Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жақсылыққа ұйытқы бол, «Жас сақшы»!

0 40

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың құқықтық сауатын арттыру және қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілігін қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Осы мақсатта еліміздің білім беру жүйесінде түрлі әскери-патриоттық жобалар жүзеге асырыла бастады. Солардың бірі – «Жас сақшы» сыныптары.

«Жас сақшы» сыныптарының пайда болуы тәуелсіз Қазақстанның құқық қорғау жүйесінің дамуы мен жастар тәрбиесіне жаңа көзқарастың қалыптасуымен тығыз байланысты. 2000-шы жылдардың ортасында Ішкі істер органдары мен білім беру саласының бірлескен бастамалары нәтижесінде алғашқы арнайы сыныптар ашыла бастады. Бұл жобаның негізгі мақсаты – мектеп қабырғасынан бастап болашақ тәртіп сақшыларын тәрбиелеу, жастарды заңды құрметтеуге үйрету және қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру болды.
Алғашында жекелеген аймақтарда пилоттық жоба ретінде іске қосылған «Жас сақшы» сыныптары уақыт өте келе өзінің тиімділігін дәлелдеп, респуб- лика көлемінде кеңінен тарала бастады. Жобаға деген қызығушылықтың артуы оның тәрбиелік және әлеуметтік маңызының жоғары екендігін көрсетті.
2010-шы жылдардан бастап «Жас сақшы» қозғалысы жаңа деңгейге көтерілді. Еліміздің көптеген облысында полиция департаменттері мен мектептер арасында тығыз байланыс орнатылып, арнайы оқу бағдарламалары енгізілді. Оқушылар тек жалпы біліммен шектелмей, құқық негіздері, алғашқы әскери дайындық, саптық жаттығулар және өзін-өзі қорғау элементтерін меңгере бастады. Сынып оқушылары арнайы форма киіп, тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетуге ұмтылады. Сонымен қатар олар түрлі патриоттық акцияларға, қоғамдық іс-шараларға, әскери-патриоттық жарыстар мен байқауларға белсенді қатысады.
– «Жас сақшы» сыныптарының бас- ты ерекшелігі – жан-жақты тәрбие беру. Мұнда оқушылар Отанға деген сүйіспеншілікті терең сезінеді, заң мен тәртіптің маңызын түсінеді. Сондай-ақ қоғам алдындағы жауапкершілігін ұғынады, көшбасшылық және тәртіп дағдыларын қалыптастырады. Бұл сыныптар жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, оларды теріс әрекеттерден сақтандыруда да маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда «Жас сақшы» сыныптары Қазақстанның көптеген өңірінде табыс- ты жұмыс істеп келеді. Жоба аясында тәрбиеленген түлектердің бір бөлігі болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуді таңдайды. Бұл өз кезегінде кадрлық резервті қалыптастыруға ықпал етеді.
Алдағы уақытта «Жас сақшы» қозғалысын одан әрі дамыту, оның мазмұнын жаңғырту және заманауи талаптарға сай жетілдіру жоспарланып отыр. Цифрлық технологияларды енгізу, психологиялық дайындықты күшейту және халықаралық тәжірибемен алмасу – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болмақ, – дейді Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ораз Жолдасов.
Бүгінгі таңда облысымызда 38 «Жас сақшы» сыныбы жұмыс істейді. Соның бірі – күні кеше ғана Тараз қаласындағы В.Чкалов атындағы орта мектепте ашылған «Жас сақшы» полиция сыныбы. Сыныптың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР ІІМ және ҚР Қарулы күштерінің құрметті ардагерлері, жергілікті полиция қызметкерлері, мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Салтанатты жиында оқушылар ант қабылдап, оларға арнайы сақшы куәліктері табыс етілді. Іс-шара барысында Тараз қаласы Полиция басқармасы, Жібек жолы ауданы полиция бөлімінің бастығы Жәнібек Тұрлыбаев сөз сөйлеп, бұл жобаның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ол оқу- шыларды адалдыққа, жауап- кершілікке және елге қызмет етуге шақырды.
– «Жас сақшы» сыныптары жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып қана қоймай, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және полиция қыз- метіне деген қызығушылығын оятуға үлкен септігін тигізеді, – деді ол.
Бұл күні мектепте «Жас сақшы» куәлігін 26 оқушы алды. Барлығы – 7«А» сыныбының оқушылары. Арнайы жасақталған кабинетте «жас сақшыларға» сала мамандары мен ардагерлер дәріс оқиды. Алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі сабақ барысында оқушыларға саптық дайындық, қауіпсіздік ережелері және төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету жолдарын үйретеді.
Сонымен қатар жас сақшылар құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесіп, олардың күнделікті жұмысымен танысады. Теориялық білім тәжірибемен ұштасып, түрлі жаттығулар мен тренингтер арқылы бекітіледі. Оқушылар арасында тәртіп, жауапкершілік, өзара құрмет секілді қасиеттерді қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Және де мектептегі ювеналдық полиция бөлімімен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп, мектеп ішілік тәртіпті қадағалауда өз үлестерін қосады.
– Тараз қаласында «Жас сақшы» полиция сыныптары кезең-кезеңімен ашылып келеді. В.Чакалов атындағы орта мектепте «Жас сақшы» сыныбы Тараз қаласындағы 17-ші сынып болып отыр.
Бұл сыныптың басты мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заңға құрмет пен патриоттық рухты қалыптастыру, сондай-ақ тәртіп пен жауапкершілікке баулумен қатар, болашақта ішкі істер саласында жұмыс жасауға қызығушылықтарын ояту.
Былтырғы оқу жылында бір ғана №53 мектепте ашылған болса, биыл 16 оқу орнымен толығып, барлығы 17 мектепте 330 оқушы қамтылып отыр. Салтанатты Ант қабылдау, «Жас сақшы» сыныптарын ашу іс-шараларына Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы,

генерал-майор Қ.Сұлтанбаев және орынбасарлары, Тараз қалалық Полиция басқармасының басшылық құрамы толық қатысып келеді.
Балалардың бойында үлкен мақтаныш, заңға құрмет, Антқа берік болуды осы бастан үйрету – білім саласы мен полиция органдарының басты мақсаты. Бұл бағыттағы жұмыстар білім саласының барлық мектептерінде жалғасын таба бермек. «Жас сақшы» – жас ұрпақты заң мен тәртіпті құрметтеуге тәрбиелейтін, олардың бойында жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды қалыптастыратын маңызды алаң. Жоба түлектерінің бір бөлігі болашақта құқық қорғау саласын таңдауы – оның өміршеңдігін айқындай түседі. Демек, «Жас сақшы» сыныптары – тек білім беру жобасы ғана емес, ел болашағын тәрбиелеуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Мұнда тәрбиеленген жас ұрпақ – тәртіпті, білімді, отансүйгіш азамат ретінде қалыптасып, қоғам дамуына өз үлесін қосары анық, – дейді Тараз қаласы білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасов.
«Жас сақшы» сыныптары – жай ғана білім беру жобасы емес, бұл – ел ертеңін қалыптастыратын тағылымды мектеп. Осындай ортада тәрбиеленген жас буын тәртіп пен жауапкершілікті ту етіп, білім мен парасатты серік қылады. Олардың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік маздап, бойында азаматтық рух беки түседі. Ертеңгі күннің тірегі болар бұл жас сақшылар ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, қоғам дамуына өз үлесін қосары сөзсіз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.