1996 жылдың 16 ақпанында алғашқы нөмірі жарық көрген облыстық «Jambyl-Taraz» газеті биыл 30 жылдық белесіне аяқ бас-ты. Осыған орай жыл басынан бері мерейтойлық шаралар легі жүйелі түрде өткізіліп келеді. Басылымның мерейлі белесіне арналған әдеби, мәдени-көпшілік, рухани-танымдық кештер спорттық жарыстармен жалғасын тауып, үнпарақтың оқыр- мандарымен әрдайым бірге екенін аңғартып отыр. Соның бірі – Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шағын футбол турнирі.
Жарыстың ашылу салтанатында «Jambyl-Taraz» газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Айман Тлеукеева мен аталмыш басылымның Бас редакторы Саятхан Сатылғанов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Ала доп аламанына барлығы 6 команда қатысты. Жарыс айналма жүйемен ұйымдастырылып, әр топ бір-бірімен күш сынасуға мүмкіндік алды.
Турнирдің түндігін айтыскер ақындардан құралған «Әулиеата ақындары» және дін саласы қызметкерлерінен жасақталған «Һибатулла» командаларының ойынымен түрілді. Қызметтері спорттан алшақтау болғанымен, қос тарап футболға келгенде қарап қалмайтындарын ойынның алғашқы минуттарынан-ақ анық аңғартты. Қолдарынан домбыра мен кітап түспейтін майталмандар доппен де дос екенін көрсетіп, бір-бірінің осал тұстарын табуға тырысты. Нәтижесінде екі команда да өз мықтылақтарын дәлелдеп, 1:1 есебімен тең тарқасты.
Келесі кезекте жасыл алаңда «Jambyl» телеарнасының «Жамбыл ТВ» және Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының «Руханият» құрамалары өзара мықтыны анықтады. Ала допты ырқына көндіріп, қақпаға тоғытуға тырысқан қос команда тартысты ойын көрсете білді. Алайда сәттілік телеарна қызметкерлеріне серік болып, 3:1 нәтижесі тіркелді.
Ал «ШТК» мен «Әулиеата медиа» құрамалары арасында өткен ойын осы турнирдегі ең қызықты кездесулердің бірі болды. Өліспей беріспеуге бекінген қос команда жасыл алаңда бар өнерін көрсетіп, қарсылас қақпасын нысанаға алумен болды. Бірінен кейін бірі зеңбіректің оғындай көз ілеспес жылдамдықпен ұшқан доптар ойыншылардың асқан дайындықпен келгенін анық аңғартты. Алайда ұрымтал сәтті оңтайлы пайдаланып кеткен «ШТК» футболшылары есеп ашып, ойындағы жалғыз голдың авторы атанды. Есеп – 1:0.
Осылайша тартысты өткен турнирде барлық команда бір-бірімен кезектесе ойнап, кім мықтыны анықтауға тырысты. Жарыс нәтижесі бойынша 9 ойын қорытындысымен ең көп ұпай жинаған «ШТК» құрамасы ала доп аламанының жеңімпазы атанды. ІІ орын дін қызметкерлерінен құралған «Һибатулла» командасы иеленсе, жүлделі ІІІ орын «Жамбыл ТВ» ойыншыларына бұйырды. Ал жекелеген аталымдар бойынша «Үздік қақпашы» – Кенен Ембердиев («Әулиеата медиа»), «Үздік қорғаушы» – Рай Дөңбай («Һибатулла») және «Үздік шабуылшы» Төлеби Сағатдинов («ШТК») деп танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, аталым иегерлеріне ұйымдас- тырушылар тарапынан кубок, медальдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Еркін САЙЫН