Қалалық қоғамдық-саяси газет

5 ай ауруханада жатқан сәбидің әжесі Жамбыл облысынан табылды

0 241

5 ай бойы ата-анасын күтіп, аурухана өмір сүрген 1,5 жасар Тәңірбергеннің әжесі Жамбыл облысының Мерке ауданынан табылды. Бұған дейін алматылық полицейлер бүлдіршіннің туыстарына іздеу салған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Дәрігерлер Тони деп атап кеткен бүлдіршін №2 қалалық ауруханада бес ай бойы ата-анасын күтумен болған. Дәрігерлер сәбиді балалар үйіне өткізбей, ата-анасын күтуді жөн көрген.

Полицейлер Тәңірберген мен оның әкесін өткен жылдың 22 қыркүйегінде Сайын мен Райымбек көшелерінің қиылысынан тапқан. Күздің салқын күнінде жеңіл киінген сәби тәртіп сақшыларының назарына бірден іліккен.

«Сырт келбетінен оның (әкесінің) тұрғылықты жері жоқ екені белгілі болды. Алғашқы іс-шаралар барысында азаматтың Жамбыл облысынан ақша табуға келгені анықталды. Алайда сол күйі жұмысқа орналаса алмаған әкесі кішкентай баласымен бірге далада өмір сүрген», – деді қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов.

Ауруханада бала тексерістен өткізген. Ем-дом қабылдап жатқан уақытында 36 жастағы баланың әкесі құжатын дайындап, баспана табуға уәде берген. Алайда сол күйі баласын алып кетуге қайта келмеген.

Әкесі Тәңірбергенді балалар үйіне өткізбеуді өтініп, ауруханаға екі рет келіпті. Ал кішкентай Тони қазіргі уақытта дәрігерлердің жіті бақылауында.

«Бала бізге, біз балаға үйренісіп қалдық. Ақырындап тілі шыға бастады. Өзі күлімсіреп тұрады, бізді таниды, амандасады. Оның дені сау. Толыққанды тамақтанады, еркін ойнайды. Біз түнде де оның жанындамыз. Ата-анасы, әсіресе, осындай сәтте жанында болуы керек. Жақындарының табылғанын қалаймыз», – деді №2 қалалық аурухананың педагог-тәрбиешісі Гүляйым Акрамханова.

Тәңірбергеннің оқиғасы қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Әлеуметтік желі арқылы оның жағдайынан хабардар болған оқырмандар қолдарына тәттілерін алып, ауруханаға ағылды.
«Осы ауруханада жатқанын естіп, көруге келдік. Балаға обал, оның еш кінәсі жоқ. Әр баланың бақытты болуға құқығы бар», –  деді қала тұрғыны Әлия Есенғазиева.

Бұл аралықта Рустам Абдрахманов балаға туу туралы куәлік берілгенін әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Құжаттары дайын болған соң, Тәңірбергеннің балалар үйіне жіберілетіні бұған дейін де айтылған еді.

«Баланы жайлырақ жерге орналастыру мәселесі де шешіліп жатыр. Біз «Әділ» қоғамдық қорын ұсындық. Ата-анасына қатысты да шешім шығарамыз», – деді Алматы қаласы, полиция Департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рустам Абдрахманов.
Ал Тәңірбергеннің тағдыры шешіліп жатқан уақытта сәбидің туған әжесі Жамбыл облысынан табылды. Ол Мерке ауылының 58 жастағы тумасы болып шықты. Енді баланың әрі қарайғы тағдырын қамқоршылық органдары шешеді.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде ата-ананың қарауынсыз ауруханада қалған 1,5 жасар баланың видеосы шу тудырды. Видео авторы –  ауруханаға қызымен бірге түскен Айдана Аллажарқызы баланың терезесі жоқ, тар палатада жатқанын, 5 айдан бері ата-анасы келмегенін айтқан еді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.