Құтқарушы – қиын сәтте адамның жанынан табылып, қауіптің бетін қайтаруға асығатын маман. Сондықтан өскелең ұрпаққа қауіпсіздік талаптарын ерте жастан үйрету, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастырудың маңызы зор. Осы бағытта Тараз қаласында «Жас құтқарушы» клубының жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
«Жас құтқарушы» клубының мақсаты – оқушыларды болашақ мамандыққа бағыттаумен ғана шектелмейді. Оның басты мәні – баланың күнделікті өмірде қауіптің алдын ала біліп, төтенше жағдай кезінде өзіне де, өзгеге де көмек көрсете алатын жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал ету. Сабақтар мен тәжірибелік жаттығулар барысында алған білім жасөспірімнің өмір қауіпсіздігіне деген көзқарасын қалыптастырады.
– Аталған жұмыстар Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 46-бабының 3-тармағын іске асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 16 наурыздағы №133 бұйрығымен бекітілген «Жас құтқарушы» клубтары іс-шараларының жоспарын ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар негізінде жүзеге асырылуда.
Жаңа оқу жылына арналған «Жас құтқарушы» клубының сабақтарын өткізудің бірлескен күнтізбелік жоспарына сәйкес, Тараз қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мен Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі жедел-құтқару жасағының қызметкерлері бірлесіп, А.Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияда ауқымды жұмыстар атқарды. «Мыңбұлақ» шағынауданындағы білім ордасында 154 оқушыны қамтыған 33 дәріс өткізіліп, 88 оқушы қатысқан үш «ашық есік» күні ұйымдастырылды, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Карина Карташова.
Сонымен бірге оқушыларға жер сілкінісі кезінде, улы газбен уланған жағдайда және түрлі жарақат алған кезде қалай әрекет ету керектігі түсіндіріліп, осы бағыттар бойынша 11 тәжірибелік сабақ өткізілген. Сондай-ақ өткен жылы 7 мамырда жас құтқарушылар «Батырлар» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, ел қорғаған ерлердің ерлігін ұлықтаса, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Жеңіс» саябағында ұйымдастырылған мерекелік шарада флешмоб көрсетіп, концерттік бағдарламаға қатысқан.
– Клуб жұмысының маңызды бағыттарының бірі – оқушыларды құтқарушы мамандығымен жақынырақ таныстыру. Осы мақсатпен өткен жылғы 15 мамырда «Жас құтқарушы» үйірмесінің облыстық жарысы Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өткізілді. Жарыс барысында оқушылар өздерінің шапшаңдығын, ептілігін, қауіпсіздік саласындағы білімін көрсетіп, командалық жұмыс дағдыларын шыңдады.
Биыл да Тараз қаласындағы «Жас құтқарушы» клубының жұмысы жалғасын тауып, клуб құрамына Тараз қаласындағы №47 орта мектептің 8, 9 және 10-сынып оқушылары қосылды. Жаңадан клуб құрамына қосылған оқушылардың құтқарушы мамандығына қызығушылығын арттыру мақсатымен 9 қыркүйекте М.Айманов атындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде «ашық есік» күні өтті. Танымдық шараға Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, «Қызыл Ай» қоғамының өкілдері, Тараз мамандандырылған колледжінің студенттері және №41, №47 орта мектептердегі «Жас құтқарушылар» клубының мүшелері қатысты. Шара барысында оқушылар бөлім қызметкерлерінің күнделікті жұмысымен танысып, өрт сөндіру-құтқару техникасы мен арнайы жабдықтардың қолданылу тәртібін көрді. Мамандар жасөспірімдерге құтқару қыз- метінің қыр-сырын түсіндіріп, қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын ескертті. «Ашық есік» күні барысында бөлім аумағында орналасқан, 2021 жылы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза болған қызметкерлердің өмірі мен қызметіне арналған музейге де экскурсия ұйымдастырылды, Олар өрт сөндірушілер мұражайын аралап, азаматтық қорғау қызметінің тарихымен танысты. Бұдан бөлек, заманауи өрт сөндіру техникалары мен арнайы құрал-жабдықтар көрсетіліп, олардың қандай жағдайда және қалай қолданылатыны түсіндірілді. Құтқарушының жұмысы сырт көзге батылдық пен шапшаңдықты ғана қажет ететіндей көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік, кәсіби дайындық және тәртіп тұрғанын балалар осындай кездесулер арқылы сезінеді, – дейді К.Карташова.
Жалпы, «Жас құтқарушылар» клубтарының жұмысы кездесулермен ғана шектелмейді. Тараз қаласының Төтенше жағдайлар қызметі білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Мәселен, биылдың өзінде жалпы білім беру мекемелерінде интерактивті сабақтар мен «ашық есік» күндері ұйымдас- тырылып, оқушыларға өрттің алдын алу, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі және эвакуация ережелері түсіндірілген. «Қауіпсіз балалық шақ» акциясы аясында да 200-ге жуық оқушы қамтылып, танымдық викториналар мен сахналық қойылымдар өткізіліп, өрт сөндіру-құтқару техникасы таныс- тырылған.
Мұндай шаралар шаһарда тұрақты түрде ұйымдастырылып, жасөспірімдердің төтенше жағдай кезіндегі дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталып келеді. Соның бір мысалы – өткен аптада Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-патриоттық мектеп-интернатымен жасалған меморандум аясында жас құтқарушыларға арналған практикалық сабақтың өткізілуі.
Тәжірибелік сабақ барысында оқушыларға төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздік талаптарын сақтау және қиын сәтте сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдау жөнінде маңызды ақпараттар берілді. Балалар жер сілкінісі кезіндегі алғашқы әрекеттерді, «дабыл сөмкесін» дұрыс дайындауды, өрт сөндіру құралдарын қауіпсіз пайдалануды үйренді. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек көрсету, судағы қауіпсіздік шараларын сақтау және төтенше жағдай кезінде тиісті қызметтерге хабарласу тәртібі түсіндірілді. Мұндай сабақтардың ерекшелігі – теориялық білімнің тәжірибемен ұштасуында. Яғни, оқушылар қауіпсіздік ережелерін тыңдап қана қоймай, оны іс жүзінде орындаудың жолдарын меңгереді.
– Осы бағыттағы жұмыстар Тараз қаласындағы білім беру ұйымдарында да жалғасын тауып келеді. Мәселен, Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері №15 гимназияның оқушылары мен педагогтарымен бірлесіп, сейсмикалық оқу-жаттығу өткізді. Жаттығу барысында жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, ғимараттан адамдарды ұйымдасқан түрде эвакуациялау тәртібі пысықталды. Белгіленген дабыл бойынша қатысушылар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып ғимараттан шығып, алдын ала белгіленген қауіпсіз алаңға шығарылды.
Оқу-жаттығу барысында оқушылар мен педагогтарға өрт қауіпсіздігі талаптары да жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, өрт болған жағдайда 101 нөміріне хабарласу, оқиға орнын нақты айту және алғашқы өрт сөндіру құралдарын қауіпсіз пайдалану тәртібі көрсетілді. Мұндай іс-шаралар төтенше жағдай орын алған сәтте абдырап қалмай, қалыптасқан жағдайға сай әрекет етуге үйретудің тиімді тәсілдерінің бірі.
Жас құтқарушылармен жүргізілетін жұмыстардың тағы бір маңызды бағыты – балалардың құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын арттыру. Өйткені құтқарушы мамандығына деген алғашқы қызығушылық көбіне осындай кездесулерден басталады. Бүгін қауіпсіздік ережесін үйреніп, құтқарушының еңбегін көзбен көрген жасөспірім ертең осы саланың білікті маманына айналады. Сондықтан жас құтқарушылармен өткізілетін әрбір сабақтың, әрбір оқу-жаттығудың астарында өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырумен қатар, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу мақсаты жатыр, – дейді маман.
Әрине, мұндай жұмыстардың мәні тереңде. Себебі қауіпсіздік ережесін бала кезден меңгерген жас кез келген жағдайда өзіне ғана емес, айналасындағыларға да көмектесе алады. «Өрт шыққанда не істеу керек, түтін басқан бөлмеден қалай шығу қажет, алғашқы медициналық көмекті қалай көрсетуге болады, қандай жағдайда 101 немесе 112 нөміріне хабарласу керек?» деген қарапайым қағидалардың өзі кейде адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Бүгінде Тараздағы жас құтқарушылар үшін әрбір дәріс, әрбір тәжірибелік сабақ пен «ашық есік» күні – өмірлік маңызы бар білімнің бір баспалдағы. Қауіпсіздік мәдениеті бала кезден қалыптасса, төтенше жағдайдың алдын алуға да мүмкіндік мол. Сондықтан жас ұрпаққа қауіпсіздік негіздерін үйретіп, құтқарушы еңбегін танытуға бағытталған мұндай жұмыстардың тәрбиелік мәні де, қоғамдық маңызы да зор.
Жұматай КӨКСУБАЙ