Қасіретті 1941-1945 жылдардың ауыртпалығын аға буын ұмыта қояр ма екен? Сол бір отты жылдары Отан қорғауға аттанған әрбір бозбаланың жүрегінде астарлы арманы бар еді. Бірі сүйіктісіне қосылуды қиялдаса, бірі сәбиінің жұпар аңқыған алқымынан бір иіскеуді бақыт санады. Бірі анасының құшағын аңсаса, енді бірінің тілегін әпке-қарындасы тілеп күткен-ді… Ал жеңістің көктемін көру бәріне бірдей бұйырмады.
Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама қандасымызды қыршынынан қиып, халқымызды селдіретіп тастағанымен, рухымызды тұншықтыра алған жоқ. Керісінше соғысқа дейінгі кезеңде қудалауға ұшыраған ұлттың ұлдары қан майданда өздерінің қайсарлығын дәлелдеп, елдің еңсесін көтерді. Бір жоғалту екінші бір нәрсені тауып беретіні секілді, соғыс біздің рухымызды шыңдады: батырларымыз батыр ұлттың ұрпағы екенімізді танытса, ақындарымыз от ауызды, орақ тілді елдің ертеңінің кемел екенін дәлелдеді.
Бүгінгідей бейбіт заманда Ұлы жеңістің 81 жылдығын тойлап жатырмыз. Жеңістің бізге оңай келмегені тарих беттерінде бар. Күн санап қатары азайып бара жатқан ҰОС ардагерлерінің өз ауыздарынан да сұрапыл соғыстың, атыс-шабыс пен майдандағы жан беру мен жан алуларды талай естідік те. «Менің атам – майдангер» айдарының бүгінгі кейіпкері – Нұркелді Мұстафаев. Нұркелді №39 мектеп-гимназиясында дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ұстаздың атасы Мұстафа жайлы ақпарат жинау барысында соғыс ардагері өз қолымен жазған өмірбаянды таптық. Мұстафа Шахабаев 1924 жылы дүниеге келген. Сарысу ауданы, Байқадам (қазіргі Саудакент) ауылының тумасы. Ол кісі кедей шаруасының отбасында туып өскен. Әкесі Шахабай 1930 жылдан колхоз мүшесі болған. Майдангер 1934 жылдан бастап білім алған. Ал 1942 жылы қазан айында әскер қатарына алынып, 124-ші атқыштар полкінде пулеметші болып Отан алдындағы борышын атқарған.
– Майдангердің немересі болғанымды мақтан етемін. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, атамның ерлігі туралы, оның өмір жолы туралы бала күнімнен Бейсенкүл апамның айтуы бойынша санамда сақталды. Мұстафа үйдің үлкені болғандықтан, әкесі Шахабайға көмек беру мақсатымен жұмысқа тұру үшін жасын үлкейтіп төлқұжат жасаған. Еңбек етіп жүрген жылы соғыс басталған. Төлқұжатта кәмелеттік жас көрсетіп тұрғанымен, негізінде атам шамамен 16-17 жаста болған. Ол соғысқа өзінің туысқан ағасымен аттанады. Майданның ортасында жүргенде атама таңдана қараған бір үлкен кісі: «Балам саған қарасам, сен әлі жап-жассың ғой, сенің ата-анаң бар ма?» – деп әңгімеге тартқан. Атам өз ата-анасының бар екенін айтады. Сонда үлкен кісі: «Балам, сен соғыстан тірі қайтасың», – деген. Атам өзіне қойылған сұраққа таң қалып: «Сіз менің елге аман оралатынымды қайдан білесіз?» – десе: «Сенің үйде тілеуіңді тілеп отырған ата-анаң бар, сен тірі қайтасың. Біздің қайту-қайтпауымыз екіталай, өйткені біздің ата-анамыз жоқ. Ал тілеуі бар тірі оралады», – деген екен. Соғысқа бірге барған туысқан ағасы майданда атамның көзінше жан тапсырған. Украина жерінде, тарихқа сүйенсек те, соғыс Днепр өзенінің бойында болған. Атам су өткелдерінен өтіп бара жатқанда қолына оқ тиіп, сол қолынан айырылған. Өзекті өртейтіні – атамды көре алмағаным, – дейді Нұркелді Мұстафаев.
Майдангер 1943 жылы қараша айында №946 ауруханаға сол қолынан жаралы болып түскен. Ал 1944 жылы маусым айында елге оралған солдат өзі туған колхозында жұмыс істейді. «Колхоз правлениясы мені 1948 жылы күз айында Жамбыл қаласындағы 1 жылдық ауыл шаруашылық мектебіне жіберді. Сол мектепті бітіргеннен кейін Байқадам селосында зоотехник болып 5 жыл жұмыс істедім. 1954 жылдың мамыр айынан бастап отбасылық жағдайыма байланысты «Ұланбел-Шу қаракөл қой совхозына» келдім. Бұл совхозда төрт жылдан астам уақыт жұмыс істедім», – деген екен майдангер өз өмірбая- нында. Соғыстан қайтқан солдат 1958 жылдың қыркүйегінен бастап Ұланбел орта мектебінде есепші болып жұмыс атқарған. Мұстафа Шахабаевтың өзі 1960-1961 оқу жылында Ұланбел орта мектебінде кешкі мектептің 10 класын бітірген. Елге оралғаннан кейін Мұстафа Шахабаев шаңырақ көтеріп, Бейсенкүл апамен 5 ұл, 4 қыз сүйеді. Жарты ғасырдың куәсі болған майдангер 1974 жылы өмірден озған. Бүгінде 9 ұл-қыздан тараған 34 немере мен шөбере аталарының ерлігін ауыздан-ауызға айтып жүр. Сондай-ақ «Жеңіс» саябағында жауынгерлер мемориалдық тақтасында батыр- дың есімі тасқа қашалып жазылған.
Иә, сұрапыл соғыс қай қазақтың болсын шаңырағын ойрандап, қара жамылдырды. Менің арғы атам Төлеубай Базарбаев та майданның құрбаны болды. Әжемнің айтуы бойынша есімде қалғаны, тіпті, атамның қаза тапты деген қара қағазы да келмепті. Төлеубай Базарбайұлы 1908 жылы Сарысу ауданында дүниеге келген. Жары Құндызбен екі ұл, бір қыз сүйіп, талай нәубатты жылдарды бастан кешірген. Ал 1943 жылы өзінің туған жерінен Қызыл әскер қатарына шақыртылып, ұрыс даласына аттанған. Атамнан майданнан келген бір хаттың болғанын бала кезде естігенмін. Содан Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Менің атам майдангер», «Менің әкем майдангер» атты айдарлармен майданға кетіп оралмаған, ерлікпен қаза тапқан аталарымыз туралы «Жамбыл-Тараз» газетінің әр санында жазған едім. Сол жылдары түрлі сайттарға атам туралы ақпарат іздеп барлық мүмкіндік болған жерге хат жолдадым. Хатыма 2020 жылы 26 мамыр күні жауап келді. «Атамның Аманаты» қоғамдық бірлестігі арқылы біз атамыз туралы толық мәлімет алдық. Ол 1942 жылы 23 қараша күні соғыс даласында оқ тиіп, қаза болыпты. Ресейдегі Ленинград облысы, Лычковский ауданы, Высочек ауылында жерленгені белгілі болды. Мұнда 1941-1945 жылы ерлікпен қаза тапқан 502 адам жерленіпті. Бірақ тек 302-нің ғана аты жөндері белгілі екен. Сонымен қатар газет арқылы атамыздың жерленген мекені туралы толық ақпарат алдық.
– Бұл біздің әулет үшін үлкен қуаныш болды. Адам ешқашан үмітін үзбейді ғой. Біз де атамыз соғыстан тірі қайтып, есін жоғалтып алған шығар деген түрлі ойлармен өмір сүрдік. Ұл-қыз- дарының ешқайсысы әкелері туралы білмей кетті. Жеңістің 80 жылдығында әпкем Ғалия Құрбанқызы мен ағам Нұрым Қорғанбайұлы аталарының басына туған жерден топырақ алып барып, Құран бағыштап, туған жеріне топырағын алып келді. Бүгінде Ұланбел ауылына атамыздың басын көтеріп, ескерткіш орнаттық. Ендігі ұрпақ атамның ерлігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетініне сенемін, – дейді майдангердің немересі Зере Құрбанқызы.
Түйін
Біз ұсынған «Менің атам – майдангер» айдарының кейіпкерлері ғана емес, ұрыс даласында елі мен жері үшін жан берісіп, жан алысқан әрбір ұлттың, әрбір шаңырақтың айтарға өз естеліктері бар. Жеңістің ақ таңын атыр- ған әрбір сарбаз ел есінде. Майдан шебінде ерлікпен қаза тапқан, елге жаралы оралған, жеңістің көктемін бірге көрген сарбаздардың есімін ұлықтайтын ұрпағы барда ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі өскелең ұрпақ ата аманатына адал.
Арайлым ШАБДЕНОВА