Жеңіс. Осынау бес әріптен құралған ұлы ұғымның астарында сан мыңдаған тағдыр, ерлік пен өрлік, қайсарлық пен табандылық астасып жатыр. Әрине, бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Сол бір қасіретті күндері майдан даласында Отан үшін отқа түскен әрбір сарбаздың жүрегінде туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік пен ел алдындағы перзенттік парыз жалындағаны ақиқат.
Айлар аунап, жылдар жылжыған сайын қан майданның жаңғырығы алыстай түскендей көрінгенімен, оның салған жарасы әлі күнге әр кеудені сыздатады.
Қазақ даласынан соғысқа аттанған әрбір жауынгердің ерлігі тарихтың тақтасына алтын әріппен жазылды. Олардың қатарында жамбылдық батырлардың орны ерекше. Өкініштісі сол, уақыт өткен сайын жеңісті жақындатқан жерлестеріміздің қатары азайып барады. Айталық, қазір Жамбыл облысы бойынша көзі тірі небәрі 3 майдангер ғана қалды. Үшеуі де Тараз қаласында тұрмыс кешуде.
Ғасырдан асқан ғұмыр иесі, ардагер Шалданбай Шанбаевтың тағдыры тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті. Ол 1942 жылы небәрі он сегіз жасында қолына қару алып, ел қорғауға аттанды. Ішкі істер әскерлерінің құрамында соғыстың соңына дейін майдан шебінде болып, Отан алдындағы борышын адал атқарды. Сұрапыл соғыс аяқталған соң да әскери сапта қалып, тәртіп пен жауапкершіліктің туын биік ұстады. 1949 жылы бейбіт өмірге оралғаннан кейін трактор бригадасының бригадирі, санақшы болып, ел игілігіне қызмет етті. 1984 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін «Жаңатұрмыс» колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі болды. Бүгінде оның кеудесінде жарқыраған II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Маршал Жуков» және өзге де мерекелік медальдар өткен күндердің өшпес ізі, ерліктің үнсіз куәсі десек, артық емес.
Қасіретке толы күндердің куәгерлерінің бірі – Геннадий Иванов. Ол 1926 жылдың 8 шілдесінде Кемеров облысының Яшкинск ауданында дүниеге келген. Жастық шағы соғыс өртіне тұспа-тұс келген бозбала
Геннадий 1943 жылдың қараша айында, небәрі 17 жасында Қызыл әскер қатарына алынады. 1944 жылдың қарашасынан бастап 1-ші Украин майданы, 13-ші армия- ның 350-ші атқыштар дивизиясы, 917-ші артиллериялық полкінің құрамында шайқастарға қатысып, 120 миллиметрлік миномет расчетының командирі болды. Аға сержант Геннадий Иванов өз полкімен бірге фашистік Германияның астанасына дейін жетіп, 1945 жылдың маусымына дейінгі ұрыстарда ерен ерлік көрсетті.
Кейіпкеріміз соғыстан кейін Боровичск әскери училищесін жедел (экстерн) түрде тәмамдап, лейтенант шенін иеленді. 1956 жылдың қыркүйегіне дейін әскери қызметте болып, рота саяси бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды. Кейін бейбіт өмірге бет бұрып, Жамбыл қаласындағы педагогикалық институтты бітіреді. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ол 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін қала мектептерінде математика пәнінен сабақ беріп, балаларды білім нәрімен сусындатты. Бүгінде ардагердің еңбегі мен ерлігі II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және 12 мерекелік медальмен айшықталған.
Тағы бір тараздық майдангер Иван Макеев- тің өмір жолы да ерлік пен еңбекке толы. Иван Федорович 1927 жылдың 10 шілдесінде Тамбов облысының Мучкап селосында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң Забайкалье майданында ерекше мақсаттағы радиодивизионның барлаушысы болып қызмет атқарды. Қиыр Шығыстағы шайқастарда ерлік көрсетіп, Харбин, Мукден, Чань-Чюнь қалаларын азат етуге қатысқан. Соғысты Чань-Чюнь қаласында аяқтап, 1951 жылға дейін сол жерде әскери қызметін жалғастырды.
1952 жылдан бастап сол кездегі милиция органдарында еңбек жолын жалғап, Жамбыл стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінде жұмыс істеді. 1967 жылы Алматы- дағы жоғары милиция мектебін бітіріп, кәсіби біліктілігін арттырды. Қарапайым оперативтік қызметкерден басшылық лауазымға дейін көтеріліп, подполковник шеніне ие болды. Оның да еңбегі жоғары бағаланып, Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Әлбетте, майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Осы мақсатпен мемлекет тарапынан да Ұлы Жеңіс қаһармандарына және оларға теңестірілген азаматтарға жүйе- лі қолдау көрсетілуде. Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» жергілікті атқарушы органдар және мәслихат шешімдеріне сәйкес, айшықты Жеңістің 81 жылдығына орай бірқатар азаматқа біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылған.
– Атап айтқанда, облыстағы 3 ардагердің әрқайсысына 5 миллион теңгеден төленеді. Сонымен қатар 1941-1945 жылдар аралығында кемінде алты ай еңбек еткен 1 308 тыл еңбеккеріне, қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналары мен қайта тұрмыс құрмаған жесірлеріне 50 мың теңгеден беріледі.
Бұдан бөлек, басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезінде жарақат алу, контузия, мертігу немесе ауру салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына да қолдау көрсетіледі. Нақтырақ тоқталсақ, Ауғанстан, Ирак, Тәжікстан- Ауғанстан шекарасын қорғаған, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығыс қатысқан ардагерлер мен олардың отбасыларына, жалпы саны 1 559 адамға 150 мың теңгеден әлеуметтік көмек қарастырылған. Сондай-ақ Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан 277 азамат пен олардың жанұясына 50 және 150 мың теңге көлемінде төлем жасалады. Сонымен қатар Семей ядролық полигонының жабылу күніне орай 631 азаматқа 150 мың теңгеден, Ленинград блокадасы кезеңінде еңбек еткен 2 адамға 60 мың және 150 мың теңгеден, бейбіт уақытта қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасындағы 67 адамға 50 мың теңгеден көмек көрсетіледі, – дейді аталмыш басқарманың өкілдері.
Аталған біржолғы әлеуметтік көмектер ағымдағы жылдың 9 мамырына дейін толық төленбек. Бүгінгі күнге дейін жергілікті әкімдіктер тарапынан 1 223 адамға 144,550 миллион теңге тағайындалып, беріліп үлгерген.
Бұған қоса, санаторий-курорттық емделуге де арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, оларға теңестірілген азаматтар, Еңбек ерлері және жасы бойынша зейнетке шыққан адамдар өз өтінішіне сәйкес жылына бір рет емделуге мүмкіндік ала алады. Бұл ретте олардың табысы есепке алынбайды Мұндай шараларға мемлекет тарапынан 45 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 194 625 теңгеге дейін қаржылай өтем төленеді.
Ел шетіне жау тигенде етігімен су кешіп, кеудесін оққа тосқан майдангерлерге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Бүгінгі тыныштық пен тұрақтылық сол бір сын сағаттарда тайсалмай алға ұмтылған жау- жүрек жауынгерлердің табандылығы мен халықтың ортақ жігерінің нәтижесі екені анық. Ал сол ерен ерлікке құрметпен қарап, бейбіт өмірдің бағасын терең түйсіну – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені, өткенін қастерлеген ел ғана болашаққа нық қадам басады.