2024 жылғы 26 желтоқсанда Тараз қалалық мәслихаты №25-6 шешімімен «Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасы бекітілген.
Қағидаға сәйкес, әлеуметтік көмекті алуға құқығы бар азаматтардың негізгі санаттары айқындалған. Олардың қатарына табиғи апат немесе өрттен зардап шеккендер, табысы төмен отбасылар, әлеуметтік маңызы бар ауруы бар адамдар, жетім балалар, қарттар және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар кіреді. Әлеуметтік көмек Тараз қаласында тұрақты тұратын азаматтарға ақшалай түрде көрсетіледі.
Сонымен қатар атаулы және мереке күндеріне орай біржолғы әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Мысалы, 9 мамыр – Жеңіс күніне Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне кемінде 5 миллион теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Ал басқа санаттағы ардагерлерге 50 мыңнан 150 мың теңгеге дейін төлем белгіленген. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне де бірқатар азаматтарға әлеуметтік қолдау беріледі.
Қағидада өмірлік қиын жағдайларға байланысты көрсетілетін көмектер де қамтылған. Мәселен, өрт немесе табиғи апат салдарынан зардап шеккен азаматтарға 300 айлық есептік көрсеткішке дейін біржолғы көмек қарастырылған. Қатерлі ісікке шалдыққан азаматтарға, отбасының жиынтық табысы жан басына шаққанда 3 күнкөріс деңгейінен аспаған жағдайда, жылына бір рет 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем беріледі.
Бұдан бөлек, тұрғын үйді газдандыруға байланысты әлеуметтік көмек енгізілген. Бұл көмек табысы төмен, жалғызілікті зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға және көпбалалы немесе ерекше қажеттілігі бар балалары бар отбасыларға беріледі. Көмек мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіштен аспайды.
Сонымен қатар ай сайынғы әлеуметтік төлемдер де қарастырылған. Атап айтқанда, отбасының жиынтық табысы жан басына шаққанда 5 еселенген күнкөріс деңгейінен аспаған жағдайда, туберкулезбен ауыратын азаматтарға 15 айлық есептік көрсеткіш, ал АИТВ жұқтырған балалардың ата-аналарына 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек беріледі.
Әлеуметтік көмек алу үшін азаматтар уәкілетті органға немесе www.egov.kz «Электрондық үкімет» порталы арқылы өтініш бере алады. Өтініш беру кезінде жеке басын куәландыратын құжат, табыс туралы мәліметтер және әлеуметтік көмек алуға негіз болатын жағдайды растайтын құжаттар ұсынылуға тиіс.
Өтініштерді қарау мерзімі 8 жұмыс күнін құрайды. Арнайы комиссия әрбір жағдайды жеке қарап, шешім қабылдайды. Егер өтініш беруші жалған мәлімет ұсынса немесе табысы белгіленген шектен асса, әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылуы мүмкін.
Жаңа қағидалар әлеуметтік көмекті көрсету жүйесін нақтылап, оны ашық әрі тиімді етуге бағытталған. Бұл шешім Тараз қаласының әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға және олардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Тараз қаласы әкімдігінің
жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімі