Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өзін-өзі тану өз үрдісімен өте бергені дұрыс

0 1  718

Бүгінгі күні елімізде ұлттық және азаматтық құндылықтардың негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту, адамның рухани күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қажетті жағдайлардың барлығы да жасалуда.

Тәрбиенің басты мақсаты – әр адамның ішкі құндылығын, тұлғалық қасиетін ашып, бағалауға үйрету. Осыларды ескере отырып, еліміздің мектептерінде 2001 жылдан бері «Өзін-өзі тану» бағдарламасы саралаудан өткізіліп, оқу жүйесіне енгізіліп келеді. Ал 2010-2011 оқу жылынан бастап бұл пән жалпы білім беретін мекемелердің барлығына жаппай енгізілді. Аталған пән жастардың бойында сүйіспеншілік, ақиқат, дұрыс әрекет, ішкі тыныштық, қиянат жасамау сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырады, оларды рухани адамгершіліктің нәрімен сусындатады. Яғни өзін-өзі тану – адамның өзіне терең мән берудің алғашқы қадамы. Ойшыл Сократ «Өзгені тану үшін өзіңді-өзің таны» деген болатын. Қазіргі біздің осы пәніміз Сократ ілімінің үйлесімді жалғасы іспеттес.
Бұл пән жобасының авторы Сара Алпысқызы атап өткендей: «Әр баланың қабілетін ашуы, өзіне жол табуы, өзінің күш-жігеріне сенуі өзінің өмірдегі орнын анықтау үшін өте маңызды! Әлемде махаббат пен мейірімділік аурасын жасай отырып, қарапайымдылық пен махаббат жүректен жүрекке жетуі тиіс».
Оқушының жас ерекшеліктеріне сәйкес өзін-өзі тануға, дамытуға бағытталған жұмыстар мектепте ғана емес, отбасында да ата-аналардың көмегімен жалғасын тауып, өзара ықпалдастық бағытта жүргізіледі. Өзін-өзі тану пәні жеткіншекті жарық дүниеде өмір сүріп, адам екенін терең сезінуге, адамдарға қуаныш сыйлай білуге баулиды. Сол арқылы жанында жүрген аяулы адамдардың бар екенін ұғынуға көмектеседі, олардың сезіміне ие болу және оны ақтай білуге үйретеді. Борыш пен парызға адал болуға тәрбиелейді, артыңда өшпейтін ізгілікті із қалдыра білуге талпындырады. Бір сөзбен айтқанда, қабілетіңді, бойындағы дарынды, азаматтылығыңды дәлелдеуге итермелейді.
«Рухани мұраға сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды» демекші, заман ағымы талап етіп отырған ата-бабаларымыздан қалған әдеби мұраларымызды, халқымыздың өсиетін, өнегесін дәріптеп, дәстүрін таңғажайып тапқырлығын, олардан қалған ескірмейтін көнерген сөздерді, мақалдар мен мәтелдерді бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай, келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беретіндей ғасырлар қойнауынан сыр шерткен асыл мұраларымызды рухани-адамгершілік білім беруде тиімді қолдану – осы пәннің бастауы. Міне, осы пәннен тәлім беріп келе жатқаныма 12 жыл болды. Жеткен жетістіктеріміз көп, балалардың пәнге деген қызығушылығы да жылдан-жылға артып келеді. Осы пән аясында балалардың сөйлеу шеберлігі артып, өз ойларын ашық айтып, айтқандарын дәлелмен жеткізетін деңгейге жетті. Бұл біз үшін зор қуаныш. Сондықтан бұл пән – мотивация, бала үшін бөлек әлем дер едім.
Енді осындай жетістіктерге жеткенде, Білім министрлігі тарапынан «бұл пән қажет емес» дегені қаншама педагогтың жүрегін қынжылтты. Қаншама еңбегімізді еш етті, жеткен жетістіктеріміздің мәнін кетіріп, балалардың пәнге деген сеніміне нұқсан келтірді. Сіздерге айтарым, бұл пән баяғы заманнан келе жатқан білім ошағы, яғни «Валеология», «Әдеп», «Социология», «Адам және қоғам», «Этика және эстетика», «Шешендік сөздер» деген пәндердің жиынтығы десек те болады. Тек аты өзгерді, ал заты сол қалпы.
Білімнің артығы болмайды, әр білімнің сіңетіні бар, сіңбейтіні бар. Ал өзін-өзі тану пәні – жүрекке жете білетін, рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіре отырып адамзатқа тарататын нұрлы пән. Әсіресе бұл пән нағыз ХХІ ғасыр адамына керек. Адам баласының жүрегінің апаратын жол да өзін-өзі тануда жатыр. Сол үшін білім саласының басшыларынан бұл пәннің атауын өзгертіп, оқу бағдарламасына қазақтың салт-дәстүр қағидаларын, тыйым сөздер сынды дүниелерді енгізуін сұраймын. Жоғарыда айтқанымдай, болашаққа деген сенім ұялататын бұл пән тек балаларға ғана емес, ересектерге де жігер сыйлайды. Сол себепті өзін-өзі тану пәнінің өз үрдісімен өте бергені дұрыс.

Қарлығаш КЕНТАЕВА,
№47 орта мектептің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі.
Тараз қаласы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.