Қалалық қоғамдық-саяси газет

150 мың теңге сұраған: Петропавлда көлікті себепсіз тоқтатқан екі полицей жұмыстан қуылды

0 670

Петропавл қаласында полиция қызметкерлері көлік жүргізушісін алдап, 150 мың теңгесін иемденіп кеткен, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қала тұрғаны жол ережесін бұзбай келе жатқан. Соған қарамастан, полицейлер оны тоқтатып, жолдың қарсы бетіне шыққаны үшін айыптаған. Алайда ер адам кінәсін мойындамаған. Ал тәртіп сақшылары болса, оны көлік жүргізу құқығынан жарты жылға айырамыз деп қорқытқан.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, екі полицей көлік жүргзушісінен 150 мың теңге талап еткен. Ал параның сомасын планшетке жазып көрсеткен.

«Көлік жүргізушісі параны берген. Бірақ кінәсіз екенін және алданып қалғанын біліп, облыстық полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасына арыз түсірген. Екі полицей жұртқа масқара боламыз деп ақшаны қайтарып бере салған. Ал тергеу кезінде олардың бейнебақылау жетоны мен көліктің ішіндегі камераны сөндіріп тастағаны анықталды. Ондай әрекет тәртіп бұзушылыққа жатады», – дейді Жахин.

Сотта полицейлердің алаяқтық әрекеті дәлелденді. Әрбіреуіне параның он еселенген сомасы – 1,5 миллион теңгеге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, оларға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Ал екі алаяқ полицейдің басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде взвод командирі, оның орынбасары және рота командирі бар. Барлығы 10 басшының мәселесі тәртіптік комиссияға шығарылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.