Қалалық қоғамдық-саяси газет

Басты ұстаным-тұрақтылық пен келісімді сақтау

0 293

  «Достық» үйінде Қазақстан халық ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға қатысқан топ мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, ассамблеяның жастары елдегі ахуал, соның ішінде тұрақтылық пен келісім және ассамблеяның негізгі бағыты туралы ойларын ортаға салды.          

Ассамблея жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың отырысына «Азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбы арқау болды. Жиында алдымен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Парида Мамедова сөз сөйлеп, кездесудің бағыт-бағдары және маңызы жайында толығырақ баяндады.Артынша Халықаралық Тараз инновациялық институтының проректоры Асқар Абдуалы сөз сөйледі.

–Қазіргі жағдайға байланысты Ассамблеяға қарасты ғылыми-сараптамалық топтың кеңейтілген отырысының маңызы бөлек дер едім. Қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыс мәселесі бұған дейін де талай мәрте көтеріліп, жан-жақты талқыланды. Билік бен бұқараның арасындағы байланыстың қандай дәрежеде екенін Қордай ауданындағы жағдай және «Қасіретті қаңтар» оқиғасы дәлелдеп берді деп айтуға болады. Сондықтан біз бұл мәселені жабулы қазан күйінде қалдырмауымыз керек, – деді Асқар Бегәділұлы.    

Бұдан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Философия және саясаттану» кафедрасының аға оқытушысы, ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі Режеп Баярисов ассамблеяның әлеуметтік маңызы жайында баяндама жасады.

–Кейінгі жылдары Қазақстан халқы ассамблеясына қатысты қоғамда түрлі сын-пікір айтылуда. Тіпті, ассамблеяны тарату керек деген сөз шықты. Осы ретте әрине мекеменің жұмысынан бейхабар азаматтар үнсіз қалды. Десек те бұған дейін түрлі этнос өкілдерінің басын қосып, талай бастамалардың басы-қасында жүрген мекеменің жұмысы қыруар екенін зиялы қауым жақсы біледі. Сол үшін де ассамблеяның жоспарына өзгерістер енгізіп, жаңа бастамаларды көтеру керек,–деді Режеп Оразбайұлы.

Сондай-ақ облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы ғылыми сараптамалық қолдау бөлімінің бас сарапшысы Ербол Қаншымбеков облыстағы этносаралық ахуалдың бірыңғай әлеуметтік мониторингісі туралы қысқаша ақпарат берді. Жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Сейдахан Бақторазовтың «Әулиеата өңірінде жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргін» атты монографиялық кітабының тұсауы кесілді. Сейдахан Уәлиұлы этномәдени бірлестік өкілдеріне репрессия құрбаны болған азаматтар жайындағы деректерді тереңірек зерттеу туралы ұсыныс жасады.

Кездесу соңында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Парида Мамедова этномәдени бірлестік өкілдері мен ғылыми-сараптамалық топ мүшелерінің ұсыныс-пікірлері назарда болатынын айтты.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.