашып, қала тарихының дамуына елеулі үлес қосты.
Ал 2011 жылы басталған ежелгі қоныстың археологиялық қазбалары аймақтың екі мың жылдық тарихының бірегей жәдігерлерін тапты. Осылайша күннен-күнге жанданып, аңыздармен көмкерілген ежелгі қала өз тарихының жаңа кезеңіне қадам баcты.
Сонымен бірге 2015 жылы шаһар төрінде ұлт рухын көтерген ұлы дүбірлі той өтті. Атап айт- қанда, сол жыл Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын мерекелеу жылы болып есте қалды. Бұл дүбірлі тойдың біздің топырақта өтуінің өзіндік негізі бар. Себебі біздің аймақ – Жәнібек пен Керей хандар қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған қасиетті өлке. Айтулы мерейтойдың негізгі салтанатты шараларының бірі – Тараздың батысындағы кіреберісте «Қазақ хандығының 550 жылдығы» ескерткішінің ашылуы болды. Бүгінде бұл нысан Таразға табан тіреген туристер мен шаһар жұртының тынығатын орнына айналған.
Сонымен қатар салтанатты шарада Таразда көне қалашықтың археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп отырған бұрынғы «Көк базардың» орнында құны 1,23 млрд теңгені құраған «Көне Тараз» археологиялық паркі ашылды. Әрі мерей- той аясында Таразға ҚХР-дың Сиань қаласынан Ұлы Жібек жолының бағдарымен бір жылға жуық жүрген шай керуені келген болатын.
2018 жылы тарихи Тараздың сәулеттік кес- кін-келбетін жаңарту мақсатымен Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы қайта жөндеуден өтіп, саябақ ішінен «Ерлік» мемориалдық кешені ашылды. «Үшбұлақ» каналының жағалауы абаттандырылды. Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ толық жаңғыртудан кейін ел игілігіне берілді. «Желтоқсан-86» орталығы, Шахмат алаңшасы, балалар ойын алаңы, сондай-ақ «Ғиб- рат» орталығы ашылды. «Желтоқсан» аллеясында ұзындығы 220 метрді құрайтын республика көлеміндегі ең ұзын субұрқақ іске қосылды.
Ал 2019 жылы Ы.Сүлейменов көшесінің бойына орналасқан «Атшабар» аллеясы көркімен көз тартатын «Жастар аллеясына» айналды. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай ашылған демалыс орнында «Ұлы Дала ұландары» стеласы, «Білім» алаңы, «Jastar» қабілет орталығы, «Кітап» ескерткіші, LED экран мен сахна алаңшасы бой көтеріп, заманауи үлгідегі 2 субұрқақ іске қосылды. Сонымен бірге Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай Тараз қаласында халқымыздың көне өркениетін айшықтайтын «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені мен «Тектұрмас» этно-тарихи кешені халық игілігіне берілсе, 2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шаһарда «Анаға тағзым» орталығы ашылды.
Сондай-ақ 2022 жылы Тараз шаһары Дүние- жүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енген болатын. Дерекке жүгінсек, қолөнершілер қалаларының жаһандық тізімін қалыптастыру жұмысы 2014 жылдан бастап жанданыпты. Дүниежүзілік ұйымға қазіргі кезде әлемнің 25 елінің 65 қаласы енген. Көне Тараз бұл тізімге 56-шы қала болып кірген екен. Ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, қолөнер шеберлерінің тамаша туындыларымен байырғы дәуірден-ақ талайларды тәнті еткен тарихи қаланың мұндай мәртебені алуы заңдылық.
Сонымен бірге өткен жылдың мамыр айында Тараз қаласында «Көне қамал» тарихи нысанының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жалпы, «Көне қамал» – «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің жалғасы. Оң қабырғасы жасанды тастармен қапталған, ұзындығы 220 метрге жететін қорған ортағасырлық архитектура үлгісімен бой көтерген. Мұнда көне қалалар мен қамалдардың стилі сақталып, цитадельдер мен керуен сарайлар бейнесі жаңғыртылған. Жоспарға сәйкес, бұл жерде апта сайын түрлі мәдени-рухани іс-шаралар мен шеберлер көрмесі ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына рухани демалыс алаңына айналды.
Көкжиегі кеңейген көне шаһар
Бүгінде Тараз қаласы күннен-күнге тотыдай таранып, жаңаша кейіпке еніп келеді. Әсіресе, соңғы 4 жылдың бедерінде облыс орталығында атқарылған ауқымды жұмыстар баршылық. Соның ішінде ең елеулісі – көне шаһардың аумағы кеңейіп, екі ауданның құрылуы. Тараздың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатымен қаланың Бас жоспары қайта қаралып, оған толықтырулар енгізіліп, Үкіметтің 2024 жылғы 29 қаңтардағы қаулысымен бекітілді. Осы Бас жоспар көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды жер учаскесімен, пәтермен қамтамасыз ету, шаһар аумағын абаттандыру, көгалдандыру, сәулеттік келбетін жаңғырту, туризмді дамыту секілді негізгі бағыттарды қамтиды.
Соған сәйкес іргедегі Байзақ, Жамбыл аудандарынан бірнеше елді мекен қала аумағына қосылып, облыс орталығында Әулиеата және Жібек жолы аудандары құрылды. Екі ауданның құрылуы нәтижесінде қаланың жер көлемі 19 мың гектардан 31 мың гектарға дейін ұлғайып, халық саны 437 мыңнан 482 мыңға жетті.
Шаһарда екі ауданның құрылуы қаланың аумақтық тұтастығын, бүкіл қаланы бақылауды, жалпыұлттық қызметтерді аумақтық ұйымдастыру, төтенше жағдайлар кезінде күштерді жедел ұйымдастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, Байзақ ауданынан Талас ауылы, «Талас» стансасы мен Қызылжұлдыз елді мекендері қосылды. Жамбыл ауданынан Шайқорық, «Шайқорық» стансасы, Танты, Қоңыртөбе, Бектөбе, Қызылшарық, Сұлутөр, Кемел, Түркісіб, Жалпақтөбе, Ақбұлым ауылдары қалаға кірді.
Қаланың қарқынды дамуы мен тұрғындар санының артуы жол инфрақұрылымына қойылатын талапты да күшейте түсуде. Сапалы әрі қауіпсіз жол тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлылық сыйлап қана қоймай, шаһардың экономикалық және әлеуметтік дамуына зор септігін тигізеді. Осыған орай Таразда соңғы 4 жылда жолдарды жөндеу, көшелерді жаңғырту және көлік қозғалысын реттеу бағытындағы жұмыс- тарға айрықша басымдық беріліп келеді.
Кеңірек тоқталсақ, 2022-2025 жылдары Таразда 325,2 шақырымды құрайтын 516 көшеге асфальт, 320 көшеге қиыршық тас жол салынды. Әсіресе, көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» алабында – 75 және «Барысхан» тұрғын алабында 24 көшеге асфальт жабындысы төселді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы 4 жылда қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 56,2 пайыздан 71,5 пайызға дейін артты.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де толастаған жоқ. Осы жылдың жоспарына сәйкес, ұзындығы 34,7 шақырымды құрайтын 42 көшені жөндеу, ұзындығы 14,8 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Рысбек батыр көшесінде қайта жаңғырту жұмыстары аяқталса, Қолбасшы Қойгелді, А.Асқаров көшелерін жаңғырту әлі де жалғасып жатыр. Бұл көшелерде жол жабынын толық жаңарту, инженерлік желілерді ретке келтіру, жол жиегін абаттандыру және көлік қозғалысын заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыс- тары қатар атқарылып жатыр.
Қала аумағы кеңейіп, жолаушылар ағыны артқан сайын қоғамдық көлік жүйесіне түсетін жүктеме де көбейеді. Осындай жағдайда жаңа автобустар шығару, бағыттарды оңтайландыру, қызмет сапасын көтеру мен тасымал жүйесін жаңғырту – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Бұл шаралар тұрғындардың уақытын үнемдеуге, қатынас қолайлылығын арттыруға, көлік кептелісін азайтуға және экологиялық жүктемені төмендетуге де ықпал етеді.
Сондықтан қала әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар тізгінін ұстай салысымен осы мәселені шешуге ерекше екпін түсірді. Соған сәйкес қаланың 2023-2025 жылдарға арналған Даму жоспарында жыл сайын 70 қоғамдық көлік алу көзделген болатын. Өз кезегінде бұл жұмыстар қоғамдық көліктердің тозу деңгейін төмендетуге, тұрғындар үшін сапалы, қолайлы тасымал ұйымдас- тыруға бағытталды. Аталған жоспарға сәйкес, 2023 жылы – 73, 2024 жылы – 155, өткен жылы 91 қоғамдық көлік алынды. Биыл жыл басынан бері 24 автобус жеткізілді. Осылайша жаңарған қоғамдық көліктердің саны 380-ға жетті. Нәтижесінде жаңа автобустардың үлесі 57 пайыздан 82,9 пайызға артып отыр. Қоғамдық көлік саны 330 бірлік автобустан 522 бірлік автобусқа дейін көбейді. Жолаушылар бағыттарына қосымша 13 бағыт қосылып, қазіргі уақытта 46 бағытқа жетті. Соңғы 3 жылда тасымалданған жолаушылардың саны 36,5 пайызға немесе 14,4 млн жолаушыға артты. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «Алматыэлектротранс» ЖШС-дан 50 дана автобус коммуналдық меншікке алынуда. Бұл автобустар автопарктерге сенімгерлік басқаруға беріледі. Сонымен қатар соңғы жылдары 196 жаңа аялдама орнатылған. Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын табуда.
Бұдан бөлек, тұрғын үйлерді жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жылу желілерін жаңғырту, өзге де сан салада атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жетерлік. Осының арқасында сүйікті шаһарымыз адам танымастай өзгеріп, заманауи құрылыстар бой көтеріп, сәулеті мен дәулеті жарасқан ғимараттар керегесін кеңге жайып, көне қалаға жаңа келбет сыйлап көшелері көркейіп, саялы саябақтары жасарып, тарих пен жаңашылдықты тоғыстырған еңселі өңір орталығына айналып келеді.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ