Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тірегіміз – татулық пен тыныштық

0 51

Ертеде Төле би атақты Әнет бабаға сәлем бермекке келіпті. Қазаққа аты шыққан қарт би ынтымақ пен ырыс жайында сөз айтып отырса керек. Сонда жас Төле Әнет бабадан: «Қалай еткенде бірлік болады, оның мәні қандай болмақ?» – деп сұраған екен. Бұған би бір топ буылған шыбықты ұсынып: «Осыны сындырып көрші», – десе керек.

Жас Төле оны олай бір, бұлай бір иіп сындыра алмапты. Мұны көрген қарт би: «Енді сол шыбықты біртіндеп сындыр», – десе, ол бұл жеке шыбықтарды оп-оңай быртылдатып сындыра беріпті. Әнет баба жас баладан «Бұдан не түсіндің?» – деп сұрағанда, Төле: «Мұның мәнісі – ынтымағы, бірлігі бар елді жау да, дау да ала алмайды. Онсыз тірлік жоқ!» – депті. Сонда Әнет баба: «Дәл таптың, балам! Ел билеу үшін, ең алдымен, ауызбірлік, ынтымақ қажет! «Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы», – деген екен.
Бабалардан қалған осынау өсиетті ұрпақ ұмыт қалдырмай, бүгінде Қазақстан әлемге ынтымағымен танылған мемлекетке айналды. Достық пен келісімнің нышанына айналған Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қоғамдағы біріктіруші факторлардың бірі десек те болады. Қазақстан – мәдениеттерінің, тілдері мен дәстүрлерінің әралуандығы басты байлығына айналған, ал азаматтары жасампаздық пен даму идеясы айналасында біріккен ел. Сол тұрғыдан алғанда бұл мейрам елімізде ұлттар мен ұлыстардың достығы мен татулығының, азаматтық келісімнің, еліміздегі 130-ға тарта ұлт пен ұлыстың ауызбіршілігінің жарқын көрінісін паш етеді.
Әрине, кез келген мерекенің өз тарихы бар. Сол секілді бірлік күнінің де мерекелер қатарына қосылуының тарихы осыдан бір жарым ғасырға жуық бұрынғы оқиғалармен тікелей байланысты. Мереке әу баста 1889 жылдан бастап Еңбекшілердің ынтымақтас- тығы күні ретінде аталып өте бастаған. 1886 жылдың 1 мамырында АҚШ-та жұмысшылар 15 сағаттық жұмыс күніне қарсы ереуіл ұйымдастырып, жұмыс күнін 8 сағат деп белгілеуді талап еткен екен. Ереуілге қатысқан жұмысшылар тұтқындалып, кісі шығыны да тіркеледі. Алайда 1889 жылдың маусымында Париждегі ІІ Интернационалдың Конгрессі 1 мамырды 8 сағаттық жұмыс күні үшін Халықаралық күрес күні немесе Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтас- тық күні деп атау туралы шешім шығарады.
Сол сияқты Кеңес Одағы кезеңінде 1 мамыр еңбек мерекесі ретінде аталып өтсе, тәуелсіз Қазақстанда оның мазмұны жаңарып, 1996 жылы еліміздің Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Қазақстан халқының бірлігі күні болып бекітілді. Содан бері бұл күн ұлттар арасындағы достық пен өзара түсіністіктің символына айналды.
Қазақстанның көпэтносты елге айналуының да өзіндік тарихи себептері бар. ХХ ғасырдың басындағы саяси өзгерістер, күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, сондай-ақ сталиндік кезеңдегі депортациялар салдарынан түрлі халықтар қазақ жеріне қоныс аударды. Көптеген ұлттың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету аяқ астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние еместігі бесенеден белгілі. Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Өзінің тоз-тозы шыққанына қарамастан, басқаның қайғысына да ортақтығын танытты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында мәңгілік тұрақтап қалды.
Тәуелсіздік тұсында да қырықжамаудай болған ұлттық құрамдағы осы ерекшелікті негізге алғандар «жаңадан пайда болуы ықтимал үлкен қақтығыстар алаңы» ретінде қазақ даласын меңзеген еді. Алайда қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйлас- тығы этностық, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына себепші болды.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне қатысқан адам бұл мейрамның ауқымын біледі. Мерекеге әртүрлі мәдени орталықтар атсалысады. Олардың мақсаты – Қазақстан халқын өзге халықтардың дәстүрлерімен таныстыру. Мейрамға еңбек ұжымдары, ЖОО студенттері, әртүрлі қоғамдық бірлестік өкілдері белсене қатысады. Мерекенің ең бір жарқын көрінісі – этномәдени көрме. Шағын музейлерден белгілі бір ұлтқа тән киім үлгілерін, үй заттарын, әшекейлерді көріп, ұлттық тағамдарының дәмін тата алады. Сонымен бірге бұл күні Қазақстан музейлері мен кітапханалары Қазақстанда тұратын халықтарға арналған көрмелер ұйымдастырады. Мейрам Қазақстан халқын ел аумағында тұратын өзге ұлттардың мәдениеті және дәстүрлерімен таныстырып, ұлт тұтастығын нығайта түседі.
Жамбыл облысы да – еліміздегі бірлік пен татулықтың айқын үлгісін көрсетіп отырған өңірлердің бірі. Облыс аумағында 80-нен астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді. Жамбыл жеріндегі татулықтың тамыры да тереңде жатыр. Өткен ғасырдағы қиын-қыстау кезеңдерде бұл өңірге де көптеген этнос қоныс аударған болатын. Сол кезде жергілікті халық олардың барлығын бауырына басып, қиындықты бірге еңсерді. Бүгінде сол ұрпақтар осы өңірдің дамуына үлес қосып, ел бірлігін нығайтуға қызмет етуде.
Бұл тұрғыда Тараз қаласының орны ерекше. Ежелден Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Тараз – түрлі мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан тарихи шаһар. Мыңжылдықтар қойнауынан жеткен бұл қала тек сәулет ескерткіштерімен ғана емес, ұлттар достығының үлгісімен де ерекшеленеді.
Бүгінде Тараз қаласында көптеген этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Қазақ, орыс, өзбек, кәріс, әзербайжан, түрік және басқа да ұлттар ортақ шаңырақ астында бір-бірінің мәдениетін құрметтеп, қоғамның дамуына бірге үлес қосып отыр. Тараздағы этномәдени бірлестіктер де бірлік пен келісімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Олар түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, әр халықтың дәстүрі мен тілін сақтауға ықпал етеді. Сонымен қатар қалада қоғамдық келісімді дамыту бағытында түрлі жобалар жүзеге асырылып келеді.
Жалпы, бірлік күні Қазақстанның халқының сан алуан мәдениеті мен дәріпті дәстүрін, әртүрлі этностың ерекшелігін құр атап өту үшін ғана емес, өткенімізге салауат қылып, болашағымызды бағамдар сәт десек, жарасар. Қоғам өмірінің әртүрлі салаларында жүзеге асырылатын реформалар елді орнықты, әділ және өркендете отырып, дамудың жаңа перспективалары мен мүмкіндіктерін ашады. Сын-қатерге толы кезеңде Қазақстан өзінің стратегиялық мақсаттарына берік ілгерілеуде. Жүйелі саяси реформаларда, экономиканы жаңғыртуда және қоғамдық этиканы жаңартуда елеулі табыстармен ел өркендеу мен дамуға елеулі қадамдар жасауда. Мұның барлығы елдегі татулықтың арқасы.
Қорытындылай келе, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – халықтар арасындағы татулық пен келісімді дәріптейтін ерекше мереке. Бірлігі бекем елдің болашағы да жарқын болмақ.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.