Қалалық қоғамдық-саяси газет

Референдум – ел болашағын айқындайтын қадам

0 722

Елдегі саяси және басқару жүйесіндегі реформаларға құқықтық негіз беретін референдумның маңызы зор. Бұл – Қазақстанның болашағын айқындайтын қадам. Сондықтан халық 5 маусымда елдегі өзгерістерге бір кісідей атсалысып, қолдау көрсетеді деген үміт мол. Сонда ғана Жолдауда жарияланған реформалар халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда беки түседі.

Жұртшылық осы арқылы еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам жасайды. Референдумның өтетін уақыты белгілі. Оны өткізу тәртібі қандай, ел азаматтары оған қалай қатыса алады? «AMANAT» партиясының облыстық филиалының М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жас сайлаушылармен өткізген кездесуінде осы және өзге де мәселелер жан-жақты түсіндірілді.
Жиынға Дулати университетінің басқарма төрағасы-ректор Талғат Ешенқұлов, «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Қасымхан Төлендиев қатысты.
– Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерде мемлекеттің басты капиталы – халқы, елдің, жердің иесі де солар екенін айқындайтын басымдықтар бар. Жалпы Ата Заңдағы 98 баптың 33-і өзгертілмек. Бұл елдегі саяси жүйені құқықтық тұрғыда жандандырады, – деді Қасымхан Естемесұлы.
Жалпы Жолдау аясында Қазақстанның жалпы жүйелік трансформациясына ықпал ететін және мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының жаңа парадигмасын айқындайтын саяси реформалардың 10 басым бағыты айқындалғаны белгілі. Конституцияға енгізілетін өзгерістер сол бағыттарды жүзеге асырудың заңдық негізі болмақ. Өйткені реформа саяси, құқықтық, партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принципін өзгертеді. Университет басшысы Талғат Ешенқұлов жастарға алдағы өзгерістерден нақты не күтуге болатынын түсіндірді.
– Өзгеріс өзімізге керек. Конституциямызға енгізілетін өзгерістерді бекіту үшін өтетін референдумның мәні мен маңызы осында. Елдегі реформаларға құқықтық негіз болатын өзгерістер халық талқысына салынып отыр. Ендеше, оны қолдап, дауыс беру – елге жүктелген жауапкершілік. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құжаты – Конституциясы.

– Ал ондағы жазылған әрбір сөз, әрбір тыныс белгісі маңызды рөл атқаратынын жастар түсінуі керек. Қазірден елдегі орын алып жатқан өзгерістерді дұрыс саралап, ой түйіп, немқұрайлылық танытпау қажет, – деп түйіндеді Талғат Ілиясұлы.
Конституциялық реформа – еліміздің дамудың жаңа жолын таңдағанының көрінісі. Тарихқа көз жүгіртсек, Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі – әлемде бар үрдіс. Алысқа бармай-ақ, көршілес елдерде мұндай саяси процестер жақын жылдарда болған. Сол себепті 27 жылдан кейін өткізілгелі отырған референдумға үрке қараудың еш жөні жоқ. Тиісінше, бұл қадам Конституциямызда айқындалған әр азаматтық конституциялық құқын растап, елдегі өзгерістерді өз таңдауына қалдырып отыр.
5 маусым күні өтетін референдум төңірегінде Дулати университеттерінің профессор-оқытушыларының пікірі жалпы осыған саяды. Оқу орнының бас ғимаратында өткен жиында оқытушылар елдегі орын алып жатқан өзгерістер туралы ойларын ортаға салды.
Референдумға қатысты, дауыс беру жүйесіне байланысты түсіндіру жұмыстары дәл осы күні бас ғимараттың мәжіліс залында өткен жалпы жиналыста да сөз болды.
Кездесуде 5 маусымда өтетін республикалық референдумға кәмелет жасына толған және белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алатыны айтылды. Жергілікті атқарушы органдар дауыс берушінің тұрғылықты жері мен тұрақты тіркелуі негізінде алдын ала тізім жасайтыны, 20 мамырдан бастап өз учаскеңізде аталған тізімдегі өзіңіз туралы деректерді тексеру мүмкіндігі берілетіні түсіндірілді.
Мәселен, егер сізде дерекке қатысты өзгерістер енгізу қажет болса немесе тізімде аты-жөніңіз болмаған жағдайда учаскелік референдум комиссиясына жүгіне аласыз.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.