Жазушылық – адамға Тәңірдің берген асыл сыйы іспеттес. Әркімге бұйыра бермейтін мұндай дарынды тек тағдырынан тұтас ғұмырына жететіндей теперіш көргендер ғана еншілейтін секілді.
«Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз» сынды туындылар – құр көркем шығармалар емес, күллі бір заманды суреттейтін теңдесіз тарихи һәм тағлымы мол өсиеттер жинағы. Ал осы романдардың авторы, Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділұлы – қазақтың марқасқа классигі, басына біткен асыл бағы болған дара һәм дана тұлға. Ол жазушылықпен қатар қазақ әдебиетінде шоқтығы биік шығармалардың баспадан басылып шығуына себепкер болған шебер редактор.
Табиғатынан құрыш қылыштай қайсар адамды қандай салаға салсаң да оқ бойы озық шығатыны даусыз. Жұмаділов жайлы сөз қозғағанда, ең әуелі, жазушылығы жайлы сансыз пікір мен ой бірінші жүреді. Дегенмен де, жазушының 1965-1981 жылдар аралығындағы атқарған қызметтері жайлы сөз қозғау артық етпес. 1962 жылы Қытай-Қазақ шекарасын қақ жарып үдере көшкен қалың көшпен оралған бойда Қабдеш Жұмаділов Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде аяқталмай қалған оқуын әрі қарай жалғастырады. Аталмыш оқуы аяқталуға жақын 1965 жылы сол замандағы әдебиеттің қайнаған қазаны іспеттес Жазушылар одағының ғимаратында орналасқан «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөліміне орналасады.
Сол жылдары газеттің бас редакторы болған Қапан Сатыбалдин жас студентті бірден жұмысқа алады. Газеттің сын бөліміне орналаса сала Қабдеш Жұмаділов бірден қызу жұмысқа кірісіп кетеді. Тағдыр адамдармен тек тағдырластарды тоғыстырады дерсің. 1966 жылы Ілияс Есенберлиннің «Айқас» романы басылып шыққан болатын. Ілияс Есенберлинге жұлдызы қарсы тарап тұрғысынан қисынға сыйар-сыймас, жөн-жосықсыз сын мақалалар толассыз көп түскен болса керек. Газеттің бас редакторы Қапан Сатыбалдин бұл бассыздыққа қатты қапаланып, жас сыншы Қабдеш Жұмаділовке «Айқас» романын толық оқып, газетке сын мақала жазуды тапсырады. Артылған жұмыстың салмағын жақсы сезінетін жас сыншы кітапты толық оқып, газетке сын мақаласын жариялайды. Сын мақаласында І.Есенберлиннің романы өндірістік тақырыпқа жазылған елелулі шығарма екенін дәлелдеп шығады. Жас сыншының еңбегіне риза болған Қапан Сатыбалдин Қабдеш Жұмаділовті Ілияс Есенберлинмен таныстырады.
Әділдік кешігіп келсе де мол сыйымен келеді ғой. Екі жыл өтпей жатып Қабдеш Жұмаділов сын мақала жазған «Айқас» романы Мемлекеттік сыйлыққа ие болады. Осы жағдайдан кейін екі жазушының арасындағы байланыс нығая түседі. Ол кезеңде «Қазақ әдебиеті» газетін үлкен айқас алаңы деп есептесек, алдыңғы қатарға сын бөлімі шығатын. Мұхтар Мағауин – сын бөлімінің бастығы, ал Қабдеш Жұмаділов сын бөлімінде әдеби қызметкер ретінде жұмыс істейді.
Осылай газетте сын бөлімінің қыз- меткері ретінде қызмет етіп жүрген Қабдеш Жұмаділовке де алғашқы кедергілер туындай бастайды. 1966 жылы Қазақстан Жазушылар одағының аударма жөніндегі кезекті пленумінде Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының алғашқы бөлігі «Ымырттаны» талқылаудан кейінгі жазған шолу мақаласынан кейін Қабдеш Жұмаділовтің басынан қара бұлт үйіріледі. Белгілі бір тарап жағынан Қабдештің артынан жазылған арыз-шағымдар көбейеді.
Ол кезеңде Қапан Сатыбалдин орнына бас редакторлыққа Нығмет Ғабдуллин келген болатын. Бас редактор Қабдеш Жұмаділовтің атына жазылған арыз-шағымдар мен адамдардан босамай, жас қызметкерді газеттен қуып, бір-ақ тыншымаққа бекінген секілді болады. Дегенмен, 1968 жылы аты дардай «Жазушы» баспасының директоры қызметіне І.Есенберлин тағайындалып, Нығмет Ғабдулиннің ұсынысымен Қабдеш Жұмаділов қуана-қуана баспа саласына ауысады. Газетте Қабдеш Жұмаділов бар жоғы екі жылдай қызмет атқарған.
«Досыңа достық – қарыз іс» демекші, баспаға келген Қабдеш Жұмаділовті І.Есенберлин құшақ жая қарсы алады. Сөйтеді де оны «Жазушы» баспасы проза бөлімінің аға редакторы қызметіне тағайындайды. Баспада жүргенінде жазушының алғашқы авторлық кітабы «Жас дәурен» атты өлеңдер жинағын поэзия бөлімі басып шығарады. Көп уақыт өтпей алты баспа табақпен 1968 жылы «Қаздар қайтып барады» деген әңгімелер жинағы жарық көрген болатын. 1969 жылы алғашқы Қабдеш Жұмаділовтің «Көкейтесті» романы жарық көрді. 1970-1971 жылдары жазушы өзінің теңдесіз туындысы «Соңғы көш» романының алғашқы кітабын жазуды аяқтайды. Өз естелігінде роман туралы: «Ұйқының, денсау- лықтың есебінен жазуға тура келді», – дейді. Дегенмен, «Соңғы көш» кітабы тек 1973 жылы ғана басылып шықты.
Проза бөлімінде Мұхтар Мағауин, Тұтқабай Иманбеков, Төлек Тілеуханов сынды тұлғалармен қызмет атқарды. Ілияс Есенберлинің баспада жүргенінде Қабдеш Жұмаділов оның түгелдей дерлік кітаптарына редакторлық жасады. «Ғашықтар», «Көшпенділер» трилогиясы түгелдей дерлік Қабдештің сүзгісінен өтті. Бұдан бөлек, Әди Шәріпов, Мәлік Ғабдуллин, Әбділда Тәжібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Хасан Әдібаевтың кітаптарына редакторлық жасаған. Тұрсынбек Кәкішев өзінің «Сын сапары» атты монографиясын қысқартылудан алып қалғаны үшін Қабдешке «Менің ұлы редакторыма» деп автограф жазып берген екен. Сонымен қатар: Әди Шәріповтің «Ормандағы от», «Алыс- тағы жағалаулар», Әкім Таразидің «Құйрықты жұлдыз», Сайын Мұратбековтің «Отау үй», Рамазан Тоқтаров- тың «Ертіс мұхитқа құяды», Рымғали Нұрғалиевтің «Трагедия табиғаты», Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны», «Көк мұнар», «Ақша қар» кітаптарына да редакторлықты Қабдеш Жұмаділов жасады.
Ал жетпісінші жылдардың ортасы жазушы үшін ауыр болды. Бұл тұста ол Әзілхан Нұршайықовтың сұрауымен батыр Бауыржан Момышұлы арқау болған «Ақиқат пен аңыз» кітабына редактор болады. Дегенмен бұл кітап үшін біраз айқасуға тура келді. Осылайша Бауыржан Момышұлының ерліктері баяндалған роман-диалогқа қуана-қуана қол қояды. Дегенмен, баспа басшыларынан романды «қате тексергені» үшін қатаң сөгіс алады. «Ақиқат пен аңыз» сан сынақтан аман шығып, тек 1976 жылы басылып шықты.
«Ақиқат пен аңыз» үшін сөгіс алғаны аздай, 1975 жылы Әбділда Тәжібаевтың «Есімдегілер» атты естелік кітабын шығаруда да баспа басшылары кітап ішінен қате тауып, Қ.Жұмаділовке қатаң сөгіс жариялайды. Жан жақтан қойылған қысым, жазушы атына келген арыздар кесірінен 1976 жылы баспадан өз қалауы бойынша жұмыстан шығады.
Алайда 1976 жылы Мемлекеттік Баспа комитетінің төрағасы Шерияздан Елеукеновтің шақыртуымен комитетке «аға редактор» болып жұмысқа орналасады. Осы уақытта «Бір қаланың тұрғындары» атты повесть жазып, «Сарыжайлау» атты жинағы 1978 жылы кітап болып басылып шықты. 1981 көптен күткен «Соңғы көш» романының екінші кітабы жарық көрді. Осы шаруаның барлығын жазушы баспа комитетінде жүріп атқарды.
Өмірінің он тоғыз жылын қызметке арнаған заңғар жазушы 1981 жылы кеңсе қызметінен түбегейлі кетіп, шығармашылыққа толығымен бет бұрды. «Қазақ әдебиеті» газетінде 2 жыл, «Жазушы» баспасында 9 жыл, Мемлекеттік Баспа комитетінде 5 жыл қызмет етіп, сүбелі әрі сапалы туындылардың шығуына зор үлесін қосты. Қызмет барысында кездескен қиындықтарға қайтпас қайсар мінезі мен қажырлы еңбегінің арқасында қарсы тұрды. Газет саласында болсын, баспа саласында болсын Қабдеш Жұмаділовтің алар орны ерекше. Сондықтан болашақ баспасөз және баспа салаларының мамандары Қабдеш Жұмаділовтен үлгі алуымыз керек!
Хамза БЕРДЕН,
журналист