Жамбыл облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығында Республикалық Аналар кеңесінің «Аналар кеңесі: саналы қоғам қалыптастырудағы ананың рөлі» тақырыбындағы халықаралық форумы аясында тағылымды әрі тағдырлы кездесу өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Ауыл» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары Айгерім Арыстанбекқызы Сарсенбаева және ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Ыдырысқызы Шанай арнайы қатысып, орталықтағы аналармен және қызмет алушылармен жүздесті.
Кездесу барысында отбасы құндылықтарын сақтау, ана тәрбиесінің қоғамдағы орны, әйелдердің әлеуметтік қорғалуы мен психологиялық қолдаудың маңызы кеңінен сөз болды. Қонақтар дағдарыс орталығының жұмысымен танысып, қиын жағдайға тап болған әйелдерге мемлекет пен қоғам тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына тоқталды.
Форум аясындағы қайырымдылық іс-шарасында орталықтағы аналар мен балаларға арнайы сый-сияпаттар табысталып, жүрекжарды тілектер айтылды. Қоғам белсенділері ананың мейірімі мен тәрбиесі – ұлт болашағының негізі екенін атап өтті.
Өз сөзінде Айгерім Сарсенбаева аналардың қоғамдағы рөлі тек отбасы тәрбиесімен шектелмейтінін, олардың елдегі тұрақтылық пен ізгілік құндылықтарын қалыптастырудағы орны айрықша екенін жеткізді. Ал Нәзипа Шанай Аналар кеңесінің негізгі мақсаты – ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін айтты.
Тағылымды кездесудің қорытындысында қатысушылар қоғамдағы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасылық институтты нығайту және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарды бірлесе жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Іс-шара мейірім мен жанашырлықтың, аналық қамқорлықтың айқын көрінісіне айналды.