Қалалық қоғамдық-саяси газет

«11 жасымда көзімді отшашуға күйдіріп алдым»: Танымал блогер Римма Асқарова өмірі жайлы сұхбат берді

0 315

Римма Асқарова – көпшілікке қажетті кеңестерімен жігер сыйлап жүрген батыл қыз. 11 жасында бір көзін жаңа жылдық отшашуға күйдіріп алғанына қарамастан бүгінде ару бар қиындықтарды еңсерген. Анасының үмітін ақтап, білім алып, тұрмыс құрып, ана атанған ару өмірі мен өткен жолы туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

– Римма ханым, өзіңізді оқырмандарға таныстырып өтсеңіз.

– Жасым 24-те. Мен үшін қазіргі өмірімдегі ең үлкен өзгерістердің бірі – тұрмыс құрып, ана атануым. Үлкен өмірдегі жауапкершілікті сезінетін Риммаға айналдым. Көпшілік мені блогер ретінде таниды. Себебі мен бұған дейін адамдарға желі арқылы ем шаралар бойынша түрлі кеңестер беріп келдім. Қоғамымызда шет елге қаралуға қалай баратынын білмей жүргендер мен ел ішінде соңғы үміттері сөнген жандар өте көп. Тіпті Алматының өзінде қандай мықты ауруханалар мен дәрігерлердің барын ажырата алмай жатады. Сондай кезде жұртшылық осы ақпараттарды сол жолдан өткен адамнан білгісі келеді. Мен парақшама шет елге қалай барғаным, қандай дәрігерлердің көмегі тигені жөнінде жазбалар жазу арқылы блогер атандым. Аллаға шүкір бір баланың анасымын, бір үйдің келінімін.

– Ал негізгі мамандығыңыз қандай?

– Мен екі түрлі мамандықты оқып бітіргенмін. Басында денсаулығыма байланысты анам 11-сыныпқа қалмауымды өтінді. Себебі мен көп оқитынмын. Сол маған ауыр тиеді деп 9-сыныптан соң колледжде оқып, ағылшын, қытай тілі сала менеджері мамандығын алып шықтым. Кейін Нархоз университетінде бухгалтерлік негіз мамандығында оқыдым.

– Жұбайыңызбен қалай таныстыңыз?

– Жұбайыммен Instagram желісі арқылы таныстым. Алғашында ол маған жұмыс бойынша ұсыныстар тастады, алайда мен белгілі себептерге байланысты қабылдамадым. Бірақ сонда да амандасып, қал сұрасып, жазып жүрді. Мен сол кезде Корей еліне емге баруды жоспарлап жүрген болатынмын. Ол маған көп қолдау сөздерін жазып, ерекше тілектерін жеткізетін. Бірақ мен оны мейірімді адамдардың бірі деп қабылдадым да, адамгершілікпен оған алғысымды айтып жүрдім. Кейін елге оралған кезде менің туған күнім болды. Ол түнгі сағат 12-де келіп құттықтап, маған күтпеген тосынсый жасады. Осылайша әңгімеміз жарасып, 2 жылдай кездесіп, тұрмыс құрдым.

– Римма ханым, осы кезге дейін тағдырдың тосқауылдарын жеңіп батылдығыңызды көрсетіп келдіңіз, қазір көзіңіздің саулығы қалай?

– Мені танымайтын адамдар көзімді көріп, туа бітті ауру екен деп ойлап жатады.  Көбісінің көкейіне “бұл қалай болған?” деген сауал туындайды. Негізі бұл туа бітті ауру емес. Дүниеге келген кезімде екі көзім сұп-сұлу болып туылғанмын. Бұл оқиғаны жазатайым болған жағдай деп қабылдадым. 11 жасымда, 6-сынып оқитын кезімде жаңа жыл қарсаңында отшашу шашырап, содан көзімнің беткі пердесі күйіп, осы жағдайға түскен болатын. Бірақ ол кезде қабақ, кірпігім ашылмай, көзім түгелдей жабық болып қалды. Біздің елдегі дәрігерлердің бәрі Римма Асқарова десе жатқа танитын. Тіпті ауруханадағы кіші қызметкерлерге дейін менің жағдайыма алаңдайтын. Жай тексеріске бара қалсам бәрі дұрыс па деп сұрайтын. Шыны керек бүкіл Алматыны шулаттым. Мен қайтсем де жазыламын, қайтсем де емделемін деп мақсат қойдым. Содан 19 жасыма дейін Алматыдағы дәрігерлерге сеніп, солардың нұсқуын орындадым. Әрбір жаз сайын ауруханаға келіп 21 күндік емге қалып жүрдім. Арасында оталар да болып тұрды. Алайда нәтиже болмады. Содан соң 2018 жылы қалай да мақсатыма жетемін деп Кореяға барып, ең алғаш қабағыма ота жасатып келдім. Адам барлығының тез болғанын қалайды ғой. Ол жақтағы операциядан соң екі көзім де бірдей болып, өзінің әдемі қалпына келеді деп ойладым. Алайда сол жаққа барған соң оның бәрі бірнеше кезеңнен кейін ғана болатынын түсіндім. Аллаға шүкір Корей елінен кейін Барселонаға барып бірнеше ота жасаттым. Тағы баратын кезімде тұрмысқа шығып, балалы болдым. Құдай қаласа еміміді әлі де жалғастырамын. Көзімнің қазіргі жағдайы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарды.

– Әлеуметтік желілерде анаңыз туралы көп айтасыз, ал әкеңіз туралы естеліктеріңіз бар ма?

– Ата-анам мен 2 жасқа таяғанда өздерінің арасындағы мәселелерге байланысты ажырасып кеткен. Кішкентай болғандықтан, нақты бір айтарлықтай естеліктер есімде жоқ. Алайда кейін 15 жасымда әкемізді іздеп барғанбыз. Анамыздан сұрап, соның көмегі арқылы ағам екеуіміз іздеп таптық. Оның қандай тұлға екендігі бізге өте қызық болып, қатты көргіміз келді. Алайда оның екінші отбасы бар болатын. Ол жақтан біздің 5-6 бауырымыздың бар екенін білдік. 24 жасыма дейін әкемді тек үш-ақ рет көріппін. Қазір бізде байланыс жоқ. Дегенмен біз әкесіз өссек те, арғы жақтағы бауырларымыз әке қамқорлығын сезінсін деп ағамыз екеуміз барлығын іштей кешірдік. Дегенмен әкеме ренішім жоқ, керісінше ата-анама осы өмірге келгеніме алғысымды білдіремін.

– Алғаш тапқан табысыңыз есіңізде ме?

– Біз үшін анамыз барлық жұмысты жасады. Жалғызбасты анаға екі баланы өсіріп жетілдіру оңай емес. Біздің қосымшаларымыз, ән, билеріміз бар дегендей. Сол себепті біз ерте есейдік. Алғашқы табысымды 16 жасымда тапқаным есімде. Ол кезде колледжде студент болатынмын. Бір жағынан анама көмектесейін деп, бір жағынан студентпін, өзіме керекті қаражатты өзім табайын деген мақсатпен визажист мамандығының бір курсын оқып, чемоданымды көтеріп алып, қыздарды таңертеңмен тойға дайындайтынмын. Ол кезде бет әрлеушілер аз болатын. Қазіргідей бәсеке болмады және тойлар да көп еді. Мен бір қалыңдықты 5 мың теңгеге бояндыратын едім. Сонда бір күнде 16-17 жасымда кем дегенде 10 мың теңгедей тауып келетінмін.

– Бойыңыздағы қандай қасиет, қаблетті бағалайсыз?

– Ұстамдылық пен шыдамдылығымды шығар. Әрдайым іштей өзімді шыдап күтуге, сабырлы болуға шақырамын. Барлығын Алладан тілеп жүремін. Ал жолдасым менің шынайылығымды ұнататынын айтады. Мен барлық нәрсенің әділ болуын қолдаймын. Бәрі өз орынымен болғанын қалаймын.

– Өмірде шешімдеріңізге өкінген кезіңіз болды ма?

– Негізі өкінуге болмайды ғой. Десе де осы уақытқа дейін іште әттең ай деген сезімдер болды. Бірақ қазір есейдік, бәрін ақылға салып ойланғаннан кейін болар істің болғанын, ол шешімдерді өзгерте алмайтынымызды түсіндім. Кезінде мен көзімді 11 жасымда күйдіріп алғанда неге сол сәтте бірден шет елге барып емдетпедім деп ойлайтынмын. Бірақ ол кезде анам жалғыз, шетелге шығу біз үшін оңай болмағанына көзім жетті. Былайша өкінетіндей дүниелер болған емес.

– Алға қойған мақсат, жоспарларыңыз қандай? Нені армандайсыз?

– Жақында менің өмірім туралы қысқа метражды фильм түсіруге ұсыныс келді. Бұған дейін де түрлі шақыртулар болған. Бірақ мен қысылғандықтан қабылдамаған болатынмын. Осы жолы бұйыртса жақсы бір дүниелер күтіп тұр. Арманыма келсек, жалпы адам қиялдай берсе, ойына неше түрлі нәрселер де келеді ғой. Балалы болғаннан кейін бар зейінің соған ауады екен. Менің арманым да сол балапаным аман-есен көз алдымызда өсіп кетсе, қалғанының бәрі болады. Себебі ұлым менің мотивациям десем де болады.

– Жігері таусылған жастарға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Жігері жасып, үміті сөнетін кездер бәрінің басында болып тұрады. Маған күнделікті сондай жандардан хабарламалар келеді.Тіпті номерімді тауып алып хабарласып, кеңес сұрайтындар да бар. Алматыға ата-анасымен келіп, менімен арнай кездескендер де болды. Барлық жерде барынша ақыл, кеңесіммен бөлісіп, алға жылжуға шақырып жүремін. Енді сондай жастарға айтарым ешқашан ештеңеге өкінбеңіздер. Егер Жаратушы Алла бізге сондай сынақты берген болса, біз оны көтеруге міндеттіміз. Демек біз оның сүйікті құлымыз. Құдай біреуді беріп сынайды, біреуді бермей сынайды. Бермей сынағаннан қорқу керек деген бар еді ғой. Сол үшін ештеңеден қорықпай алға басыңыздар. Жаманшылық пен кедергілердің бәрі басыңызда екенін ұмытпаңыздар. Миыңыздағы тосқауылдардан құтылып, тек жақсы нәрселерді ойлаңыздар, алға ұмтылып, әрекет етсеңіздер, барлығы да болады деп айтар едім!

 

Сұхбаттың толық нұсқасын ютуб арнамыздан тамашалай аласыздар

Сұхбатты дайындаған: Гүлсезім Мұхатай, Нұрсұлтан Нұрманбек

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.