Елімізде Кітапханашылар күні мен Ұлттық кітап күні 23 сәуірде бірге атап өтіледі. Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнімен сәйкес келеді. Мерекелердің осылайша бір күнге тоғысуы оның мән-маңызын арттырып, кітапханалардың мәдени мұраны сақтаудағы орны ерекше екенін айқындады. Осы орайда Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдиновамен жүздесіп, ақылына ақы сұрамайтын құнды қазынамыз төңірегінде сұхбаттасқан едік.
– Эльмира Елеусізқызы, Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күнінің маңызы қандай? Бұл екі мереке бір-бірімен қалай байланысты деп ойлайсыз?
– Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні – бір-бірін толықтырып тұрған, мағынасы терең қос мереке. Ұлттық кітап күні – халықтың рухани байлығын айшықтайтын, кітаптың қоғамдағы орнын айқындайтын ерекше күн. Бұл күні біз кітапты тек білім көзі ретінде ғана емес, ұлттың жадын сақтаушы, тарих пен тағдырды жалғаушы алтын көпір ретінде танимыз.
Ал Кітапханашылар күні – сол қазынаны көзінің қарашығындай сақтап, әр оқырманға жол таба білетін, кітап пен адам арасындағы байланысты нығайтатын мамандардың еңбегіне көрсетілген құрмет. Кітапханашы – тек қызметкер емес, ол – рухани бағыт беруші, оқырманның ізденісіне серік болатын жанашыр тұлға.
Бұл екі мерекенің байланысы өте тығыз. Кітап – мазмұн болса, кітапханашы – сол мазмұнды халыққа жеткізуші. Бірінсіз бірі толық болмайды. Ұлттық кітап күні арқылы біз кітаптың қадірін арттырсақ, Кітапханашылар күні арқылы сол кітапты өміршең етіп отырған жандардың еңбегін бағалаймыз. Сондықтан бұл мерекелерді бірге қарастыру – руханиятқа деген құрметтің белгісі. Екеуі де қоғамды білімге, мәдениетке, ізгілікке бастайтын ортақ мақсатқа қызмет етеді.
– Бұл салаға қалай келдіңіз? Жалпы, қызығы мен қиындығы қатар жүретін кітапханашы мамандығындағы еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Еңбек жолым 1994 жылы Абай атындағы орталықтандырылған көп-шілік кітапханалар жүйесіне қарасты Б.Майлин атындағы кітапханада кітапханашы болудан басталды. Сол кезден бастап кітап әлеміне деген сүйіспеншілігім артып, оқырманмен тығыз байланыста жұмыс істеу, рухани қазынаны насихаттау өмірлік жолыма айналды.
2012 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшылығына келіп, кітапхана ісін дамыту, заманауи талаптарға сай жаңғырту бағытында еңбек етіп келемін. Бұл жылдар ішінде кітапхана тек кітап сақталатын орын ғана емес, руханият пен білімнің, мәдениет пен ізденістің ордасына айналуына күш салынды.
Оқырман сұранысын қанағаттандыру, кітап қорын байыту, цифрлық жүйелерді енгізу және мәдени-танымдық іс-шараларды ұйымдастыру – күнделікті жұмыстың маңызды бөлігіне айналды. Әрбір оқырманмен кездесу, әрбір жаңа жоба – кітапқа деген сүйіспеншілікті арттырып, осы саланың жауапкершілігін терең сезіндіреді.
Кітапханашы болу – тек мамандық емес, ол үлкен жүрек пен жанкешті еңбекті талап ететін рухани миссия.
– Сіз жетекшілік ететін кітапханадағы кітап қорының бүгінгі жай-күйі қандай? Кітапханашылардың біліктілігін арттыру бағытында қандай жүйелі жұмыстар жүргізілуде? Маман тапшылығы бар ма?
– Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – терең тарихы бар, өңірдің рухани-мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ақылдың кеніші. Кітапхананың төл тарихы 1898 жылы Әулиеата қаласында қоғамдық кітапхана ретінде ашылуынан бастау алады. Сол кезеңде кітап қоры небәрі 460 дана кітаптан, 4 газет пен 10 журналдан тұрған. Бұл – өңір тұрғындарының рухани сұранысын өтеуге бағытталған алғашқы игі қадамдардың бірі еді. 1920 жылдары кітапхана жұмысы жүйеленіп, кітапхана меңгерушісімен қатар кітап түптеуші-кітапханашы қызметі де енгізілді. Бұл кезең кітапхана ісінің кәсіби тұрғыда қалыптаса бастағанын көрсетеді. 1930 жылдары кітап қоры 12 мың данаға дейін ұлғайып, балалар әдебие- тіне ерекше көңіл бөліне бастады. Осы жылдары оқырманға қызмет көрсетуді жетілдіру және кітап қорын тиімді пайдалану мақсатында алғашқы жүйелі каталог жасалып, кітапхана ісін ұйымдас- тырудың жаңа мәдениеті қалыптасты.
Бүгінгі таңда кітапхана – заман талабына сай жаңғырып, кеңейген ірі ғылыми-мәдени орталық. Қазіргі кітап қоры 274 261 данаға жетсе, оның 96 025 данасы – мемлекеттік тілде. Соңғы толықтырулар нәтижесінде қор 2 304 дана жаңа кітаппен байытылса, соның 2 204 данасы – қазақ тіліндегі басылымдар. Мемлекеттік тапсырыс аясында 1 786 дана кітап түсіп, оның 1 702 данасы мемлекеттік тілде екені – ұлттық әдебиетті қолдауға ерекше мән беріліп отырғанының айғағы.
Оқырман аудиториясы да жыл санап артып келеді. Бүгінде кітапханаға 6 251 оқырман тіркеліп, жыл ішінде келушілер саны 54 900 адамға жеткен. Ал жалпы кітап берілімі 117 568 дана болса, соның 95 865 данасы – мемлекеттік тілдегі басылымдар. Бұл көрсеткіштер кітапханаға деген сұраныстың жоғары екенін және ұлттық тілдегі әдебиетке қызығушылықтың артып келе жатқанын айқын аңғартады. Осылайша, ғасырдан астам тарихы бар бұл рухани орда бүгінде тек кітап сақтайтын мекеме ғана емес, ғылым мен білімнің, мәдениет пен руханияттың тоғысқан ордасына айналып отыр.
Иә, кітапханашы мамандығы бойынша белгілі бір деңгейде кадр тапшылығы бар деп айтуға болады. Бұл мәселе, әсіресе, өңірлерде айқынырақ байқалады. Бүгінде кітапхана саласы заман талабына сай жаңарып, кітап сақтайтын орыннан ақпараттық-рухани орталыққа айналып отыр. Соған қарамастан, бұл мамандыққа келетін жастар саны жеткіліксіз. Оның негізгі себептері ретінде еңбекақы деңгейі, жастардың басқа салаларға көбірек бет бұруы және кітапханашы еңбегінің сырт көзге жеңіл көрінуі сияқты факторларды атауға болады. Дегенмен, кітапханашы – өте жауапты әрі маңызды мамандық. Қазіргі кітапханашы тек кітап беруші емес, ол – оқырманға бағыт-бағдар беретін, ақпараттық мәдениетті қалыптастыратын, қоғамның рухани дамуына ықпал ететін маман. Сондықтан бұл саланың беделін арттыру және жас мамандарды тарту бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
– Кітапхана директорынан бөлек, қалалық мәслихаттың депутатысыз. Халық қалаулысы болу қандай міндетті жүктейді?
– Мен Тараз қалалық мәслихатының №3 округ депутаты ретінде тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуді өзімнің негізгі міндетім деп білемін. Әлеуметтік сала – халықтың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін ең маңызды бағыттардың бірі.
Тұрғындар тарапынан көтерілетін өтініштер мен ұсыныстарды назардан тыс қалдырмай, әр мәселені жан-жақты зерделеп, тиісті мекемелермен бірлесе отырып шешуге күш саламыз. Бұл – тек есеп беру емес, ең алдымен халық сенімін ақтау деген сөз.
Әсіресе, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым, білім мен денсаулық сақтау салалары бойынша туындайтын түйткілдерді шешуге басымдық беріледі. Әрбір азаматтың үні естіліп, мәселесі назарға алынуға тиіс деп есептеймін.
Депутаттық жұмыс – халықпен тығыз байланыста болуды талап ететін жауапты міндет. Сондықтан тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, ортақ игілікке бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеміз.
– Түзде елге қызметтесіз, үйде отанасыз. Өзіңізді қандай ана ретінде сипаттар едіңіз?
– Қызмет пен отбасы – бір-бірінен бөлек әлем болғанымен, екеуін үйлестіре білу үлкен жауапкершілік пен жүрек жылуын талап етеді. Мен өзімді, ең алдымен, мейірімді, түсінігі мол, бірақ талапшыл ана ретінде сипаттар едім. Балаларыма тек өмірдің жеңіл тұстарын ғана емес, еңбектің, төзім мен жауапкершіліктің де қадірін түсіндіруге тырысамын. Қызметте қаншалықты шешім қабылдап, елдің мәселесіне аралассам, үйде де балаларыма бағыт беретін, бірақ олардың ой-пікірін тыңдай білетін ана болуға ұмтыламын. Өйткені отбасы – адамның ең басты тірегі, ал бала – өмірдің ең үлкен аманаты. Қызым мекемеде бас маман болса, ұлым Халықаралық Тараз инновациялық институтының 2-курс студенті. Уақыт тығыздығына қарамастан, олардың жанында болып, әр жетістігіне қуанып, әр қиындығында қолдау көрсету – мен үшін ең маңызды міндеттердің бірі. Себебі ана болу – тек қамқорлық емес, ол – жүрекпен сезіну, түсіну және бағыт беру.
– Кітапханашы болу – білім мен руханиятқа деген үлкен сүйіспеншілікті талап ететін мамандық. Осы орайда, сіз қандай шығармаларды ерекше ықыласпен оқисыз және жүрегіңізге жақын туындылар қайсы?
– Менің рухани әлемімнің негізгі арқауы – көркем әдебиет. Сол бай қазынаның ішінде Дулат Исабековтің шығармаларының орны ерекше. Оның әр туындысында адам жанының терең иірімдері, қоғам шындығы мен өмірдің сан қатпарлы болмысы шебер суреттеледі. Сондықтан жазушының барлық шығармаларын сүйіп оқып, одан рухани нәр алуды әдетке айналдырдым.
Жалпы, көркем әдебиет – мен үшін тек оқылатын дүние емес, ол – ойланудың, түйсінудің, өмірді танудың биік мектебі. Әсіресе, қазақ әдебиетінде әйел тағдырын арқау еткен шығармалар жүрегіме жақын. Қазақ қаламгерлерінің осы бағыттағы туындыларынан нәзік жандылардың өмірі, олардың ішкі әлемі, қоғамдағы орны мен күресі терең әрі шынайы бейнеленеді.
Қазіргі таңда ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының түпнұсқасын оқып жүрмін. Бұл шығарма – қазақ халқының тұтас болмысын, тарихи кезеңдерін, рухани құндылықтарын кең тыныспен суреттейтін теңдессіз туынды. Әр беті оқырманды терең ойға жетелеп, ұлт тарихының көркем шежіресін көз алдыңа әкеледі. Осылайша кітап әлемі – мен үшін сарқылмас рухани бұлақ, ал әрбір шығарма өмірді тануға жетелейтін шамшырақ іспетті.
Сонымен қатар біздің ұжым рухани ортаның алтын қазығы болғандықтан, әр үзілісте өзіміз оқыған әңгімелер мен кітаптарды ортаға салып, талқылап, алған әсерімізбен бөлісетін жақсы үрдісіміз бар.
– «Қазіргі таңда жастар кітап оқымайды, барлық уақытын әлеуметтік желіде өткізеді» деген сыни пікірлер көп естиміз. Жалпы, бұл тұрғыда сіздің ойыңыз қандай? Келешек буынды кітапқа қалай қызықтыра аламыз?
– Айтып отырған пікірлердің жаны бар. Дегенмен, бұл құбылысты біржақты бағалауға болмайды. Бүгінгі буын – ақпаратты жылдам қабылдайтын, цифрлық кеңістікте еркін ойлайтын ұрпақ. Олар үшін кітап оқу формасы өзгергенімен, мазмұнға деген қызығушылық мүлде жоғалды деуге негіз жоқ. Шын мәнінде, кітап пен әлеуметтік желі – бір-біріне қарсы ұғым емес. Тек олардың берер дүниесі мен қабылдану тәсілі әртүрлі. Егер кітаптың құндылығын заманауи тілмен, қызықты форматпен жеткізе алсақ, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға толық мүмкіндік бар.
Келешек буынды кітапқа жақындату үшін, ең алдымен, оны зорлықпен емес, ықыласпен ұсыну маңызды. Жастарға өз заманының тынысын сезіндіретін, өмірмен үндес, ойлантатын шығармалар қажет. Сонымен қатар кітапханалар мен білім ордалары тек кітап сақтайтын орын емес, рухани-танымдық, шығармашылық алаңға айналуға тиіс.
Әдеби кештер, пікірталас клубтары, заманауи жобалар мен цифрлық платформалар арқылы кітапты жаңа қырынан таныстыру – өте тиімді жол. Ең бастысы, кітаптың құндылығын сөзбен ғана емес, нақты іс-әрекетпен көрсете білу керек. Біздің мекемеде күнделікті өтетін іс-шаралардың да мақсаты – оқыр- манды кітап оқуға баулу. Кез келген оқырман, қала тұрғыны кітапханаға келіп, өзіне керекті барлық кітапты оқып қана қоймай, біздің бай мұрамызбен таныса алады.
– Кітапханашылар күніне әріптестеріңізге қандай тілек білдіресіз?
– Ұлттық кітап күні – руханияттың шамшырағын жаққан, кітаптың қадірін ұлықтайтын ерекше мереке. Ал осы қастерлі құндылықтың өміршең болуына күн сайын еңбек етіп жүрген жандар – кітапханашылар қауымы. Осы орайда, әріптестерімді Кітапханашылар күні- мен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің еңбектеріңіз – көзге кө- рінбейтін, бірақ қоғамның рухани тамырына нәр беретін ұлы еңбек. Әр кітап сөресінде тұрған құнды дүниенің артында сіздердің маңдай терлеріңіз, ізденістеріңіз және үлкен жауапкершіліктеріңіз жатыр. Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күнінің тоғысуы кітап пен оны насихаттаушы маманның бір-бірінен ажырамас екенін айқын көрсетеді. Егер кітап – ұлттың жады болса, кітапханашы – сол жадыны сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізетін рухани көпір. Барша әріптестеріме зор денсаулық, шығармашылық шабыт және еңбекте толағай табыс тілеймін. Сіздердің әр күніңіз оқырман алғысына, рухани ізденіске және жаңа жетістіктерге толы болсын. Кітаппен бірге өмір сүріп, кітаппен бірге биіктей берейік.
– Сұхбатыңызға рақмет. Ұлт руханиятына жасап жатқан еңбектеріңіз жемісті болғай!
Сұхбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА