Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылу желісін жаңғырту – кезек күттірмейтін жұмыс

0 332

«Қыс шанасын жаз сайлап» үйренген халқымыз кез келген жауапты маусымға ерте бастан дайындалғанды жөн көретіні белгілі. Сондықтан қала тұрғындары үшін аса маңызды кезең саналатын жылыту маусымына дайындық Таразда жылу беру тоқтасымен-ақ, сәуір айының аяғында басталып кеткен еді.

Аталған бағыттағы жұмыстар облыс орталығының тұрғындарына жылдың суық мезгілінде қолайсыздықтар туындамауы үшін қолға алынып жатқанын айтпасақ та түсінікті. Осы мақсатта шаһардағы бірқатар жылу магистральдарын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте аса жауапты жобаның сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы маңызды. Сондықтан бұл бағыттағы барлық істі Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков өзінің жеке бақылауына алған.
Осыған орай шаһар басшысы «М-1» жылу желісінің қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді. Қазір мұндағы жұмыстар қарқын алған.
2023 жылы қала әкімдігі «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жұмыс жобасын әзірлеп, жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын.
Жылу магистралінің жалпы ұзындығы 6 138 метрді құрайды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылдың 19 сәуірінен, полиция органдарымен жол жабу жұмыстары келісілген соң басталған болатын.
Бүгінде құрылыс алаңы 4 бөлікке бөлініп, барлық бөліктерінде құрылысшы топтар монтаждау жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 840 метр лоток пен жылу құбырлары қазылып алынды.
Жылу желісін жаңғырту бойынша жүргізілетін жұмыстарды 2024 жылдың 1 қазанына дейін толықтай аяқтау көзделуде.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.