Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ұғыныстыққа ұмтылған ұжым

«Жасыл ел-Таразда» 15 ұлттың өкілі тату-тәтті еңбек етуде

0 50

Бүгінде татулығын ту етіп, ынтымағын тірек қылған жасампаз мемлекетіміздің жетістігіне сүйсіне де, қызыға да қарайтындар аз емес. Бірлікті – басты байлық, татулықты – мәңгілік тұғыр еткен елдің еңсесі биік болары анық. Қазақстанның осы жолдағы айқын бағыты мен баянды болмысы – ең алдымен дархан көңілді қазақ халқының кеңдігінен, сондай-ақ болашақты болжай білген көреген саясаттың нәтижесінен туындап отыр.

Расында, бір шаңырақ астына сан түрлі ұлт пен ұлысты топтастырып, олардың арасындағы ынтымақ пен өзара құрметті сақтап қалу – кез келген елдің маңдайына жазыла бермейтін бақ. Ал бір мекемеге әртүрлі ұлт өкілдерінің басын қосып, ортақ мақсатқа жұмылдыру – ерекше ұйымдастырушылық пен парасаттылықты талап етеді. Осындай ұжымдық үйлесімнің үлгісін көрсетіп отырған кәсіпорындардың бірі – «Жасыл ел- Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Іргесі 1998 жылы қаланған бұл өндіріс орнында бүгінде мыңнан астам адам еңбек етеді. Ең бастысы – сол қызметкерлердің қатарында 15-ке жуық ұлттың өкілдері бар. Қазақ, орыс, украин, өзбек, белорус және кәріс ұлттарының өкілдерімен қатар әзербайжан, грек, дүнген, қырғыз, неміс, түрік, күрд, қарақалпақ, қарашай, хемшил сынды аз ұлт өкілдері де осы ұжымда табысты еңбек етіп келеді. Олардың әрқайсысы қала тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосып, ортақ іске жұмыла кіріскен.
Бұл мекеменің басты қағидасы – адамды ұлтына емес, еңбегіне қарап бағалау. Мұнда жұмысқа қабылдау барысында қызметкердің шыққан тегі емес, кәсіби біліктілігі мен қабілеті басты назарға алынады. Сол сияқты қызмет бабында өсу кезінде де адамның туған жері емес, төккен тері мен атқарған еңбегі ескеріледі. Бұл – әділдікке негізделген, әрбір жанның мүмкіндігін ашуға бағытталған ұстаным.
– Ұжымдағы татулық пен ауызбіршілікті нығайта түсетін тағы бір маңызды фактор – барлығымыз ортақ мерекелерді бірге атап өту дәстүрге айналдырғанбыз. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі ерекше ықыласпен тойланады. Сонымен қатар 1 наурыз – Алғыс айту күні мен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні де бұл мекеме үшін айрықша мәнге ие. Мұндай күндерде қызметкерлер өткенге тағзым етіп, бір-біріне құрмет білдіріп, достық пен бауырластықтың қадірін тереңірек сезінеді, – дейді «Жасыл ел-Тараз» ЖШС аппарат басшысы Алмат Радикұлы.
Қоғамдағы келісім мен бірліктің шынайы көрінісі тек үлкен мінберлерден ғана емес, қарапайым еңбек адамдарынан да байқалады. Солардың бірі – «Жасыл ел-Тараз» ЖШС жол тазалығын сақтау учаскесінің жұмысшылары, ерлі-зайыпты Дильбар Ешкараева мен Ринат Исмазов.
Таң шапағы жаңа ғана білінген сәтте қолдарына құрал-саймандарын алып, қала көшелерін тазалауға кірісетін бұл жандардың еңбегі көпшілікке үнсіз қызмет іспетті. Көшенің әр бұрышы, әрбір жол жиегі – олардың маңдай терімен ретке келтіріледі. Қала тұрғындары үшін бұл – үйреншікті көрініс болғанымен, оның артында үлкен жауапкершілік пен табандылық жатыр.
Дильбар мен Ринат үшін тазалық – тек жұмыс емес, өмір салты. Қаланың тыныс-тіршілігі көбіне көзге көріне бермейтін, бірақ аса маңызды еңбектің арқасында реттеліп тұрады. Қолдарына күрек пен сыпырғыш алып, күннің ыстығына да, суығына да қарамай, өз міндеттерін мүлтіксіз атқарады. Олардың әрбір қимылынан еңбекке деген құрмет пен жауапкершілік анық сезіледі.
Дильбар Хакимжанқызы – инабаттылығы мен ұқыптылығын қатар алып жүрген жан. Ол айналасына әрдайым мейіріммен қарап, тазалықты тек жұмыс ретінде емес, өмірлік ұстаным ретінде қабылдайды. Екі перзенттің анасы, 1 немеренің әжесі бүгінде қала тазалығымен қатар үйдің берекесін кіргізіп отырған отанасы.
– Біз үшін тазалық – адамның ішкі мәдениетінің көрінісі. Қала таза болса, халықтың көңілі де көтеріңкі болады. Өз еңбегіміз арқылы адамдарға аз да болса пайда тигізіп жүргенімізге қуанамыз. Бүгінде қала көркейіп, көпқабатты үйлердің қасбеті жаңарып, Таразымыздың көркі күн санап көркейіп келеді. Мен үшін осы қаланың бір бөлшегі болу үлкен қуаныш, – дейді Дильбар Ешкараева.
Бұл отбасының тағы бір ерекшелігі – дүнген халқының салт-дәстүрін берік ұстануы. Олар үшін отбасы құндылығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет – өмірдің өзгермес қағидалары. Осы құндылықтарды олар күнделікті тіршілігінде де, еңбегінде де сақтап келеді.
Дильбар мен Ринаттың өмір жолы – еңбек пен сыйластықтың, қарапайымдылық пен адамгершіліктің көрінісі. Олар үшін тазалық – тек көшенің емес, жүректің де тазалығы. Қаланың көркеюіне өз үлестерін қосып жүрген осындай жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Қарапайым еңбек арқылы үлкен өнеге көрсетіп жүрген бұл ерлі-зайыптының өмірі – көпшілікке үлгі боларлық тағылымды жол.
Тараз – тарих пен тағылым тоғысқан, көне мен жаңаның үйлесімін сақтап келе жатқан шаһар. Осындай ерекше келбетті қаланың бүгінгі ажары кездейсоқ қалыптасқан жоқ. Оның әрбір көркем бұрышы, жасыл желекпен көмкерілген аллеясы мен талғаммен жасалған кеңістіктерінің артында тынымсыз еңбек пен шығармашылық ізденіс жатыр. Сол еңбектің бел ортасында жүрген жандардың бірі – «Жасыл ел – Тараз» мекемесінің сәулетші-дизайнері Рамус Асадов.
2018 жылдан бері осы салада қызмет етіп келе жатқан Рамус Мамедұлы үшін сәулет пен дизайн – тек мамандық емес, жан дүниесінің айнасы. Оның күнделікті жұмысы қаланың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жатыр. Таңғы уақытты жұмыс жоспарын саралаудан бастайтын маман күн бойы қала кеңістігін көркейтуге бағытталған жобалармен айналысады. Әрбір гүлзардың орналасуы, әрбір демалыс аймағының безендірілуі – оның кәсіби көзқарасы мен эстетикалық талғамының нәтижесі.
Сәулетші-дизайнердің басты мақсаты – қаланы тек әсем етіп көрсету ғана емес, тұрғындарға жайлы әрі үйлесімді орта қалыптастыру. Рамус Мамедұлы табиғат пен архитектураның үндестігін сақтауға ерекше мән береді. Қарапайым көгалдандыру жұмыстарының өзіне шығармашылық көзбен қарап, әрбір жобасына өзіндік ерекшелік енгізуге тырысады.
– Қала – тірі ағза секілді. Оның да өз ырғағы, өз мінезі бар. Біз сол ырғақты бұзбай, керісінше, көркейтуге үлес қосуымыз керек. Әрбір жасалған жұмыс – болашақ ұрпаққа қалатын мұра, – дейді ол.
Оның айтуынша, күнделікті жұмыс тек сызба сызумен шектелмейді. Көп жағдайда ол жұмысшылармен бірге нысандарды аралап, жобалардың нақты жүзеге асуын қадағалайды. Бұл – шығармашылық пен тәжірибенің ұштасқан тұсы.
Қала көркі – оның тұрғындарының көңіл-күйімен тығыз байланысты. Әсем безендірілген саябақтар мен таза, үйлесімді кеңістіктер адамдарға қуаныш сыйлайды. Осы тұрғыдан алғанда, Рамус Мамедұлының еңбегі – тек сәулет саласына емес, қоғамның рухани ахуалына да қосылған үлес.
Тараздың көркем келбетін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген осындай мамандардың еңбегі – құрметке лайық. Қалаға жан бітіріп, әр бұрышына әсемдік дарытып жүрген «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің осындай мамандары барда, көне шаһардың келешегі де көркем болары сөзсіз.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.