Ата-ана – өмірдегі ең қымбат, ең асыл жандар. Олардың орнын ешкім баса алмайды. Сондықтан да асыл дінімізде Алла Тағала ең алдымен Өзіне құлшылық етуді, содан кейін пайғамбарына (с.ғ.с.), одан соң ата- анаға жақсылық жасауды бұйырған.
Шынында да, дүниеде жақсылық жасауға ең лайықты жандар – ата-ана. Исламда ата-анаға құрмет көрсету – ең ұлы әдептердің бірі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) хадисінде: «Ауыр күнәлардың ең үлкендері – Аллаға серік қосу, ата-ананы құрметтемеу, адам өлтіру және жалған ант беру» (Бухари), – деп ескерткен. Қасиетті Құранда да бұл жайында анық айтылған. «Лұқман» сүресінің 14-аятында: «Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақырында Маған қайтасыңдар», – делінген.
Ал «Исра» сүресінің 23-аятында: «Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді және ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды. Егер олардың біреуі немесе екеуі сенің қолыңда қартайса, оларға «түу» деп те айтпа, зекіп ұрыспа, керісінше, оларға көркем сөз сөйле», – деп әмір етілген.
Бұл аяттар ата-ананың дәрежесінің қаншалықты жоғары екенін айқын көрсетеді. Тіпті «түу» деп айту сияқты ең кіші реніштің өзі құпталмайды.
Қазақ халқы да ата-ананы құрметтеуді ерекше бағалаған. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без», – деп балаға әдеп үйреткен. Себебі отбасының тірегі – әке мен ана. Олар «мен кимегенді балам кисін, мен ішпегенді балам ішсін» деп, бар өмірін ұрпағына арнайды.
Ата-ана үшін баласының бақыты – ең үлкен бақыт. «Сенің аяғыңа кірген тікен менің маңдайы- ма кірсін», «Жаман болсаң да аман бол» деген сөздер ата-ананың шексіз махаббатын білдіреді. Шынында да, ата-ананың берген тәрбиесін мың мектеп те бере алмайды. Ата-ананың қадірін білмеген адам елінің қадірін де білмейді. Сондықтан халқымыз ұрпақ тәрбиесін әрқашан бірінші орынға қойған. Қазақта «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген нақыл бар. Бұл – тәрбиенің айнасы. Бала ата-анасына қалай қараса, ертең өз баласынан да сондай қарым-қатынас көреді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда кейбір жандар ата-анасын ренжітіп, тіпті қарттар үйіне тапсырып жатқан жағдайлар да кездеседі. Алайда мұндай қателіктің салдарын көбіне адам кеш түсінеді. Сол себепті «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» деп бекер айтылмаған.
Қазақ халқы ешқашан қарт ата-анасын тастамаған. «Әкең жынды болса да, байлап бақ» деген сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Дінімізде «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы» делінген. Сондықтан ата-анасын ренжіткен адамның ісі берекелі болмайды. Ал ата-ананың баласына жасаған дұғасы – қабыл болатын дұға. Ата-анасы тірі адам – қорғаны бар адам. Себебі олардың ақ батасы перзентін әрдайым қорғап тұрады. Ата-ананы сыйлау – әрбір адамның басты міндеті. Бұл – адамзатпен бірге келе жатқан мәңгілік құндылық.
Перзенттің ата-анасына ізет көрсетуі – оның адамгершілігінің белгісі. Перзент – жеміс, ата-ана – сол жемісті өсірген ағаш іспетті. Ағашқа күтім жасалса, жемісі де тәтті болады. Сол сияқты ата-анаға құрмет көрсеткен баланың өмірі де берекелі болады. Қазақ халқы «Бала – бауыр етің», «Балалы үй – базар» деп ұрпақты өмірдің жалғасы деп таныған.
Ата-ана – әр отбасының алтын қазығы. Оларға деген сүйіспеншілік жүректен шығуы керек. Өйткені жүректен шыққан сезім ғана жүрекке жетеді. Халқымызда баланың ата-ана алдындағы парызын өтеуі «ана сүтін ақтау» деп аталады. Ал «Әкеге бағыну – Тәңірге бағыну» деген сөз әкенің орнын айқындайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Салиқалы ұрпақ – ата- анасы тірі кезінде құрмет көрсетіп, қайтыс болғаннан кейін де оларға дұға жасап жүретін ұрпақ», – деген. Ата-ананың ақысын толық өтеу мүмкін емес. Бірақ оларды сыйлау, құрметтеу, қызмет ету – әрбір перзенттің қасиетті борышы. Сондықтан ата-ананы ардақтап, разылығын алуға тырысайық.
Саламат АМАНБАЕВ,
дінтанушы