Жақсылық Үшкемпіров – тарихта қазақ даласын дүбірге бөлеген алып тұлғалар – Балуан Шолақ пен Қажымұқан Мұңайтпасұлы сынды аталарымыз- дың ізін жалғаған, солардың рухани мұрасын ХХ ғасырда жаңғыртқан дара тұлғалардың бірі, жерлесіміз. Ол – тек Олимпиада чемпионы ғана емес, қарапайым ауылдан шығып, әлемдік биікке көтерілген қайсарлықтың, табандылықтың және еңбекқорлықтың символына айналған азамат.
Даңқты балуан 1951 жылы Байзақ ауданы, Тегістік ауылында дүниеге келген. Бала кезінде қазақша күреспен, ал институт қабырғасында оқып жүрген кезінде классикалық және еркін күреспен айналыса бастаған. Мектеп бітіргеннен кейін зоотехник мамандығын қалап, Семейдің мал дәрігерлік институтына оқуға түседі. Ал 1970 жылы жаттықтырушы Ром Ильматовтың кеңесі бойынша өзіне таныс емес күрестің жаңа классикалық түрімен айналыса бастайды. Күрес кезінде қарсыласын дәл бағалай біліп, әлсіз жақтарын сезіп, нәтижесінде өз пайдасына шешетін шеберлікті меңгере білген. Осылайша 1974 жылы институтты тәмамдап, республикамыздың сол кездегі астанасы Алматы қаласына келеді. Мұндағы мақсаты – елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы В.Писаревтің басшылығымен спорттың кү- рес түрімен тереңірек айналысу болатын.
Бір жылдан кейін 1975 жылы Алматы қаласында өткен алтыншы жазғы Спартакиаданың Жақсылық үшін маңызы зор болды. Еліміздің ең таңдаулы балуандарымен белдесіп, Спартакиада чемпионы болып, өміріндегі алғашқы алтын медалін жеңіп алады. Содан кейін түрлі халықаралық турнирлерде өзімен тең түсетін қарсыластарымен шыққан ұзақ та титықтатқан күрестер, содан кейінгі Одақтық біріншіліктегі чемпион атанған табысынан кейін ғана ол өмірінде бірінші рет Олимпиада ойындарына жолдама алды.
Жалпы, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы Жақсылық Үшкемпіровтің спорттық ғұмырындағы ең жарқын сәттердің бірі болды. Грек-рим күресінен 48 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Олимпиа- да чемпионы атанды. Бұл жеңіс – тек жеке жетістік емес, қазақ халқының рухын көтерген тарихи оқиға болды. Қазақстан ол кезде жеке мемлекет болмаса да, оның жеңісі қазақ елінің намысын асқақтатып, бүкіл халықтың қуанышына айналды. Осы жеңістен кейін ел ішінде күрес спортына деген қызығушылық артып, көптеген жас спортшы осы жолды таңдауға талпынды.
Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Елемес Әлімханов аңыз спортшы туралы жазған «Жақсылық батырым туралы» атты естелігінде: «Жақсылықтың балуан болуының бір сыры бар. Баланы туған топырағыңда балуандыққа жетелейтін, қызықтыратын, еліктететін үлгі мен өнер болуы қажет. Ондай үлгі қазақ елінде көп-ақ. Үлкендердің «Бар да күрес, жығылсаң, жер көтереді» деп баласына айтып отыруында үлкен сыр мен сын бар. Жақсылықтың балуан болып қалыптасуына туған жерінің берген үлгі-өнегесі ықпал еткені сөзсіз. Әркімнің күресті үйренуі ықтимал, ал шын балуандыққа туа біткен қабілет пен күрестің айла-тәсілін кәсіптік деңгейде меңгерген адам ғана жете алады. Соның бірі және бірегейі – Жақсылық Үшкемпіров болды. Халық Жақсылықты алақанына салып құрметтеді. Ал Жақсылық өзінің жақсылығымен бәрімізге үлгі болды деп ойлаймын. Әлі де халқына берері мол еді…
Жақсылықтың қазақ спортына сіңірген еңбегі мол. Ол қазақтың ұлттық спортын қолдаушы, жанашыры, дамытушысы болды. Өскелең ұрпақ жастардың алдына шығып үлгі көрсетті, тәрбиеледі, жол бастады. Өсем дегенді демеді, жағдайын жасады. Ұшамын дегенге қанат берді. Бір сөзбен айтқанда, өмірін елінің болашағына, қазақ жастарына арнады.
Жақсылыққа қазақтың спорт және туризм академиясының құрметті профессоры атағын беру кезінде студенттер мен ұстаздар алдында сөйлеген сөзін қысқаша түртіп алған екенмін. Онда: «…Мені құрметтеп кішкентай еңбегіме осындай үлкен баға беріп жатқандарыңызға көп рахмет! Құрметті студент жастар, бауырларым! Егерде біз алдымен өз Отанымызды сүйсек, онда олимпиаданы жеңу, әлем чемпионы болудың жолы ашылады!» – депті. Осы үлгісімен адамға сарқылмас күш беретін отаншылдық сезім екенін Жақсылық жастарға түсіндіріп еді», – деп жазған екен.
Шынымен де ол тек мықты балуан ғана емес, кәсіпкерлікпен айналысып, ауыл шаруа- шылығы саласында да табысты еңбек етті. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды. Бүгінде Жақсылық Әмірәліұлы Алматының іргесіндегі Мыңбаев атындағы ауылда тұрғызған спорт кешені мен ол ашқан балабақшада неше жүздеген бүлдіршін тәрбие алып жатыр. Ал бір кездері сол аталған ауылдағы мешітті жөндетіп, талай адамның батасын алыпты.
«Мыңбаев атындағы ауылға жәрдем беруді мойныма алдым. Кезінде 15 миллион теңге қаржы бөліп, қырманын жөндеттім. Ауыл ішіне асфальт төсетіп, көшесіндегі шамдарын жарқыратып қойдық. Ауылға газ тарттық, сондағы елдің қуанышын көрсеңіз. Өз қаражатыммен спорт кешенін салдым, қазір онда 200 бала спорттың тоғыз түрімен айналысады. Оның ішінде күрестің төрт түрі бар. Мұның сыртында фитнес-клуб аштым, 100 орындық балабақша салынды, қолжетімді бағамен пәтер берілді. Есесіне осы ауылдағы адам саны күрт өсіп кетті», – деген екен еліне жақын жанашыр болған азамат өзінің бір сұхбатында.
Дәл осындай елін сүйген азамат, грек-рим күресінен тұңғыш Олимпиада чемпио- ны, әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері, «Барыс», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Жақсылық Әмірәліұлы кеудесіне алтын алқа тағып, Алаш абыройын асқақтатқан Мәскеу Олимпиадасына 40 жыл толған тұста, яғни 2020 жылы дүниеден өтті. «Өзімнен кейін күрес түрлерінен қазақтан шыққан Олимпиада чемпионын көріп кетсем, арманым жоқ еді», – деп көзі тірісінде айтып, бұл арманын соңынан ерген балуандарға аманаттап кеткен даңқты балуанның жолын жалғаған шәкірттері мен кейінгі буын спортшылар бүгінде қазақ спортын жаңа биіктерге көтеріп келеді. Солардың бірі – аңыз спортшының 44 жыл күткен арманын орындаған Париж Олимпиадасының чемпио- ны, жерлесіміз Елдос Сметов. Ол бұл туралы журналистерге берген сұхбатында: «Мүмкін емес нәрсе жоқ. Соған көзім жетті. Егер ниет болса, бәрін де жеңуге болады. Бәрі де қолдан келеді екен. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың арманы орындалып, жекпе-жек түрлерінен қазақтан Олимпиада чемпионы шықты. Өте қуаныштымын! Өзімнің үшінші мүмкіндігімде чемпион атандым. Бұған дейін күмісті де, қоланы да алдым. Әлем чемпионы атандым. Халқымды қуантудан артық бақыт жоқ», – деген болатын.
Бүгінде батыр балуанның атымен аталған нысандар – халықтың оған деген құрметінің айқын көрінісі. Мысалы, 2020 жылы облыс орталығы Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешеніне тұлғаның есімі берілген болатын. Сондай-ақ еліміздің бас қаласы – Астана төрінде орналасқан Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы – соның жарқын дәлелі. Заманауи талапқа сай салынған бұл кешенде халықаралық және республикалық жарыстар өтіп, жас спортшылардың шыңдалуына мүмкіндік жасалған. Сарай алдында орнатылған еңселі ескерткіш те балуан рухына тағзым етудің белгісі іспетті. Сонымен қатар Семей қаласында тұлғаның атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Ал Қарасай ауданы аумағында оның атымен аталатын мешіттің бой көтеруі – балуан есімінің тек спортта ғана емес, рухани кеңістікте де құрметтелетінін көрсетеді.
Жалпы, Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолы – әрбір жасқа үлгі. Ол қарапайым ауыл баласынан Олимпиада чемпионына дейінгі жолды адал еңбек пен табандылықтың арқасында жүріп өтті. Мұндай тұлғалар ұлттың рухын асқақтатып, елдің еңсесін көтереді. Жақсылық Үшкемпіровтің есімі қазақ тарихында мәңгілікке сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып қала беретіні сөзсіз.