Кешегі бала ертең ел тізгінін ұстайтын азамат болмақ. Сондықтан да жас ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарауға болмайды. Халқымыз «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпаған. Әрине, тәрбие талбесіктен басталады. Себебі сәбидің жүрегі таза, санасы қабылдағыш келеді. Ол айналасындағы әрбір әрекетті көріп өседі, естігенін көңіліне тоқиды.
Баланың ата-анадан өмірге алып шығатын азығы көп. Сол азықтың бірі – тәрбие, бірі – мейірім, бірі – болашаққа бағыт. Кейде өмір жолына қарап отырып, қуаныш пен қасіреттің қатар жүретінін түсінесіз. Бір сәт шаттық сыйласа, бір сәт ауыр ойға жетелейді. Қоғамға көз салсақ, кейде бірін-бірі жау көретіндей күй кешетін халықты көреміз. Интернет те ақпарат алу мен пайдалы дүниені тарату үшін емес, кейде біреудің айыбын әшкерелеу құралына айналып барады. Ашуға толы сөздер, қайғыдан қажыған адамдар, жанын ішке бүккен жастар көбейіп келеді. Бұл – ойлануға тұрарлық жағдай.
«Болашақ – жастардың қолында» дейміз. Бірақ соңғы уақытта қаралы хабарлардың жиілеуі жүрекке ауыр тиеді. Болашақтың үміт оты тұтанар шақта жалынды жастардың өмірден ерте кетуі – бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның қайғысы. Қазақ өнерінің алыбы, жерлесіміз Асанәлі Әшімов «1001 түн» бағдарламасында берген соңғы сұхбатында: «Балаларымның өмірден ерте кетуін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Олар – ата-ананың жүрегінің бір бөлігі. Ең болмаса, беттерінен бір рет болса да сүймеген екенмін, өкінем», – деген еді. Бұл сөз – әр ата-анаға ой салатын ауыр да маңызды сабақ.
Байқап отырсақ, бүгінде қоғамда рухани бос кеңістік байқалады. Бұл – әлсіздіктің емес, назарсыздықтың белгісі. Жастардың өз-өзіне қол жұмсауы кімді ойландырмайды? Бұл кімнің жауапкершілігі? Ата- ананың ба, әлде қоғамның ба? Бұл сұрақ бәрімізді толғандыруға тиіс. Отбасы құндылығы осы мәселемен тікелей байланысты. Тәрбие тек тамақ пен киім емес. Тәрбие – сөз, үлгі, қарым-қатынас. Баламен сөйлесудің орнын телефон басқан заманда өмір сүріп отырмыз. Бір сағат шынайы әңгіме құрудың өзі – үлкен тәрбие. Актер Еркебұлан Дайыров: «Балаларым телефонсыз өсіп жүр. Себебі баланың жан дүниесін әлсірететін – технология емес, назарсыздық», – дейді.
Бақытты сырттан емес, үйден іздеу керек. Әр парағынан ой түйіп, кітап оқып, кем дегенде күніне бір адаммен терең әңгіме құра алған жан рухани да, психологиялық тұрғыдан да берік болады. Белгілі психолог Айгүл Рахметқызы бала тәрбиесінде ата-ананың жіберетін негізгі қателігі не екені жайында мынадай ой айтады.
– Бала өте сезімтал, байқағыш болып келеді. Сондықтан олардың қойған сұрағына дұрыс жауап беріп, түсіндіру арқылы балаға тура жолды бағыттап, ой-өрісін ұштау – әрбір ата-ананың болашақтағы үлкен парызы. Біз кейде балаға талап қоямыз. Дегенмен, оны орындауға талпынбайды, әрекет жасамайды, әр ісін қадағаламайды деп балаға ренжіп жатамыз. Жасыратыны жоқ, кей ата-аналар баланың еңбегіне немқұрайлы қарайды. Үй тірлігіне қатысты шаруаға қатыстырмайды, баланың жан-жақты дамуына көңіл бөлмейді. Балаға сенбейді. Сөйтіп балада «көрсем, білсем, үйренсем» деген ынта жоғалады. Осыдан бала жалқау, еріншек, бос болып өседі. Ал ата-ана баланың тілін тауып, оның қойған сұрағына ерінбей нақты әрі түсінікті етіп жауап берсе, жұмысқа деген қызығушылығын оятатын, еліктіретін әрекет етсе, бала кез келген тапсырманы орындауға құштар келеді. Кей ата-аналар керісінше баланы ренжіту, өзі қаламаған іске ырқынан тыс күштеп апару арқылы тәрбиелеп жатады. Мұндай әрекет баланың ызақор, жасқаншақ, ашуланшақ, сасқалақ, тұйық болып өсуіне алып келеді. Бала бойында кейде шектен шығып кеткен еркелік болады. Бала ойыншық алдыртумен бірге әсем киініп, тым шектен тыс еркелікке салынып, талап қойғыш болып кетеді. Кейбір ата-аналар жақсы ниетпен істелген ісі жамандық әкеледі деп ойламайды. Баланың тілегін орындаудың да өлшемі бар. Ал баланың ырқына көну бала бойында жат қылықтардың тууына себеп болады. Сонымен қатар бала ата-ананың әңгімесіне құлақ түргіш болып келеді. Мысалы, балаға керекті нәрсесін алып берерде өлшеуден асырмас үшін ата-ананың жауапкершілігі жоғары болу қажет, – дейді психолог.
Осы ретте өзім қатарлы жастарға айтарым – ортаны дұрыс таңдау маңызды. Түрлі саладағы адамдармен араласып, тілдік қорды дамытып, ой жүйесін қалыптастыру қажет. Сонда адам тану қабілеті артып, өмірге деген сенімі күшейеді. Қазіргі жастардың санасы не құйсаң, соны сақтайды. Сондықтан сапалы дүние беру – үлкендердің міндеті.
Қоғамда адал еңбек, жауапкершілік пен шынайы тәрбие үстемдік құрса, көптеген түйткілдің түйіні шешілер еді. Болашаққа балта емес, бағдар керек. Ол бағдар әр үйден, әр жүректен басталуға тиіс.
Балалар – болашақтың бағы. Әр отбасының ошағы жанып тұрсын, сөнбесін. Болашағымыз жастармен жарқырасын. Санасыздық пен жауапсыздыққа қоғамда орын болмасын. Атымыз аңызбен емес, адал еңбегімізбен есте қалсын. Бақилықпен емес, бақытты күндермен қуантайық. Бір-бірімізге мейіріммен қарап, жүрек жылуын сыйлай білейік.
Арнат БЕКМОЛДА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
Веб-журналистика мамандығының
4-курс студенті