Қазіргі әлем дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Технология қарқыны үдей түсіп, мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен емес, цифрлық әлеуетімен айқындала бастады. Осындай тарихи бетбұрыс кезеңінде жасанды интеллект адамзат өркениетінің негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Бұл үдерістен Қазақстан да тыс қалмай, өзінің даму бағытын жаңа технологиялармен ұштастыруға бет бұрды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің цифрлық болашағын айқындап берген маңызды құжат ретінде бағаланады.
Президент өз Жолдауында жасанды интеллектіні тек технологиялық құрал ретінде емес, ұлттық экономиканың жаңа тірегіне айналатын стратегиялық бағыт ретінде қарастырды. Мемлекет басшысы цифрландыру үдерісі барлық саланы қамтуға тиіс екенін атап өтіп, Үкіметке жасанды интеллектіні экономиканың әрбір секторына енгізу міндетін жүктеді. Бұл бастама мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Шын мәнінде, жасанды интеллект бүгінгі күні өндірісте өнімділікті арттырудың, бизнесте тиімділікті күшейтудің және қоғам өмірін жеңілдетудің басты құралына айналып отыр.
«Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық. Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.
Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс. Жаңа технология- лық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек», – деді Мемлекет басшысы құнды құжатта.
Сонымен қатар жасанды интеллект экономикалық өсімнің жаңа драйверіне айналуға тиіс екені Жолдауда нақты көрсетілді. Қазіргі таңда әлем елдері инновациялық технологиялар арқылы дамуға ұмтылып отыр. Қазақстан да бұл бәсекеде артта қалмауы үшін цифр- лық инфрақұрылымды жетілдіріп, IT саласын дамытуға ерекше көңіл бөлуі қажет. Президент стартаптарды қолдау, инвестиция тарту және ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту мәселелеріне тоқталып, елдің технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты.
Жасанды интеллект тек экономикалық немесе технологиялық құрал ғана емес, ол әлеуметтік мәселелерді шешудің де тиімді тетігі бола алады. Президент Жолдауында инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселесіне ерекше мән берілді. ЖИ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың білім алуына, жұмысқа орналасуына және қоғам өміріне белсенді араласуына кең жол ашады. Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын жүзеге асырудағы маңызды қадам. Цифрлық технологиялар арқылы қоғамның әрбір мүшесіне тең мүмкіндік беру – дамыған мемлекеттің басты көрсеткіштерінің бірі.
Бұл ретте жасанды интеллектінің инклюзиядағы рөлі қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Қоғам дамыған сайын оның басты құндылығы адам екені айқындала түсуде. Ал адамға деген қамқорлықтың ең биік көрінісі – ешкімді шет қалдыр- майтын, баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті орта қалыптастыру. Инклюзия – тек әлеуметтік саясаттың бағыты ғана емес, ол – өркениетті қоғамның өлшемі. Осы тұрғыда жасанды интеллект мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуға, білім мен еңбекке қолжетімділікті кеңейтуге, қоғамдағы теңсіздікті азайтуға зор ықпал етіп отыр.
Жалпы, жасанды интеллект ең алдымен білім беру саласында инклюзияны дамытуға серпін беріп отыр. Дәстүрлі білім беру жүйесінде ерекше білімді қажет ететін балаларға толыққанды жағдай жасау әрдайым оңай бола бермейтін. Алайда ЖИ технологиялары бұл мәселені жаңа деңгейде шешуге мүмкіндік берді. Мәселен, көру қабілеті төмен оқушылар үшін мәтінді дыбыстап беретін бағдарламалар, есту қабілеті шектеулі балаларға арналған автоматты субтитр жүйелері, сөйлеу қабілетінде қиындықтары бар жандарға арналған арнайы қосымшалар бүгінде кеңінен қолданылып келеді. Сонымен қатар жасанды интеллект әр оқушының білім деңгейін саралап, жеке оқу траекториясын қалыптастыра алады. Бұл оқыту процесін барынша тиімді етіп, әр баланың әлеуетін толық ашуға жағдай жасайды. Инклюзивті білім беру дегеніміз – барлық балаға бірдей тапсырма беру емес, керісінше әрқайсысының мүмкіндігіне қарай білім алуға жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда жасанды интеллект мұғалімнің көмекшісіне айналып, білім берудің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Білім беру жүйесіндегі тағы бір маңызды өзгеріс – қашықтан оқыту мүмкіндіктерінің кеңеюі. Әсіресе, бұл – денсаулығына байланысты мектепке тұрақты бара алмайтын балалар үшін үлкен мүмкіндік. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін білім платформалары оқушының оқу қарқынын бақылап, оның әлсіз тұстарын анықтап, қосымша тапсырмалар ұсына алады. Мұндай жүйелер тек білім алуды жеңілдетіп қана қоймай, оқушының өзіне деген сенімін арттырады. Өйткені әр бала өз деңгейінде жетістікке жету мүмкіндігін алады. Бұл – инклюзияның басты қағидаларының бірі.
Денсаулық сақтау саласында да жасанды интеллект инклюзияны қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда ЖИ көмегімен көптеген ауруды ерте кезеңінде анықтау мүмкіндігі артты. Сонымен қатар қозғалысы шектеулі адамдарға арналған ақылды құрылғылар олардың күнделікті өмірін айтарлықтай жеңілдетуде. Мысалы, дауыс арқылы басқарылатын жүйелер, протездерді басқаруға арналған интеллектуалды бағдарламалар, арнайы мобильді қосымшалар мүмкіндігі шектеулі жандардың өздігінен өмір сүруіне көмектеседі. Бұдан бөлек, телемедицина қызметтері арқылы шалғай аймақтарда тұратын азаматтар дәрігер кеңесін онлайн түрде ала алады. Бұл, әсіресе, ауылдық жерлер үшін маңызды, себебі медициналық қызметке қолжетімділік мәселесі әлі де өзекті. Жасанды интеллект осы олқылықтың орнын толтыруға ықпал етеді.
Еңбек нарығында да жасанды интеллектінің инклюзияны дамытудағы рөлі зор. Бұрын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмысқа орналасуы көптеген қиындықтарға тап болатын. Қазіргі таңда ЖИ негізіндегі платформалар адамның қабілетін, қызығушылығын сараптап, оған лайықты жұмыс түрін ұсына алады. Сонымен қатар қашықтан жұмыс істеу форматы кеңінен дамып келеді. Бұл – денсаулығына байланысты кеңсеге бара алмайтын жандар үшін үлкен мүмкіндік. Мәселен, бағдарламалау, дизайн, аударма, онлайн кеңес беру сияқты салаларда жұмыс істеу үшін физикалық қатысу міндетті емес. Осылайша жасанды интеллект еңбек нарығындағы теңсіздікті азайтып, әр азаматтың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасайды.
Жасанды интеллектінің тағы бір маңызды қыры – әлеуметтік коммуникацияны жеңілдетуі. Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қарым-қатынас жасау кейде қиындық туғызатыны белгілі. Осы ретте ЖИ негізіндегі қосымшалар олардың ойын жеткізуіне көмектеседі. Мысалы, мәтінді дауысқа айналдыратын немесе керісінше дауысты мәтінге айналдыратын бағдарламалар адамдар арасындағы байланысты жеңілдетеді. Бұл технологиялар тек мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес, жалпы қоғам үшін де пайдалы. Өйткені олар коммуникация мәдениетін жаңа деңгейге көтереді.
Қорыта айтқанда, жасанды интеллект – инклюзивті қоғам құрудың қуатты құралы. Ол білім беру, денсаулық сақтау, еңбек нарығы және әлеуметтік коммуникация салаларында жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Ең бастысы, ЖИ әр адамның қоғамдағы орнын табуына, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасайды. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, технологияның басты мақсаты – адамға қызмет ету. Сондықтан жасанды интеллектіні дамытуда оның әлеуметтік маңызын ескеріп, оны барша азаматтың игілігіне бағыттау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
Шапағат ӨТЕБАЕВА,
М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті
«Практикалық шетел тілдері» кафедрасының аға оқытушысы