Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс

0 59

Ерлік – адамзат тарихында ең биік рухани құндылықтардың бірі. Ол тек соғыс даласында ғана емес, ел мен жерді қорғау жолында, қиын сәтте дұрыс шешім қабылдай білуде, Отанға адал қызмет етуде көрініс табады. Ерлік ұғымы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықтың тарихи жады мен рухын қалыптастырады.

ХХ ғасыр адамзатқа ең ауыр сынақтардың бірін әкелді. 1941-1945 жылдар аралығында әлемді шарпыған қанды қырғын миллиондаған адамның өмірін жалмап, сансыз отбасының тағдырын өзгертті. Кеңес Одағы құрамында болған халықтар үшін бұл соғыс «Ұлы Отан соғысы» деп аталып, әрбір үйге қайғы мен үміт қатар келді. 1945 жылдың 9 мамыры – фашизмнің толық жеңілген, бейбіт өмірге жол ашылған күн ретінде тарих парағына енді.
Қазақстан да бұл тарихи оқиғадан шет қалмады. Жүздеген мың қазақстандық майданға аттанып, ел намысы үшін жан аямай шайқасты. Олар Мәскеу түбіндегі, Сталинградтағы, Берлинге дейінгі шешуші ұрыстарда ерекше ерлік көрсетті. Тылда қалған халық та бар күшін жеңіске арнап, күн-түн демей еңбек етті. Майдан даласында опат болған оғландар мен соғыстан жаралы оралған жауынгерлердің ерлігі қазақ әдебиетінде кеңінен көрініс тапқан. Соғыс тақырыбына арналған көптеген шығармалар сол бір ауыр жылдардың шындығын, халықтың қайсар рухын бейнелейді.
Мысалы, белгілі ақын Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңінде соғыс жылдарын көз алдыңызға айнытпай алып келеді.
«Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.

Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?

Қаралы қағаз жіберіп,
Қаншама қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп,
Соғыстан қайтқан солдаттар!»
Иә, оқудың өзі ауыр…
Жалпы, жеңісті жақындатуға Қазақстаннан 1,2 миллион адам қатысып, оның шамамен 600 мыңнан астамы майданнан оралған екен. Ал Жамбыл облысынан майдан даласына 41 453 адам аттанған деген дерек бар. Бұл қатарда қазақ халқының біртуар ұлы, Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігімен аты аңызға айналған қолбасшы, жазушы, әскери ойшыл, жерлесіміз Бауыржан Момышұлы да бар. Соғыстан кейін ол тек әскери қолбасшы ғана емес, терең ойлы қаламгер ретінде де танылды. Оның шығармалары соғыс шындығын, жауынгер психологиясын және адамгершілік пен рух мәселесін терең ашады. Солардың ішінде «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» және «Артымызда Москва» еңбектерінде Мәскеу түбіндегі ауыр шайқастар, жауынгерлердің жанқиярлық ерлігі мен соғыс тактикасы көркем әрі шынайы баяндалады. Ал «Соғыс психологиясы» еңбегі әскери өнердің терең қыр- ларын, адам рухының төзімділігін зерттейтін маңызды туынды.
Бүгінде батырдың туған жері – Жуалы ауданының орталығы даңқты перзенттің атымен аталады. Облыс орталығында орналасқан «Жеңіс» саябағында тұлғаның еңселі ескерткіші бой көтеріп, «Бауыржан Момышұлы музейі» ашылған. Сондай-ақ өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен даңқты қолбасшыға «Халық қаһарманы» атағы, Тараз қаласындағы әскери мектеп-интернатқа есімі берілді.
Сонымен бірге сұрапыл соғыс туралы жазылған көркем әдебиеттермен қатар сол жылдардың қасіреті мен халықтың жанайқайын бейнелейтін мұңға толы әндер де дүниеге келген. Солардың бірі – «Қара кемпірдің зары». Меркі топырағынан майданға аттанып, соғыста қаза тапқан ұлдары – Жексенқұл мен Қосшықұлды өлді деуге қимай, ұзақ жыл күткен Қали ананың қасіретін ақын Жақсылық Сәтібеков өлең жолдарына түсірсе, әнші әрі композитор, жерлесіміз Алтынбек Қоразбаев оны әуенге айналдырған болатын. «Сағындым, Жексенқұлым, Қосшығұлым, өзекті жарып шыққан қос шыбыным» деп басталатын бұл ән майданға кеткен ұлдарына деген сағынышты жүрек түкпіріне мәңгі сақтаған ананың ащы зарын терең сезіндіреді.
Меркіге жолыңыз түсіп, Қызылсай ауылына ат басын бұрсаңыз, ардақты анаға арналған ескерткіш алыстан менмұндалап, ұзақ жолға қарап қос ұлын күтіп тұрған бейнені көз алдыңызға әкеледі.
Тарих көшінде халқымыз неше алапат соғыс- ты бастан өткеріп, ат жалында ұйықтап, жаулармен арпалысты. Кеңестік кезеңде азаматтарымыз иығына мылтық асынып, майдан даласына аттанды. Сол ата-баба аңсаған азаттықтың ақ таңы 1991 жылы атты. Енді тәуелсіз мемлекеттің алдында болашаққа бағдарын айқындап, дамудың даңғыл жолына қадам басу міндеті тұрды. Осылайша шекара тұтастығын сақтау, ел іргесінің бүтіндігі мен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мақсатқа айналды.
Осы мақсатпен 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жарлығымен Қарулы Күштерді құру туралы маңызды шешім қабылданып, тарихи Жарлыққа қол қойылды. Оның қарамағына ел аумағында орналасқан барлық әскерлер біріктірілді.
«Көш жүре түзеледі» демекші, тәуелсіздік алғаннан бергі 35 жыл ішінде Қазақстан қуатты армия жасақтай білді. Айталық, 1992 жылы Қазақстан аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметшілер саны 200 мыңнан асса, қазір Қарулы Күштер мен өзге де күштік құрылымдардың жеке құрамы 110 мың шамасындағы сарбаздан құралған. Қазақ сарбаздары дүниенің түрлі аймағында бітімгершілік операцияларға қатысып келеді. Айталық, 1992-1995 жылдары ТМД сырт- қы шекарасын қорғау мақсатында Тәжікстанға жіберілген әскери бөлімдердің сарбаздары ерен ерліктің үлгісін көрсеткені де тарихта қалды. Ал 2000 жылдардың басында Иракқа жіберілген әскерлеріміздің аталған ел аумағын миналар мен жарылғыш заттардан тазалауға атсалысып, есте қалды. Сонымен қатар тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде тарихта тұңғыш рет әскери теңіз флоты да құрылды. Қазақ тарихында бұрын-соңды флот болған емес еді. Тіпті, түбі бір түркі халықтарының ішінде де әскери теңіз күштерін жасақтағандар сирек еді. Алайда Қазақстанның Каспий теңізіндегі мүдделерін қорғау үшін 1997 жылы әскери теңіз күштері жасақталды.
Жалпы, Қарулы Күштер үнемі реформаланып, жетілдіріліп келеді. Қазақ армиясында ХХІ ғасыр талаптарына сәйкес келетін өзгеріс көп. Сондай-ақ 2020 жылы Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр- масымен шабуылдаушы барлау топтарының да қатары өсті. Әлемнің түрлі аймағында болып жатқан қақтығыстардағы әскери тактиканы, қолданылған техниканы зерттеу де назардан тыс қалған емес.
Қорыта айтқанда, 7 мамыр – тек әскери қызметкерлердің емес, ел қауіпсіздігіне үлес қосып жүрген барлық азаматтардың мерекесі. Бұл күн жас ұрпаққа отансүйгіштік пен жауапкершіліктің маңызын ұғындырады. Ал 9 мамыр – сол бейбіт өмірдің қалай келгенін еске салатын қасиетті күн. Бұл екі мереке ерлік пен елдіктің, тарих пен бүгіннің, бейбітшілік пен жауапкершіліктің арасын жалғап тұрған рухани сабақтастық болып қала береді.
Мамыр айы келген сайын халық тек мерекені емес, елдік пен ерліктің мәнін қайта сезінеді. Бейбіт өмірдің қадірін түсініп, оны қорғау – бүгінгі ұрпақтың ең үлкен міндеті.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.