Бүгін Талас ауданында 9 мамыр – Жеңіс күніне орай Мәңгілік алау монументіне гүл қою рәсімі өтті.
Тағылымды шараға аудан әкімдігінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, жалынды жастар және аудан тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтардың рухы еске алынды.
Салтанатты рәсімде қатысушылар Мәңгілік алау монументіне гүл шоқтарын қойып, майдан даласында жанын қиған жауынгерлерге тағзым етті. Сондай-ақ, бір минут үнсіздік жарияланып, соғыста қаза тапқан батырларға құрмет көрсетілді.
Жеңіс күні – ел тарихындағы ең маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн ерлік пен батырлықтың, Отанға деген сүйіспеншілік пен жанқиярлықтың символы болып саналады. Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпаққа бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру, тарихи жадымызды жаңғырту және ардагерлерге құрмет көрсету дәстүрі жалғасуда.