Алматы облысының аудандық ауруханасында жұмбақ жағдайда көз жұмған ана мен бала ісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz»ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаға дәрігерлердің кінәлі екенін алға тартады. Сарыөзек орталық ауруханасында толғағы келген келіншекті дәрігерлер бір апта бойы тудырмай ұстаған. Артынша толғақ шақыратын дәрі салып, кесарь тілігін жасаған.
“Дәрігерлер толғақ шақыратын дәріні алып салып жіберген ғой. Кесарь тілігін жасаған. Содан балам да, әйелім де қайтыс болды. Кеше 6-да қайтыс болған. Бұлар маған бүгін сағат 5-те беріп отыр”, – дейді марқұмның жұбайы Бақытжан Ерментаев.
Марқұмның жұбайы әйелінің денсаулығына дәл осы толғақ дәрісі кері әсерін берді дейді. Себебі отадан соң әйелдің қаны тоқтамағанын айтады. Тіпті денесін де ешқандай құжатсыз берген көрінеді. Ал ақ халаттылар екеуінің өмірін сақтап қалуға тырысқандарын айтып, ақталды. Олар әйелдің жүрегі ота кезінде тоқтап қалғанын мәлімдеді.
Дегенмен, облыстық полиция департаменті қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүргізуде. Арнайы сараптамалар тағайындаған.