Бүгінде көне Тараздың көркіне сән қосу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Әсіресе, соңғы жылдары саябақтар мен демалыс аймақтары заманауи талаптарға сай қайта жаңартылып, олардың келбеті мүлде жаңа сипат алды. Соның арқасында бұрын қараусыз қалған аумақтар қазір тұрғындардың серуендеп, тынығуына қолайлы орынға айналғаны белгілі.
Осы мақсатпен 2024 жылы шаһар аумағындағы саябақтарда жаяу жүргіншілердің су ішуіне арналған арнайы субұрқақтар орнатылған болатын. «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің мәліметінше, осындай жалпы саны 8 субұрқақ қаладағы Қ.Рысқұлбеков, «Жеңіс», Тұңғыш Президент саябақтары мен «Жастар» аллеясы және «Көне Тараз» кешенінің аумағына қойылған. Олардың құны 150-200 мың теңгенің аралығын құрады.
Алайда арада көп уақыт өтпей-ақ бұл субұрқақтардың бірқатарының шүмегі істен шығып, суы тоқтап тұрғаны көзге анық байқалды. Мұндай жағдайлар олардың күтіміне тиісті деңгейде көңіл бөлінбегенінің көрінісі екені белгілі. Әсіресе, көктем-жаз мезгілдерінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін аса қажетті бұл құрылғылардың жұмыс істемеуі қолайсыздық туғызатыны сөзсіз. Балаларымен серуендеген ата-аналар немесе спортпен айналысып жүрген жастар үшін таза ауызсудың қолжетімді болуы маңызды. Ал субұрқақтардың істен шығуы игі бастаманың өз деңгейінде жүзеге аспай отырғанын көрсететіндей.
Мәселенің мәнісін білмек болып «Жасыл ел-Тараз» мекемесіне хабарласқанымызда ондағы жауапты мамандар алдағы мамыр айында субұрқақтарды қайта қалпына келтіріп, іске қосуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Осы мәселеге қатысты тұрғындардың да айтары бар.
– Бұл субұрқақтар алғаш орнатылғанда қаланың көркін ашып, саябақтарға ерекше сән беріп тұрған еді. Әсіресе, серуендеп жүрген кезде таза су ішіп, аз-кем тынығып алуға өте қолайлы болатын. Алайда өкінішке қарай, кейде тұрғындардың да осындай дүниелердің қадіріне жете бермейтіні байқалады. Кейбіреулердің салғырттығы мен жауапсыздығының салдарынан бүтін тұрған заттарды әдейі бүлдіріп, шүмектерін сындырып немесе бұрап кететін жағдайлар да кездеседі. Мұндай әрекеттер тек ортақ мүлікке зиян келтіріп қана қоймай, басқа тұрғындардың игілігіне де кері әсерін тигізеді. Сондықтан әрбір қала тұрғыны қоғамдық орындардағы дүниеге жанашырлықпен қарап, оны көздің қарашығындай сақтауы қажет деп ойлаймын, – дейді шаһар тұрғыны Мұрат Жұмабеков.
Өкініштісі, қазір саябақтарда сұрқы қашып тұрған жалғыз субұрқақтар ғана емес. Айталық, Қ.Рысқұлбеков саябағында болған жағдай да осының айқын дәлелі іспетті. Мұнда демалушыларға арналған кейбір нысандардың бүлініп, қараусыз қалғаны бірден көзге түседі. Атап айтқанда, саябақ аумағында орнатылған ақпараттық тақтайшалардың кейбірі сынып, орнында бос қаңқасы ғана қалған. Бұл келушілер үшін қажетті мәлімет алуға кедергі болып қана қоймай, жалпы аумақтың эстетикалық келбетіне де нұқсан келтіруде. Сонымен қатар демалыс орындарында орнатылған үстелдердің де жарамсыз күйге түскені байқалады. Кейбірінің тіректері құлап, бөліктері сынған, ал айналасы күл-қоқысқа толып қалған. Мұндай көріністер саябақтың мәдени демалыс орны ретіндегі маңызын төмендетіп, келушілердің көңіліне кері әсерін тигізері анық. Әсіресе, отбасымен немесе достарымен уақыт өткізуге келген тұрғындар үшін мұндай жағдайлар қолайсыздық туғызады. Бұдан бөлек, ескерткіш маңындағы тас тақтайшалар да бүлініп, шеттері мүжіліп, сынып жатыр. Бұл, бір жағынан, қауіпсіздік талаптарына да сай келмейді. Себебі, мұндай ақаулар жаяу жүргіншілер үшін қауіпті болуы мүмкін. Ал саябақ – ең алдымен, қауіпсіз әрі жайлы орта болуға тиіс.
Біз көрген «Жастар» аллеясындағы жағдай да жақсы емес. Аумағы 5,59 гектарды құрайтын «Жастар» аллеясы бұрынғы «Атшабар» скверінің орнына салынған. Жаңғырту аясында аллеяның М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің кіреберіс жеріне амфитеатр қойылып, 4 субұрқақ іске қосылған. Сондай-ақ «Жастар қабілет орталығы» ашылып, жастардың жиі бас қосатын орнына айналады деп күтілген. Аллеяның белортасына рухани әлемге жетелейтін «Кітап» сәулеттік композициясы құрылса, махаббаттың мәңгілік символы, Тараздың қосылмай кеткен қос ғашығы Болат пен Айнұрдың құрметіне ескерткіш те бой көтерді. Бұдан бөлек, LED экран орнатылып, түрлі шаралар сол арқылы сүйемелденген болатын. Ал «Сағат» стелласы «Жастар» аллеясының көркіне көрік қосып тұрған-ды. Субұрқақтар декоративті тастардан құралған ою-өрнектермен безендіріліп, саябақ жағалауына гүлдер мен шырша талының көшеттері отырғызылған. Жасыл желекті жайқалтып тұру үшін автоматты суару құрылғылары жүргізіліп, заманауи жарық шамдар мен жаяу жүргіншілер жолағы жүргізілген. Адам тынығатын орындықтар ұялы телефонды қуаттағыш қондырғылармен жабдықталған. Міне, осындай керемет аллеяның бүгінде бүтінінен бүлінген жері көп.
«Сағат» стелласының да сәні әбден қашып тұр. Оның тілдері қозғалысын тоқтатқанына 4-5 жылдан асып кетті. Ал қомақты қаржыға салынған «Жастар қабілет орталығының» тағдыры да ақыры жеке қолға өтумен аяқталды. Алғашында бұл нысан сол кездегі жастар саясаты мәселелері басқармасының қарауына беріліп, түрлі мәдени және қоғамдық іс-шаралар өткізілетін орынға айналған болатын. Кейін ғимарат жеке кәсіпкердің иелігіне өтіп, бүгінде «Vstrecha» атты түнгі ойын-сауық орны ретінде қызмет көрсетуде.
«Жастар» аллеясындағы LED экранның да жұмыс істегенінен тоқтап тұрған кезі көп. Қараусыз қалған кешеннің қабырғалары мүжіліп, кей тұстары құлап, арты апандай үңірейіп тұр. Демалуға арналған орындықтарға орнатылған телефон қуаттағыш құрылғылар да істен шығып, қираған күйде жатыр. Ол аздай, ішін қоқысқа толтырып, айналасына темекі қалдықтарын шашып кеткен.
Бұл жағдайға М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің студенті Берік Аманжол да өз алаңдаушылығын білдірді.
– Университетке жақын орналасқандықтан саябаққа жиі келемін. Бұрын бәрі таза, жақсы еді. Қазір көп дүние қирап жатқаны жасырын емес. Қазір мұнда апта сайын жәрмеңке өтіп жатыр. Шыны керек, іс-шара аяқталған соң аллея аумағы күл-қоқысқа толып қалады. Әрине, бұған жалғыз тазалық сақшыларының шамасы келмейді. Бұл тұрғыда тұрғындардың да жауапкершілігін арттыру қажет. Мұнда келетіндердің көбі – өзім сияқты жастар. Замандастарымды тәртіп пен тазалықты сақтауға барынша шақырып жүремін, – дейді Берік Айтбайұлы.
Жалпы алғанда, саябақтардың тек жаңартылып қана қоймай, олардың тұрақты түрде күтіп-ұсталуы аса маңызды. Бұл ретте тиісті мекемелер тарапынан жүйелі бақылау мен жедел жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажет.
Біз де өз кезегімізде саябақтағы келеңсіздіктер қашан қалпына келтірілетінін білу үшін Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қайырылғанымызбен, ешқандай жауап ала алмадық.
Ақиқатын айтқанда, мұндай жағымсыз жайттар тек бір-екі нысанмен шектелмейді. Мәселен, «Таразға тарту» жобасы аясында салынған «Денсаулық» саябағындағы дәрігерге арналған ескерткіштің өзі екі рет бұзақылардың қолынан зардап шекті. Ақыр соңында оны мүлде алып тастауға тура келді. Сондай-ақ Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың құрметіне ашылған сквердегі төрт түлік мүсіндері де вандализмнің құрбаны болды.
Жалпы, өңірде жаңа нысандарды салу үрдісі болғанымен, оларды күтімге алып, жауапкершілікпен қарау жағы ақсап тұрғандай. Сондықтан бұл мәселеге жауапты тұлғалар бейжай қарамай, әрбір нысанның кейінгі тағдырына да мән бергені жөн. Әйтпесе, бүгін сән беріп тұрған саябақтар мен скверлер ертең-ақ қаланың көркін қашыратын күйге түсуі әбден мүмкін.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ